Қадыр Әбілжанұлы белесі

21268
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің тарихындағы ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы қоғамдағы қайшылықтар мен қасіретке толы кезеңнің тарихын зерттеуде ерекше ауқымды үлес қосып келе жатқан ғалымдардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Әбілжанұлы Ахметов есімі айырықша орын алады.

Бүгінде жетпіске желкене көтерілген ағамыздың өмірі ғибратқа толы. Ол өзінің осынау салиқалы ғұмырында қаншама ғалым-шәкірттерді тәрбиелеп шығарып, ғылымның даңғыл жолын ашуға ықпал етті. Қадыр Әбілжанұлы тәрбиесін көріп, шапағатын алған шәкірттерінің өзі бүгінде әлемнің әр түпкірінде жемісті еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның болашағына сүбелі үлестерін қосуда.

1953 жылы 31 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын (бұрынғы Сергеев) ауданы, Социал ауылында дүниеге келген Қадыр Әбілжанұлы Ахметов өзінің еңбек жолын ауылдық мектепте мұғалім болудан бастаған еді.

1976 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ды бітірген соң ҚазКСР Жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары министрлігінің жолдамасымен Целиноград инженерлік-құрылыс институтында оқытушы, одан кейін ҚазМУ-дың аспирантурасын аяқтайды. Қадыр Әбілжанұлы университет қабырғасында, кейін аспирантурада оқып жүргенде елімізге белгілі ғалымдарынан, оның ішінде отандық тарих ғылымын зерттеуде өзіндік іздерін қалдырған  У.Шәлекенов, Н.Дауылбаев, Ә.Оразбаев, С.Жақыпбеков, В.Юдин,  М. Хұсайыновтардан дәріс алды. Ұстаздарының тағылымды дәрістері, тәжірибелік сабақтары мен ақыл-кеңестері оның тарихшы-ғалым мамандығын игеруде ерекше рөль атқарды. Бойындағы ғылымға деген бейімділігімен танылған жас тарихшы ҚазМУ-дің аспирантурасын1985 жылы аяқтап, профессорлар Әмір Қанапин, Самуил Львович Ковальскийлердің жетекшілігімен 1986 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ұстаздарының бойындағы зиялылық, ғылымға адалдық, адамгершілік қасиеттер Қадыр Әбілжанұлының педагог-ғалым болып қалыптасуына, ғылыми ізденістер бағыттарын айқындауда өз ықпалын тигізді.

Ол 1991-1996 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде доцент, 1996-2004 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы болып, жауапты қызметтер атқарады. Ал,2004 жылдың наурызынан бері Қадыр Әбілжанұлы Еуразия гуманитарлық институтының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметін атқарып келеді. Бүгінде ол осы институттың оқу үдерісінің барысын, оқу жүктемелерінің жоспарлануы мен орындалуын бақылауды жүзеге асыруда. Институттағы ғылыми-зерттеу қызметіне басшылық жасап, оқытушы-профессорлардың, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, оқу-әдістемелік конференцияларды, ғылыми іс-шараларды жоспарлап, олардың сәтті өтулеріне басшылық жасайды. Осындай жауапты қызметтерде болып өзінің өте қарапайымдылығымен танылып, әріптестерінің арасында беделі артты.

Қадыр Әбілжанұлының ғылыми қызығушылықтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы мәдениет және білімнің дамуы, ұлт зиялыларының тағдыры, оларды зерттеудегі теориялық-методологиялық негіздер мен ұстанымдар, ұлттық идея мен элитаның, тұлғатанудың өзекті мәселелерін зерттеуге арналды. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Отан тарихын зерделеп, концепциясын қалыптастыруда өзінің бүкіл өмірін арнаған Манаш Қозыбаев оның алғашқы ғылыми зерттеу жұмысының кеңесшісі болды.Өкініштісі сол, диссертациялық зерттеуді аяқтау кезеңінде академик М.Қозыбаев кенеттен қайтыс болып, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының «Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихы» бөлімінің меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Кеңес Нұрпейіс ғылыми кеңесші болып тағайындалды. Белгілі тарихшы-ғалым Кеңес Нұрпейіс ағаның басшылығымен 2003 жылы Қадыр Әбілжанұлы «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан мәдениеті («мәдени революцияның» концепциясы, идеологиясы жүзеге асырылуы)» атты тақырыптағы докторлық диссертациясын үлкен жетістікпен қорғап, 2006 жылы профессор атағын алды.

