"Нағыз тәрбие" - Шымкенттік оқушы анасы түскі асқа деп берген ақшаға макарон алып, Түркияға жөнелтті

2703
Adyrna.kz Telegram

Шымкенттік оқушы, "аузын ашса, жүрегі көрінетін" жеткіншек Павел анасының  түскі асқа деп берген тиын-тебеніне макарон сатып алып, Түркияда зардап шеккендерге жолдады. Кішкентай жүрегімен алыстағы бауырға адал қол созған оқушының әрекеті дүйім жұрттің көзіне жас үйірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Игілікті іс жолына түскен жеткіншектің айрықша оқиғасын  "Добряки Шымкента" еріктілер клубы хабарлады.

Клуб мүшелері қаптап-желімдей қораптарды есеп үшін видеоға түсіріп жатады. Кенет сары бала Павел кіріп келеді. Сөмкесінен макарондарды шығара бастайды.  Ол анасының түскі асқа деп берген ақшасына макарон сатып алып, Түркияға беріп жібергісі келгенін айтқан.

Жақсылық жасау жолында оқушы сабақтан кешігіп қалған. Бір өзі еріктілер клубы орналасқан ғимараты әлеуметтік желі арқылы тауып барған. Бұған қатысты еріктілер ұйымының өкілі:

"Мұндай алғаш рет болып тұр. Желімдейтін қораптарды видеоға түсіріп, топқа жібергім келген. Осы кезде ол кіріп келді, аты Павел екен, 4-мектептің 5 "з" сыныбында оқиды. Павелдің ата-анасы, мұны көріп отырсаңыздар, ұлдарыңызды мақтан тұтыңыздар. Ол түскі ас ішпей, көмектесіп, қайырымдылық жасағысы келді. Ол анасы түскі асқа деп берген ақшаға макарон сатып алған. Қойманың мекенжайын Инстаграмнан тапқан. Үйінен бізге дейін жаяу келіпті. Бірінші сабаққа кешігіп қалған. Оған мұғалімдері ұрыспайды деп үміттенеміз", - деп жазды.

Жақсылықпен көгеріп, мейірімге, адамгершілікке құштарлық танытқан жеткіншектің есімі көптің жадында жазылары анық. Баланың ата-анасына "асыл тәрбиенің жемісі", "нағыз тәрбие" деп алғыс жаудырып жатқандар көп. Әлемді мейірім құтқарады.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер