Кері байланыс
+7 707 676 6977
adyrnaportal@gmail.com

Анвара Садықова қазақ неохореографиясы туралы: Дәстүрге жаңаша реңк беремін

3279
Adyrna.kz Telegram

Анвара Садықова - қазақтың халықтық биін классикалық әрі заманауи хореографиямен үйлестіре дамытушы педагог, зерттеуші. Оның жаңаша композициялары "қазақтың неохореографиясы" деген атаумен танылған.

Анвара Садықова алғаш рет 9 жасында Балқаштағы “Ветерок” би ансамбліне бүлдіршіндер таңдалып жатқанын көріп, анасына қатысып көргісі келетінін айтады. Хореографиядағы үлкен жолы осылай басталды.

– Анам менің биге қатысатынымды естігенде оған онша мән берген жоқ. 1-2 күн барады да, қояды ғой деп ойласа керек. Себебі мен ол кезде гимназияда оқып, музыка мектебінің скрипка сыныбында сабақ алып жүрдім. 2-3 күннен кейін ұстаздарым анамды шақырып, мені Алматыға жіберуді ұсынды. Ұстаздарымның айтқанына құлақ асып, 1992 жылы анам екеуіміз Алматыға келдік. “Ветерок” би ансамблі туралы сөз болғанда сол балалық шағым мен алғаш биге барған кезімді ерекше әсермен еске аламын. Иван және Людмила Струсинскийлер – Балқашта “Ветерок” ансамблін құрып, талай жасөспірімнің қабілетін көріп, бұлақ көзін ашқан хореограф-педагогтар. Олар қабілетімді байқап, Александр Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне жіберді. Өмірімде алдымнан жақсы адамдар көп кездеседі, бұл жағынан жолым болады. Училищеге тапсырғанда менің сол жерде оқуым үшін басшылық анамды жұмысқа қабылдады. Менің хореографиялық білім алуыма, анамның қасымда болуына жағдай жасады. Бұл – ешқашан ұмытылмайтын нәрсе. Училищеде маған Қуаныш Жақыпова, Людмила Ли, Раиса Көрпешева, Светлана Наурызбаева, Сара Көшербаева, Александр Медведев, Бақыт Сүлеева, Алила Әлишева, Ғайникамал Бейсенова, Ольга Шубладзе, Жанат Байдаралин, Гүлнара Саитова, Тойған Iзiм сияқты кәсіби ұстаздар сабақ берді.

Педагог 2000 жылы училищені үздік бағамен аяқтап, еңбек жолын Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында артист болып бастаған. Кейін денсаулығына байланысты педагогтық қызметке ауысты. “Педагог-хореограф болуым маған бейтаныс, жаңа жолдарды ашты”, – дейді өнер иесі.

– 2000 жылы училищені менімен бірге бітірген түлектер Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының ең алғашқы балет труппасының артистері болып жұмысқа кірді. Мен Алматыда қалдым. Абай атындағы опера және балет театрында тек бір жыл жұмыс істей алдым. Балет өнерімен айналысу үшін мықты физикалық денсаулық керек. Денсаулық жағынан маған балет артисі болу қиынға соқты. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында педагог-хореограф мамандығы бойынша оқып жүргенімде өзім бітірген училищедегі ұстаздарым мені педагог ретінде жұмысқа шақырды. Училищеде алғашында тарихи-тұрмыстық биден, бір жылдан кейін классикалық биден сабақ бердім. Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғайникамал Бейсенова – қазақ биінен 40 жылдан астам уақыт сабақ берген ұстаз. Сол кісі бір күні маған қазақ биінен дәріс беруді ұсынды. Мен келістім де, бірте-бірте ұлттық биіміздің ішкі сырына үңіле бастадым.

Педагог биді әр баланың жеке қабілетіне, болмысына сай етіп қоятынын айтты. “Шәкірттерімнің халықаралық байқауларда жеңіп алған әр жүлдесі бидің өздеріне арнап қойылғанының арқасы шығар деп ойлаймын”, – дейді ол.

– Оқушыларымның әдемі келбеті, мінезі, биге икемі, ішкі сезімі қандай қимылды деңгейіне жекізіп көрсете алады? Әр қойылымға дайындық барысында осы сұрақ бойынша жұмыс істеймін. Өнер адамдары өз туындыларын туған баласындай көреді ғой. Сол сияқты біз қоятын әр қойылым ерекше толғаныспен дүниеге келеді. Бір би қойылымын дайындау үшін педагогқа терең білім, интеллект, ерекше талғам, өзгеше көзқарас, шабыттандыратын музыка керек. Қазақ музыкасының тереңдігі мен алдымда тұрған баланың талабы мені шабыттандырады.

Анвара Садықова өз қойылымдарының стиліне қарай оған “қазақ неохореографиясы” деген атау беріп отыр. Бұл стиль ұлттық хореографияның тарихи дәстүрді жетелей отырып, жаңа дәуір тынысынан қалыспауын меңзейді.  

– Өмірім өзім ойламаған, бірақ істеп жүрген нәрселерден тұрады. Мен қазақ биінің пластикасын, әдемілігін сақтай отырып оған классикалық әрі заманауи би қимылдарын қосып, ұлттық биімізді басқа қырынан көрсетемін. Жаңадан бірнәрсе ойлап тапқан жоқпын, тек бар нәрсені жаңаша түрде шығаруға тырысамын. Дәстүрге жаңаша реңк беремін. Алғашында композицияларымды әріптестерім, ұстаздарым жақсы қабылдады. “Билеріңнің стилі қандай?” – деп сұрап жүрді. Сонда кинодраматург Салтанат Дүнгенбаева деген құрбыма “Менің композицияларымды қандай би? деп сұрап жатыр”, – дедім. Екеуіміз ұзақ зерттей, ойлана келе әуелі оны “Неоқазақ хореографиясы” деп атадық. Қазір бұл терминді жас ғалым әрі хореограф Дамир Уразымбетовпен теориялық тұрғыдан түсіндіруге тырысып жүрміз.

Нео – бұл жаңаша түр. Бірнәрсені жаңадан ойлап табу, шығару емес, өз заманыңның тынысымен жеткізу.

– “Неоқазақ хореографиясы” дегенді естіп, көбі “Сонда бұл “жаңа қазақ” биі ме?” – деп шатасып, дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сондықтан біз қайта қарастыра келе “Қазақ неохореографиясы” деп атағанымыз дұрыс шығар деген ойға келдік. Осы терминге нақты тоқтадық деп айта алмаймын. Біз әлі зерттей береміз, тереңіне жеткен жоқпыз. Бұл синтез көрерменге қазақ халқының, салт-дәстүрінің терең мағынасын жеткізуге мүмкіндік береді. ХХІ ғасырдың адамы болғандықтан әлем қайда талпыныс жасап жатқанын қаласам да, қаламасам да көремін, қабылдаймын. Сонымен бірге мен шәкірттерімнің, еліміздегі жастардың ұлттық биге қызыққанын қалаймын. Сондықтан олармен қазіргі заманғы, оларға түсінікті тілмен сөйлескім келеді. Қазақ неохореографиясын үйретіп, әр қимылдың мағынасын түсіндіргенде шәкірттерім қызыға түседі. “Солай ма, тарихта осындай жағдайлар болды ма? Біздің мағынасы терең, жан-жақты дәстүріміз бар екен ғой?” – деп таңданып жатады. Олардың қызыққанын көріп, ерекше бақытты болып кетемін, шәкірттерімнің көзі ашылып жатқанына қуанамын.

Өнер академиясын бітірген соң магистратурада, аспирантурада оқыдым. Сонда Людмила Жуйкова есімді ғылыми жетекшім менің қазақ дәстүрі мен мәдениетіне бет бұруыма көмектесті. Биыл Қырғызстанда кандидаттық диссертациямды қорғамақпын. Оқу барысында күнделікті кәсіби ісіңді ғылыми жағынан зерттеп, тереңірек қарастырасың. Сонда саған өзің білмеген құпиялар ашылады.

Бүгінде Анвара Садықованың би қойылымдары А.В.Селезнев атындағы хореография училищесі, Болат Аюхановтың академиялық би театры, Т.Жүргенов  атындағы өнер академиясы мен Қазақ ұлттық хореография академиясының репертуарында көпшілікке ұсынылып жүр. “Астана мюзикл” мемлекеттік театры мен М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына “Қыз Жібек” қойылымының хореографиялық сахналарын дайындаған. Хореографтың айтуынша, енді ол өз күшін “Астана Балет” театрында сынап көрмек. 

– Мен қазіргі заман композиторларының әуеніне ғана би қоймаймын. Бір кездері “Тұран” этно-фольклорлық ансамблімен жұмыс істей бастадым. Сонда байқағаным – ұлттық аспапта ойналатын әуенмен қазақ неохореографиясының арасында диссонанс жоқ, керісінше, үндестік бар. Егер мен қазақ биіне оған тән емес қимыл қоссам, қазақ неохореографиясы ұлттық музыкамен үндестікте болмас еді. Мұны өзім ғана байқамаймын, ұстаздарым, әріптестерім, қазақ және шетел көрермені байқап, бағасын беріп жүр. Қазақтың жаңаша хореографиясымен қойылған ең алғашқы би “Дала әуені” деп аталады. Ол 2009 жыл болатын. 10 жыл ішінде 30-дан аса хореографиялық композиция және бір балет койылды. Бұл композициялар Қазақстанда және АҚШ, Германия, Австрия, Италия, Франция, Жапония, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Қытай, Таиланд, Латвия, Әзірбайжан, Башқұртстан, Қырғызстан және тағы басқа елдерде байкаулар мен фестивальдерде, гастрольдерде қойылып жүр.

Анвара Садықова 2017 жылдан бастап Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында жұмыс істейді. Сонымен бірге Қазақстанда әрі шетелде қазақ биінен шеберлік сыныптарын өткізеді. Жанна Исабаеваның “Қазақ балет өнері” деректі фильмінің  сценарийін кинодраматург Салтанат Дүнгенбаевамен бірге жазған, әрі бас кеңесшісі болған. “Қазақ биі” деректі фильмін Ғазиз Насыровпен бірлесе режиссер және сценарий авторы ретінде дайындады.

– “Қазақ биі” деректі фильмі ХIV Шәкен Айманов кинофестивалінде “Құлагер” ұлттық жүлдесін жеңіп алғанда қатты қуандым. Қазылар фильмді жүлдеге лайық көргеніне емес, жалпы қазақ биі деген тақырыпқа мойын бұрғанына қуандым. Ұлттық би насихатталуы керек, қазақ биінің дамуына үлес қосқан хореографтар, қазақ биін оқу бағдарламасына енгізіп, әдістемелік оқулықтар жазған адамдар туралы фильмдер, бағдарламалар түсірілуі керек, көрсетілуі керек. Қазақтың биі насихатталуы үшін осы өнерді зерттейтін ғалымдар, насихаттаушылар көбеюі керек. Бүгінде қазақ ұлттық хореография академиясы мұндай мамандарды дайындап жатыр. Академияда қазақ биінің дамуы мен насихатталуына керемет мүмкіндік жасалған: қазақ биінің лабораториясы ашылып, онда би өнерінің шеберлері Айгүл Тати, Тойған Ізім, Айгүл Күлбекова және басқалары жұмыс істейді. Қазір қазақ биі сабағының бөлімдерін, бағдарламаларын, терминдерін жүйелеу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлттық хореографиялық өнердің жетекші қайраткерлерінің арқасында  қазіргі буынның өздерінің білімін арттыруға мүмкіндігі бар. Бұл тамаша емес пе?

Балет залындағы процесс, жұмыс толық қайтарымды талап етеді, сондықтан бойымдағы өнердің бәрін шығаруға тырысамын. Көрерменге айтар сөзімді, ойымды, сезімімді шәкірттер, артистер, қойылымдар арқылы жеткізгім келеді.

Еңлік Сақтан,

Baribar.kz

Пікірлер