"Қаңтар оқиғасы Назарбаев жүйесіне дәу нүкте қойды" - журналист Асылхан Мамашұлы

3982
Adyrna.kz Telegram
Бір жыл бұрын елде Алашты ғана емес, әлемді дүрліктірген "Қаңтар оқиғасы" болды. Қазақ халқының қазынасын екі асап, бір жеуге дәніккендерге қарсы халық жаппай көтерілді. Елдегі газ бағасының қымбаттануы, әлеуметтік қайшылықтар, өмір сапасының нашарлауы, кланаралық тартыстар сынды белгілер халықтың соқтасын суытып, жалпы жұртты ашындырды. "Адырна" ұлттық порталы болған оқиғаға қатысты сараптамашы журналист, белгісі қоғам белсендісі Асылхан Маманұлының талдауын ұсынады. 
Журналист Асылхан Мамашұлы "Қаңтар оқиғасының" тарихи маңызы мен саяси салмағына үңіле келе төендегідей қорытындыға келген.
- Жолдастар, қаңтар көтерілісі нәтижесіз аяқталды демеңіздер, осы көтеріліс әлі де ондаған жылға жалғасуы мүмкін Назарбаев жүйесіне дәу нүкте қойды. Нұрпартиясы мен басқа нөкерлері қала ма, жоқ па бәрібір, енді саяси риторика басқа болады. Біз Назарбаев дәуірінен кейінгі кезеңге көштік. Екі президенттің ел билігін ойыншыққа айналдырғаны, билік транзитін жасағансып, спектакль қойғаны – жүздеген шаңырақтың трагедиясымен аяқталды. Трагедия сұраусыз кетпейді.
Қазақстанда қос билік барын, де факто Назарбаев ықпалы басым болғанын бұлар қаңтар көтерілісінен кейін ғана мойындады. Қаңтар көтерілісі Назарбаевтың отыз жыл бойы қулық-сұмдықпен жинаған супер президенттік билігін Тоқаевқа бір күнде әперді. Сол үшін ол рақмет айтуы керек еді. Тоқаев нұрпартия сиезінде Назарбаев еңбегіне жоғары баға берді, жетістіктерін көбірек айтайық деді. Осы сөзімен Назарбаевты тарихқа жіберді және баға беру кезеңіне жол ашты.
Асылхан Мамашұлының бірқатар болжамдарының шындыққа ұласқанына көз жеткізу қиын емес. Автор "Астана" атауының қайта оралатынын да айтқан еді. 2022 жылы 17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен Астана атауы қайтарылды. Елдегі саяси оқиғаның алдағы уақытта қандай бағытта өрбейтіндігіне қатысты:
- Мұнан былай саяси қызметкерлер де Назарбаевтың еңбегі мен қателігін қатар айтатын болады. Бірақ ол ұзаққа созылмайды. Қайсысы басым екені мәлім. Нұр–Сұлтан қаласы, жүздеген Назарбаев ескерткіші мен көшелері тұрғанда Тоқаев айта бастаған "түбегейлі саяси өзгеріс" болмайды. Демек, Астана атауы қайтар күн алыс емес. Оны Тоқаев өзгерте ме, Боқаев өзгерте ме, көп қалған жоқ.
Кешегі жиында Тоқаевтың "Өткенді жоққа шығаратын, ел басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы бұлыңғыр" деген сөзін көңілге алмаңыздар. "Бірер жылдан соң мен де кетем, тиіспеңдерші" дегені. Бірақ қазақ халқының ешкімге гарантия бермейтіні, реті келгенде әрекетіне қарай бағалайтыны түсінікті болды емес пе? - деп жазды журналист.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер