Индира Тұрсынбай «Balapan» телеарнасының директоры болып тағайындалды

3612
Adyrna.kz Telegram

Журналист, продюсер Индира Тұрсынбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Balapan» телеарнасының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан ұлттық телеарнасы хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«Қазір «Balapan» телеарнасының алдында тұрған негізгі міндет - балалар контентін өндірушілер арасындағы бәсекелестікте алда болу, анимация өндірісін кеңейту. Ол үшін ең алдымен өнімдер сапасын бұдан әрі арттыру мақсаты тұр. Бүгінде балалар контентін өндіретін түрлі отандық және әлемдік жаңа платформалар пайда болды, бәсекелестік мықты болғандықтан, телеөндірісте креативті идеяларды іске асыру маңызды. Бұл бағытта нарықтағы жаңашыл маман ретінде Индира Тұрсынбайдың тәжірибесі балалар арнасы үшін пайдалы болады деп сенеміз», - деді Корпорацияның Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Balapan телеарнасының бұрынғы басшысы Мақпал Жұмабай Индира Тұрсынбайға сәттілік тіледі. 

"Balapan әрқашан жүрегімде. Құдды бір балам секілді. Balapan-сыз өмір сүруді үйренудің өзі оңай болмағаны рас. Бұл ұяға бір рет кірсең, жаныңның жартысы осында қалады. Телеарнаның жаңа басшысы Индира Тұрсынбайға тек сәттілік тілеймін! Сенім артамыз, жаңалықтар күтеміз!", - деп жазды Мақпал Жұмабай. 

Естеріңізге сала кетейік, Индира Тұрсынбай 2003 жылдан бері «Qazaqstan», «Астана», «Евразия», «Almaty» телеарналарында жүргізуші, журналист, жаңалықтар тілшісі болып еңбек еткен. Соңғы жылдары жеке продакшн компанияларда басшылық қызметтер атқарды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер