Гауһар Әлімбекова қандай жағдайда бостандыққа шығады?

1933
Adyrna.kz Telegram

Танымал заңгер Орынбасар Тілепбергенов күні кеше елді дүрліктірген Гауһар Әлімбекованың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Заң өкілі әншінің қандай жағдайда бостандыққа шыға алатынын айтты деп хабарлайды 31 арна.

Әлеуметтік желідегілер Гауһар Әлімбековаға берген соттың жазасы тым ауыр деп есептейді.

Ал заңгер Орынбасар Тілепбергенов әншінің 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтады.

Заңгердің айтуынша, сот әншінің бұрын сотталмағаны мен қоғамдағы беделін ескерген."Аппеляцияға берген күннің өзінде Әлімбекованың құқықтық жағдайы өзгермейді. Өйткені, соттан біз өрескел қателік көріп тұрған жоқпыз. Ал екінші жағдайда жәбірленуші "келісімге келдім" деп, қайта талап - арыз беретін болса, онда жағдай өзгереді. Сол кезде Әлімбекованың босап шығуға мүмкіндігі бар", - дейді Орынбасар Тілепбергенов.

Сондай-ақ заңгер Гауһар Әлімбекова мен оның қорғаушысы медиация арқылы Бақыт Назаровамен бітімге келгенде, істің бұлай насырға шаппайтынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың "алаяқтық" үшін 6 жылға сотталғаны белгілі болды.

Ал танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.

Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын ашып айтып, әншінің де бұл істе құрбан екенін мәлім етті.

Сонымен қатар Гауһар Әлімбекованы сотқа берген құрбысы Бақыт Назарова іске қатысты пікір білдірді. 40 мың долларынан айырылған әйелдің айтуынша, ол құрбысының түрмеге тоғытылғанын қаламаған.

Пікірлер