«Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен интерактивті карта әзірленді

3257
Adyrna.kz Telegram

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Интерактивті картаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірледі.

Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Осы жұмыстың жүйелі іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан республикалық және өңірлік «Жер аманаты» комиссиялары құрылды.

Бүгінде пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 млн гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен қайтарылды.

Былтыр желтоқсанда партиялықтар әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсететін интерактивті карта әзірлеуді ұсынды.

Комиссияның «жедел желісіне» тұрғындар тарапынан 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның барлығы жергілікті әкімдіктермен және бейінді министрлікпен бірлесіп мұқият қаралды.

Барлық заң бұзу фактілері туралы 8 800 080 44 41 телефонына хабарлауға болады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабылданады. 

«Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр.

Пікірлер