Оқу-ағарту министрі: Жас ұрпақтың болашағы үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын!

3165
Adyrna.kz Telegram

Жаңадан тағайындалған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев желіде жазба жариялап, ел мүддесі үшін аянбай қызмет етуге даяр екенін жеткізді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Құрметті достар, әріптестер! Мемлекет басшысының Жарлығымен Оқу-ағарту министрі болып тағайындалдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жоғары сенімі үшін ризашылығымды білдіре отырып, білім саласының дамуы мен жас ұрпақтың болашағы және ел мүддесі үшін қызмет етуде бар күш-жігерімді жұмсауға дайын екенімді білдіремін. Кеше Мемлекет басшысы қабылдауында болып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, ұлттық жобаларды тиімді әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына қатысты тапсырмалар алдым. Сонымен бірге тиісті мәселелерді уақытылы шешуге жеткілікті ден қою қажеттігін тапсырды. Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ инклюзивті білім мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты маңызды саланың салмақты жүгі артылып отыр. Әрине, Президент тапсырмасына сәйкес сала жұмысын сапалы дамытуға қатысты бұған дейін де атқарылған істер аз емес. Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке бірге атқарған жұмыс үшін алғыс айта отырып, сабақтастық жалғасын табатынын атап өткім келеді. Өз қызметімде ашықтық қағидаты негізінде тәрбиешілердің, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналар қауымының, ұстаздардың пікірлері мен ұсыныстарына, журналистер, кәсіби сарапшылармен білім саласын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдап, кәсіби талқылау жүргізу үшін ашық диалог өткізуге дайынмын. Еліміздегі әр баланы сапалы біліммен қамтып, оның іскер, құқықтық сауаттылығы жоғары азамат болып қалыптасудағы қабілеті мен қарымын ашуға қажетті жағдай жасауда бір боламыз деп үміттенемін", - деп жазды Ғани Бейсембаев.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер