"Аспан асты елінде Қазақ атын асқақтатқан алтын қыз!": Бибісара ақыл аламанында топ жарды

4229
Adyrna.kz Telegram

18 жасар ақыл аламанының майталманы, зерек де зерделі Бибісара Асаубаева шахматтан әлем саммитінде тағы топ жарды. Зияты жоғары қазақтың зерделі қызы Қытайдың Сиан шаһарында өткен "Бір белбеу және бір жол 2023" турнирінде екінші орын алып, күміс жүлде қанжығалады, деп хабарлады "Адырна" ұлттық порталы. 

Бибісара Асаубаева ұрпай жағынан әзірбайжандық қарсыласымен тең түсіп, тек ұсақ-түйек қосымша көрсеткіштерде үзеңгілес ойыншыға жол беріп қойды. Дегенмен оның жинаған ұпайы қайткенде жоғары, яғни 8,5 ұпай.

"Демалыс күндері Қытай турнирінде ой жарыстырып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетіп үлгердім. Қарсыласыма есе жібере қоймадым. Өкінішке қарай, тай-брейк талапта жоқ болып шықты. Жеңіс санына қарай санамалағанда менен қарсыласым сәл басым түсті. Еншімде - екінші орын. Қайткенде келесіде жеңген партияларды аяғына жеткізуім керек, - деп түсіндірді Асаубаева турнир жайын өзінің "Instagram хикаясында".

Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылдың соңына қарай Алматыда өткен әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева блиц бағытында екінші алтын медалін жеңіп алған еді.  Талаптысы оза шапса, тақымын қызып отыратын Қазақ еліне Бибісара алғысын жаудырып, жеңісімен көпшілікті қуантты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер