Заманбек ағаға Ұйғыр ауданының атын берсе де артық болмас еді - Асқар Наймантаев

3798
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Заманбек ағаның туған күні дегенде, Президентіміз “КүшімізБірлікте”, “ЖаңаҚазақстан” - деп жатқан соң еске түсіп, ішімді бір босатып алайын деп шештім.

"Терісқақпай" театры ашыла сала "Асқар деген күллі Нарынқолдықты жинап алып, театр ашыпты!" - деген әңгіме гу ете қалды. Шындығында ол кездегі "Терісқақпайдағы" Нарынқолдық Ұлан екеуміз ғана едік. Қадырғали - Аягөз, Мұқаметжан - Кентаулық. Нарынқолда туып, Ақтөбеде (Шалқарда) өскен Дархан бізге кейін қосылған. Қойшы ашылдық қой не болса да. Заманбек аға қатты қуанды. "Осыларың дұрыс болды, өз алдыларыңа жеке болғандарың жақсы, сендерге бұрыннан көңіліп ауып, жақсы көріп жүр едім, қашанға басқаның жоғын түгендейсіңдер?! Құтты болсын, не көмек керек болса, айтып тұрыңдар" - деген еді. Содан бастап "Терісқақпайдың" сахнасы Мақпал жеңгемсіз, көрермен залы Заманбек ағасыз болмады. Республикаға да "Заманбектің қолдап отырған театры, інілері көрінеді" - деген қауесет тарап, гастрольге барған жерімізде проблема бола қоймайтын. Алматыдағы концерттердің кейде арендасына, кейде түсіріліміне ағамыз көмектесіп тұрды. Бұл бір.

Алтынбек Сәрсенбаев бауырым "Өзіңді бұрыннан білсем де, жерлес екенімізді енді біліп жатырмын, ризамын!" - деп алғаш танысқан күннен бауыр басып, сырлас болып кеттік. Сәрсенбай атамыздың 80-жасын бізге басқартты. "Тағы да сол "Терісқақпай" жанында жүрген, Алматыға келсе кеш демей, түн демей кездесуге баратын мен. КНБның суретіне де түстік Алтекең екеміз. "Әне, сен де іліктің олардың назарына" - деп күлді, бірге күлдік. Бұл екі.

Екеуінен де 30 жыл "сарабдал, көреген саясат" жүргізгендер амалын тауып құтылды. Олар кете салысымен "Терісқақпайдың" жолы кесілді. Гастрольдер болмай қалды. Бірде бір концерттеріміз экраннан көрсетілмей, алынып тасталды. Себебі экраннан залда отырған Заманбек, не Алтынбек жыл етіп көрініп қалады. "Терісқақпайды" таратқаннан басқа амал қалған жоқ. Әрқайсымыз өз бетімізбен жан бағуға кеттік. Ешкім жұмысқа қабылдамайды. "Қап, сен керек едің, дәл қазір орын болмай тұрғанын қарашы, күзде келші, бір амалын қарастырып көрейік" - деп, жылы сөйлеп шығарып салады. 

Қай есікті қақсаң да "Заманбек пен Алтынбектің жақыны, солардың адамы" - деген таңба алдымнан шыға берді, шыға берді. Одан кейін анау Арыстанбек Тұңғышбай ағамыздың артына шам алып түскенде Ұстазымды қорғап жазған жазбаларым Академиядан "сағат болмай тұр" - деген желеумен қуылуыма себеп болды. Кейбір облыстардағы гастрольдеріме де соның зияны тиді. Дәл бүгінгі дейін, былтыр көктемнен бері "Т. Жүргенов академиясының 0,25 (45 мың) ставкасын есептемегенде  қалай күн көргеніме бүкіл Қазақстан куә. "Қызық кәнсерт" - деп ат қойып, өзімді өзім асырадым. Анда-санда түскен сериал мен киноның, сценарийлер мен аудармалар, облыстық театрларға қойған спектакльдерім жанымды алып қалып жүрді. Әлі де сол қалпы. Ұлан да, Дархан да, Қадырғали да сол күйді кешті. Ұлан әйтеуір соңғы жылдары ғана тірнектеп жүріп өзін дәлелдеп, "Шабытқа" сабақ берді. Сосын Ғ.Мүсірепов театрына директордың орынбасары болды. Дарханды жұмысқа алды. Қадырғали екеуміз әлі де "свободный плаваниеде" жүрміз...

 Мен мына жаңа үкіметке де ел қатарлы күмәнмен, күдікпен қарасам да Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйтеуір "Үйімізде, төрімізде портретте тұрғанның" жан-жағын тазалап жатқанына көзім жетті. Мына үкімет менің басымнан сипамаса да қырын қарап, қудаланған кезім артта қалған шығарт ендігі деп үміттеніп отырмын.

 Не көрмедім... Айта берсең кеудеден итерген сәттер жетерлік, өзімді өзім сүйрелеп, мінез бен білгенімнің арқасында өлермендік күй кешіп келе жатырмын.

Жандарыңыз ашысын деген ойым жоқ, ащы запыранды ақтарғым келген... Ұзақ жазу болып кететін сияқты. Астарын өздерің ұғып аларсыңдар... 

"Өтірікшінің куәсі қасында" - дейді ғой, менің куәларым осы ФБда баршылық енді...

А, мына төмендегі Зәкең мен Алтекеңнің суреті ұрлық емес, "Терісқақпайдың" өз көрермені.

Заманбек ағаның аты қайта жаңғыратын күнге жеткен шығармыз енді…

Тіпті Ұйғыр ауданының атын берсе де артық болмас еді.

Асқар Наймантаев,
Фейсбук парақшасынан

Пікірлер