Данияр Қасқарауов : «Сырттан осал спортшы шақырып, жігіттерге сабатып қою – намысымызға сын»

2686
Adyrna.kz Telegram

Биыл қазақ тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі – Орбұлақ шайқасының  375 жылдығы. «Алаш прайд» клубы кезекті  ММА  турнирін Талдықорған қаласында өткізіп, оған «Орбұлақ шайқасы» деген ат берді. Жарыстан кейін клубтың президенті Данияр Қасқарауов мырзамен әңгімелескен едік.

Жасұлан Наурызәлі: Данияр мырза, «Орбұлақ шайқасы» турнирі жылды қорытындылайтын  жарыс болғаны белгілі.   Ұйымдастыру кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма?

Данияр Қасқарауов:  Жалпы, биылғы жылы жеке және бірлескен жарыстарды қосқанда Шымкент, Алматы, Астана, Тараз, Қапшағай және Талдықоған қалаларында   алты турнир өткіздік. Мұны жақсы көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар деп есептеймін. Қорытынды жарысымыз қараша айында Алматыдағы «Алматы-Аренада» өтуі керек болған. Америкадан, Бразилиядан алдыратын спортшыларды шақырту қомақты қаражатты талап етті. Осылардың барлығына спонсорлар табу қиынға соқты.

Сөйтіп жүргенде қарашаға белгіленген турнирдің орындалуы созылып-созылып желтоқсанға келіп тірелді. Бірақ осы жоспармен жүріп жатқан кезде «Titan FC 51» турнирі болатынын естіп, Ардақ Назаров бауырымызға кедергі жасамайық деп, Талдықорғанда өткізуге шешім қабылдадық. Соған қарамастан ММА турниріне рейтингі жоғары спортшылар келіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді.

Жасұлан Наурызәлі: Енді жекпе-жектерге тоқталсақ. Басты бәсеке қазақстандық Ермек Тлауов пен ресейлік Әбдімүтәліп Қайырбеков (Абдумуталиб Гайырбеков) арасында өтті. Алғашқыда қазақ жігіті өзіне тым сенімді көрінгендей болып еді, рауынд өткен сайын қателесуге мәжбүр болған сияқты. Жеңілуіне түрткі болған басқа да себептер бар ма?

Данияр Қасқарауов: Ермек Тлауовтың қарсыласын жәйдан-жәй алып келген жоқпыз. Атағы мен рекордына назар аудардық. Дағыстанның Махачкаласындағы «Шторм» командасында жаттығады. ABC, FIGHT NIGНT, WLF турнирлерінің жеңімпазы. Әуесқойлар арасында  ММА-ден  Ресей және Әлем чемпионы. Ермек те осал жігіт емес.   Грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер, греплингтен ARLAN GRІP турнирінің жеңімпазы, 2014 жылғы FIGHT NIGHTN, АВС турнирлерінің жеңімпазы, ТЕСН КРЕЕР жеімпазы (Краснодар, 2015), Аlash praide & APRP турнирінің чемпионы. ММА турниріндегі 19 қарсыласының 15-ін жеңген.

Жасұлан Наурызәлі:  Демек, «Алаш прайд» клубы жекпе-жекке шығатын спортшылардың деңгейіне мән беретін болып тұр ғой?

Данияр Қасқарауов:  Иә, біздің клубтың басты артықшылығы осында деп білемін. Жарыстарды ұйымдастырып жүргенімізге 8 жыл болды. Сырттан осал спортшы шақырып, жігіттерге сабатып қою – намысымызға сын. Мұндай жағдай жанкүйерлерді былай қойғанда, өзімізді-өзіміз алдағанмен бірдей. «Орбұлақ шайқасы» осыған мысал бола алады. Жарысты қаншама адам көріп отыр, теледидардан да тамашалап отырғандар бар. Сондықтан жарыстың әділ өтуін қадағалап, шетелден де төрешілер шақырттық.

Ермек пен Әбдімүтәліптің жекпе-жегіне келер болсақ – Ермек тактикалық тұрғыда қателік жіберді. Сіз айтқандай өзіне тым сенімді болды. Уақыттың аздығы да жеңілуіне себепші болды. (барлық жекпе-жек 3 раундтан өтті)

Жасұлан Наурызәлі: «Обұлақ шайқасындағы» өзінің ерекшелігімен көзге түскен спортшы деп кімдерді атайсыз?

Данияр Қасқарауов: 66,2 кг Таксим Забитов шешенстандық қарсыласы Сайд-Селім Матаевты ұтты. Таксим биылғы жекпе-жектерінің барлығында жеңіске жетті.  Жеңіл салмақтағы (56,7 кг) Бақтияр Несіпбекті де айтуға болады. Ол негізінен екі аяқта жүріп (стойкада) төбелесудің шебері. Осы жолы Өзбекстандық Холдаровты партерде (еденде жатып) ауырту тәсілін жасап көзге түсті. Холдаровтың партерде мықтылығын білетінбіз. Оның алдын орап кеткеніне қарап, Бақтиярды болашағынан зор үміт күттіретін, алдына мақсат қоя білетін спортшы деп айта алам.

Жасұлан Наурызәлі: Кейде қуанышпен қатар «әттеген-айлар» да болып жатады. Осыларға тоқталып кетсеңіз...

Данияр Қасқарауов: Артём Резников, Жұман Жұмабеков, Денис Муцинек, Таксим Забитов, Ермек Тлауов. Осы аталған бес сақа спортшының (топовой бойцов) – үшеуі ұтылып қалды.  Жұман Жұмабеков Магомет Әбдірахимовтың тепкісіне қорғаныс қоямын деп қолын сындырып алды. Қолы сынғанын үшінші рауынтта ғана біліп, жекпе-жекті тоқтаттық. Денис Муцынек Құштарбек Әлібеұлын (Қырғызстан) бірінші раундта мойнынан қылғындырамын деп жүріп, күшін сарқып алды. Ермектің жайын жоғарыда айттық.

Жасұлан Наурызәлі:   Алда қандай жоспарлар бар?

Данияр Қасқарауов: Жарысыстарды көптеп өткізіп, Асу Әлімбаев, Бақтияр Несіпбек секілді талантты жігіттерді әлемдік аренаға шығару. Жуық арада Евгений Егембердиев Грозный қаласына АСА 91 турниріне барғалы жатыр.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Жасұлан Наурызәлі

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер