Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлымен болған кикілжің туралы бар шындықты айтты

3970
Adyrna.kz Telegram
Фото: jasqazaq.kz
Фото: jasqazaq.kz

Белгілі актер, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлымен болған кикілжің туралы жасырмай айтты. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Жасырғаным болса, “өзіңе де сол керек” дейтін едім, ал мұнда нақақтан жала жабылып, “не жаздым?” деп қапаландым. Қатты ауырдым, қиналдым, ауруханаға түстім. Дәрігерлер менің күйзелгенімді көріп, өздері терапиядан жүйке ауруын емдейтін бөлімге ауыстырды. Жындыханада 15 күндей жаттым. Мен емделіп жатқан кезде де тергеушілер келіп тергеді. Олар маған қысым көрсетті. Маған көп нәрсені мойындатпақ болды”, – дейді Халық әртісі.

Сондай-ақ, актер Мұхамедиұлының алаяқтық істерін де жасырмады.

“Мен – академияға келген білімгерлерді қабылдайтын бөлімнің жетекшісімін. Оқуға келген абитуриенттер саны көп. Бір орынға елу адамдай таласады. Сонда маған “грантқа ілінуі тиіс” деп 11 адамның тізімін берді. Мен мұнша баланы ала алмаймын, үлкен, сыйлы адамдар сұраған болар, ары кетсе, екі баланы алайын дедім. Сөйтіп түнделетіп емтиханымды аяқтап келе жатсам, “Сен неге менің айтқанымды орындамайсың?” деп хабарласып тұр. Мен жағдайды түсіндірдім. Уәде берген екі адамды алдым, тізімдегі балалар көңілімнен шықпады, ертең ұят болатынын айттым. Сөйтсем, мені тыңдамайды. “Мені сен құртамын, шығарып жіберемін. Сен кімсің сонша?” дейді ректор. Содан соң мен де: “Біріншіден, маған “сен” деп сөйлейсің.

Екіншіден, мен сенің басыбайлы құлыңмын ба? Мен Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов деген ағаңмын. Дікіңдемей сөз тыңдасайшы” десем, қоймайды. “Мен сенің орныңа басқа біреуді аламын” деді. Мен де эмоцияның адамымын. Телефонның арғы жағынан "Кетші бар на ..." дедім. Ертеңгі күні жағдайды түсіндірмек болып академияға бардым. Ректор әлі келмепті. Бір уақытта көліктен түсіп жатыр екен. Мен болған жағдай туралы түсінісейік деп ұсыныс айттым. Өзімді кіргізбей қойды. Бірге кіріп, кабинетіңде сөйлесейік дедім. Амандық-саулық жоқ, маған бір, аналарға бір қарады да: “Мынаны кіргізбеңдер” деді. Тағы шымкентше бір боқтадым да кетіп қалдым”, – дейді актер ағынан жарылып.

Актер мен Арыстанбек Мұхамедиұлы арасындағы текетірес осылайша басталған. Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, ол министр болған соң актер түсірмек болған фильмдерді тоқтатып, қаржы бөлмей қойған.

Пікірлер