Құқық қорғаушылар Алматыда 4 жасар қызды ұстаған полицейлерді жауапқа тартуды талап етуде

11525
Adyrna.kz Telegram
Фото: bureau.kz
Фото: bureau.kz

Қазақстанның "Балалардың құқығын қорғау" қоғамдық ұйымының мүшелері Алматыда қоғам белсендісі Абзал Достияровты кішкентай қызымен бірге дөрекі түрде ұстаған полицейлердің әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Полицейлер кішкентай қызды әкесімен бірге дөрекі түрде ұстап, анасы келгенше, полиция учаскесінде қамауда отырған. Бұл жөнінде желіде видео да тарады. Баланың анасы Дана Сарсенбаева полицейлердің үстінен шағым түсірді. Үрейленген бүлдіршінді анасына қайтарғанда да дөрекілік танытып, әкесін полиция учаскесінде қалдырған.

"5 қаңтар күні таңертең тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі Абзал Достияров, әдеттегідей, таңғы сағат 8-де, 4 жасар қызымен бірге, оны бала бақшаға апарып тастау үшін, үйден шығады. Аулада, оны ұстау мақсатымен, оған бірнеше полиция қызметкері жабыла кетеді. Мұның бәрі бейне бақылаушы камераларға түсіп қалған. Сондықтан да, шындығына еш күмән туғызбайды. Біз де, басқа жүздеген қазақстандықтар да ол бейне жазбаны көріп шықтық. Анасының сөзіне қарағанда, қыздың әкесі қызын үйге апарып тастауға полицейлерді көндірмекші болған. Алайда, олар оны тыңдамай, қызымен бірге күштеп, полиция бөліміне жеткізген", - дейді құқық қорғаушылар.

Полиция көлігінің ішінде үрейі ұшқан қыз бала өзін бала бақшаға апарып тастауларын өтінеді. Бірақ, полицейлер бүлдіршін мен оның әкесінің өтінішін елемей қойған. 4 жасар қыз бала Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде, анасы алып кеткенше, екі сағаттай уақыт отырған.

"Тіпті қыз баланың әкесі бір нәрсе бүлдірсе де, мысалы, санкция берілмеген митингке шықса да, бала оның істегені үшін жауап бермейді, беруі де мүмкін емес. Құқық қорғаушы орган қызметкерлері бала құқын дөрекі бұзды", - делінген мәлімдемеде.

Бұл жөнінде құқық қорғаушылар 1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ының бала құқы жөніндегі Конвенциясын бекіткенін, 3-баптың 1-тармағы туралы айта кетеді.

"Балаға қатысты қандай да іс-әрекет барысында, оны  әлеуметтік қамтамасыз етумен айналысатын, сот, әкімшілік әлде заң шығарушы орган сынды мемлекеттік немесе жеке мекеме болсын,  ең бірінші назарда бала мүддесін барынша дұрыс қамтамасыз ету мәселесі тұрады" деп жазылғанын атап өтеді.

Алайда полицейлер заңға қарсы шыққан.

"Яғни, полицейлер,  өз іс-әрекеті арқылы, Қазақстанның  бала құқына қатысты халықаралық міндеттемесін бұзды. Қазақстанның "Бала құқын қорғау жөніндегі" Мемлекеттік емес ұйымы Жұмыс Тобы құзырлы органдардың осы іске араласып, баланың құқын бұлайша дөрекі бұзғандарды жазалауды өтінеді", - дейді құқық қорғаушылар.

Пікірлер