Үстіміздегі жылдың ақпан айында елордалық бір топ оқушы Ұлыбританиядағы «Челси» футбол командасының жаттығу алаңына барып, тәжірибе алмасу мәртебесіне ие болды. Бұл туралы «Білім-инновация» халықаралық қорының вице-президенті Нұрбол Төлебаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
«Бізде жыл сайынғы дәстүр бойынша «Білім-инновация» лицей оқушылары арасында футболдан республикалық турнир ұйымдастырылады. Оған өңірлердегі барлық лицейден 28-30 команда қатысады. Осы тұрғыда биылғы турнирді өткізу барысында өзгеріс енгізіп, жеңімпаз командаға сый жасауды ұйғардық. Яғни жарыста жүзден жүйрік шыққан командаға Англияға жолдама берілді. Биылғы футбол бәсекесінің жеңімпазы Астана қаласындағы ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің оқушылары атанды. Олар алдағы айдың 21-і мен 27-і аралығында әйгілі «Челси» футбол командасында болып, тәжірибе алмасады», -деді қор вице-президенті. Оның айтуынша, оқушылар Англияда футбол ойнаудың қыр-сырын игерумен қатар, белгілі футбол командасының тарихы және жетістіктерімен кеңінен таныса алады. «Оқушыларға осындай сый жасаудағы мақсат - оларды ынталандыру, жігерлендіру. Ел ертеңі болып табылатын жас буынға мүмкіндік беріп, жағдай жасау. Елбасы кешегі өткен жастар форумында «қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті» деді. Осы тұрғыда бүгіннен бастап жас буын бойына бәсекеге қабілеттілік дағдысын қалыптастырумыз керек», - деді Н. Төлебаев.