Қадыржан Әбілжанұлы осы ұлы ұстаздардың алдын көріп, олардың білімінің нәрімен сусындап, жақсы тәлім-тәжірибе алғанын асқан мақтанышпен еске алып: « ...мен өмірімде әрқашан жақсы ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым, олар маған білім, ғылым жолында көмек берді. Ғылыми кеңесшілерім болған академиктер Манаш Қозыбаев пен Кеңес Нұрпейіс әрқайсысы өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған нағыз ғалым, қоғам қайраткерлері еді. Олар жастарға қамқорлық жасады, ақыл-кеңестерін беріп, болашаққа жол сілтеді. Манаш және Кеңес ағайлармен өмірлерінің соңына дейін жақсы қатынаста болдым. Зиялы тұлғалар ретінде айтқан әңгімелері, қазақ тарихының келелі мәселелері туралы пікірлері жан-жақты,терең мазмұнды болатын. Кеңес Нұрпейісұлы жұмыстың бағыт-бағдарына байланысты өзінің ескертпелерін бере отырып, диссертацияны аяқтау кезеңінде ғылыми кеңесші болды. Ол Алаш зиялыларының қызметі, жалпы Алаш қозғалысы туралы алғашқы сүбелі монография жазған ғалым еді. Ғылыми ортада М.Қозыбаев пен К.Нұрпейістің беделі жоғары болды, ғалым-тарихшылар, зерттеушілер әрқашан олардың пікірімен санасатын» дейді.

Осындай ғылыми орта тәлімін көрген Қ.Әбілжанұлының зерттеушілік ізденістері мәдениет, білім мен ғылым, қазақ зиялыларының 1920-1930 жж. мәдени саладағы қызметінің тарихы мен тарихнамасының келелі мәселелеріне арналды. Оның қаламынан шыққан 100-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулер, монографиялық еңбектер мен ағартушылық бағытындағы оқу құралдары Отан тарихы саласындағы ғылыми ізденістер барысында теориялық және тәжірибелік тұрғыдан зерттеушілерге зор көмегін беруде.

Қ. Әбілжанұлы өзінің ғылыми еңбектерінде Алаш зиялыларының мұраларына ерекше мән беріп, идеологиялық тартыс кезеңіндегі ұлттық мәдениеттің негізгі ұстанымдарын сақтап қалуға тырысқан ұлт зиялыларының қызметіне ерекше назар аударады. Ұлт-азаттық қозғалыстардың көсемдерінің ерліктері, автордың ғылыми еңбектерінде тарих және тұлға, ғылым және тұлға деген айдармен арнайы зерттелуде.Оның еңбектеріндегі Қазақстан мәдениетінің қилы тағдырына қатысты негізгі тұжырымдары мен қорытындылары тәуелсіз еліміздің өткен дәуірдегі тарихын зерттеуге ықпалы болары сөзсіз.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Отандық тарих ғылымын қайта зерделеуге мүмкіндік туды. Ұлттық интеллигенцияға қатысты күрделі мәселелер қайта қаралып, тың деректер негізінде жаңа тұжырымдар жасалуда. Қадыр Әбілжанұлының әр жылдары жарық көрген ғылыми мақалалары топтастырылып, кеңес өкіметі тұсындағы саясаттың мәдениетке әсері, ұлттық болмысты қорғаудағы Алаш қайраткерлерінің мәдени саладағы қызметтеріндегі қым-қиғаш тартыстары, «идеялық күрес» жағдайындағы ұстанымдары, ұлттық құндылықтар, мемлекеттік мүдде т.б. мәселелерге назар аударылады. Ғалымның қандай да болса зерттеу еңбектері тарих ғылымындағы жаңа ізденістердің бағыттарына жол ашатыны анық.

Қаламы қарымды ғалым ағамыздың еңбегі жанып ҚР БҒМ-ның «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» медальдерімен марапатталды.

Бүгінде 70 жасқа толған Қадыр Әбілжанұлының өмірден тоқығаны мол, кең ойлап, қамқор қолын ұсынып жүретін ағамыз. Оның өзі таңдаған саланы дамытуға сіңірген белсенді қызметі, озық ойлайтын кемел қабілеті жұртты тәнті етпей қоймайды. Жастарға ұлағатты ұстаз, өнеге болып табылады. Ағамыздың бұл реттегі игілікті істерін әріптестері әрқашан да жоғары бағалайды.

Біз, Қадыр Әбілжанұлының жеткен жетістіктеріне тілеулес, тілектес бола отырып, жетпіс жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын деп, Сізге ұзақ өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!

Қанат Өскембаев,

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор

Пікірлер