Әскерде өзіне қол жұмсаған сарбаздың іш киімінен басқа адамдардың биоматериалдары табылды

4099
Adyrna.kz Telegram

Әскерде өзіне қол жұмсаған сарбаздың іш киімінен басқа адамдардың биоматериалдары табылды, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.

ZTB хабарлауынша, 2022 жылы 19-тамызда Жамбыл облысындағы шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген атыраулық 18 жастағы Бекбол Мираш өз-өзіне қол жұмсаған. Істің мән-жайын анықтау барысында, биологиялық сараптама нәтижесі жігіттің ауыз қуысы мен іш киімінен бірнеше адамның биоматериалдарының (шәует) ізі табылғанын анықтады. Бұл туралы марқұмның ісімен айналысып жүрген адвокат Сержан Пралиев айтты.

«Мен бұл мәлімдемені жасауға мәжбүрмін. Себебі тергеуде қысым бар және көп нәрсе ескерілмейді. Сондықтан бұл жағдайға қоғамның назарын аудартпасақ болмайды. Тиісті адамдар жігіттің өліміне нағыз кінәлілерді тексергісі келмейді. Бастапқыда Мираш қызымен ұрысып өзіне қол жұмсағанын алға тартты. Алайда бұл расталған жоқ, себебі оның сөз байласқан қызы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сұхбат беріп, онымен аралары дұрыс екенін айтты. Артынша бөлім командирінің күш көрсеткені мәлім болды»,- деді Пралиев.

Осылайша адвокат Мираштың өлімінде зорлық әрекеті сипатталғанын алға тартып отыр. Ал Тергеу ісі осы деректі назарға алмай, істі «лауазымын асыра пайдаланған» деген баппен жалғастырмақшы екен.

Айта кетейік, осыған дейін қайтыс болған жігіттің отбасы оның өлімінің ресми деректеріне сенбей, әділ тергеуді талап еткен болатын. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірге бұл іске қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер