Алаш арыстарының жалғасындай жарқын тұлға еді

1017
Adyrna.kz Telegram

Нағыз ұлт қайраткері, Алаштың абызы, қазақтың зиялы ғалымы кім десе, қуана көрсететіндей көрнекті тұлғамыз Амангелді Айталы ағамыз да бақи дүниеге аттанып кетіпті… Алла алдынан жарылқап, панасына алсын деп тілейміз.

Амангелді ағамыз екеуміздің жақын танысып, араласып кетуіміз - ұлт мүддесін қорғауға байланысты елде үлкен шу болған оқиғаға орай өрбіді. Бұл туралы Амангелді ағаның өзі 2012 жылы біз ердің жасы - елуге толғанымызда, Абайкз порталы жариялаған “Қазақ десе, қаны қызатын Қазыбек” деген мақаласында әдемілеп айтып берген еді. Өзім қазір парламентте отырғасын, әрі бұл оқиға парламентте болғасын, мен Амангелді ағамыздың бүгін де өзектілігін жоймаған еліміздің депутаттары туралы ойларын көп қысқартпай келтірсем деймін.

“Қазақстан республикасы Парламенті Мәжілісі ұлты қазақ депутаттарының орыстілдігі, орысқолдығы ұлттық нигилизмнің ерекше көрінісі, оған қазақ халқының наразылығы да белгілі. Неге екені түсініксіз, сол депутаттарды сайлаған халқының өзі. Бүгін де сол кесел жалғасып келеді, бірақ депутаттарды енді халық емес, партия көсемдері тізімінен таңдап алады, олар әлі де орыстілділерге аса зор артықшылық береді.

2004 жылы Мәжілісте «Сайлау заңы» талқыланып жатқан кезде заң жобасына «ұлты қазақ депутаттыққа кандидаттар президент сияқты мемлекеттік тілді меңгергені туралы сынақтан өтсін» деген ұсыныс енгіздім. Енгізуге ешкім қарсы болған жоқ, бірақ Мәжілістің жалпы отырысында дауысқа салғанда депуттардың басым көпшілігі әсіресе, қазақтар қарсы шығып, ұсынысты қабылдатпады. Сол бойда инженерлік орталықтан кімнің қарсы, кімнің қолдағаны туралы ақпаратты алдым. Ол қазақтығымызға тест, рентген сәулесімен көкіректегі жасырын сырды ашқандай болды. Шынымды айтсам, мен кімнің қалай дауыс бергені туралы деректерді өзім үшін сұраттым, жариялауға әлі шешім қабылдаған жоқпын. Осы тұста маған бұрын жақын танып білмейтін «Жас қазақ үні» атты газеттің (қазіргі “Қазақ үні”) бас редакторы Қазыбек Иса хабарласты. Байқаймын, ұлт десе қаны қызып кететін жігіт екен. Мен қинала-қинала, бір жағынан, депутат әріптестерімді аяп, екінші жағынан, ұлтымыз үшін халық қолдаған депутаттардың ішкі сырын жасырмайын деген екіұдай оймен жүргенде, Қазыбек інім дауыс беру қорытындысын, қолдағандар мен қарсыластардың тізімін «Жас қазақ үні» газетінде жарқ еткізіп, жариялап жіберді. Сөйтіп, бүкіл елге кімнің кім екенін, барлық депутаттардың жамылғы бет перделерін ашып, әшкерелеп берді. Басқа газеттер «Жас қазақ үнінен» көшіріп басып, ел түгел депутаттардың ұлттық ұстанымдарынан хабардар болды. Маған, «Жас қазақ үні» газеті мен «Ана тілінен» жастардан, әсіресе, студенттерден ашуға толы, депутаттарға ызаланған көптеген хаттар келіп түсті. Егер Қазыбек Исаның жақсы мағынасындағы елді дүр сілкіндірген ұлтшылдығы болмаса, мүмкін бұл ақпарат Парламент құпиясы болып қалар ма еді?

Осылай «Қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқысырап кеткен депутаттарды шошындырып қана қоймай, жалпы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлтымыздың, тілінің әлсіздігін, қазақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айнасы болды.

Айта кетейін, осыдан кейін елде, әсіресе депутаттар арасында «Жас қазақ үні» газетіне ықылас айтарлықтай өсті. Менің сол кездегі әріптестерім ол газеттен сескенетін болды, ал парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-кесілді тыйым салынды.

Қазақ тіліне қарсылардың біразы ұялудың орнына маған шабуылға шықты, сол кезде Казыбек қолдарына түссе, кім білсін, аямас еді…Осылай Қазыбек Иса 2004 жылы Парламентті әшкерелеп, елді бір сілкіндіріп тастады. Қазыбектің осы сынынан кейін, қоғам қазақ депутаттарының қазақ тілін меңгергеніне аса назар аударатын болды. Кейіннен, мен «Ақ жол» партиясына келгеннен соң, Қазыбекпен жиі араласып, оның саяси публицистикалық мақалаларын зор ынтамен оқитын болдым. Ұлт, тіл мәселелеріне келгенде Қазыбек шайқасқа шыққан батырлардай аянбайды.”- деп, кеңінен көсіле жазды.

Иә, Амангелді аға айтқандай, осыдан 18 жыл бұрын 2004 жылы 8 ақпанда Қазақ Парламенті Қазақ Тіліне қарсы дауыс берді! Сол кезде мен "Жас Қазақ үні" (қазіргі "Қазақ үні) газетіне “Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылсын!" деген мақала жазып, Қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттар тізімін жариялап жіберуіміз қоғамда сең қозғаған сенсациялық оқиға болып, халық дүр сілкінді! Елдің бас газеті "Егеменде" әйгілі Шерхан Мұртазаның өзі "ӨЗ ЕЛІНДЕГІ ӨГЕЙ ТІЛ" атты мақала жазып, "Кімнің Кім екенін, кімнің Қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін "Жас қазақ үні" газетінен оқып білесіңдер" - деп, күркіреген зор дауысымен жар салды!

Ал қаламгерлер басылымы "Қазақ әдебиеті" газеті: "Жас Қазақ үні" бір ғана мақаласымен-ақ қалғып жатқан қалың жұртты оятты!"-деп жазды.
Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржеке “Егемен” газетіне: “Кеше “”Жас Қазақ үні” газетінен “Ауыл” партиясының төрағасы Ғани Қалиевтың парламентте қазақ тіліне қарсы дауыс бергенін көріп, мен мұндай партия мүшесі бола алмайтынымды мәлімдеп, партиялық билетімді тапсырып кеттім” деп жазды.

Жазушылар Одағына жиналған бүкіл зиялы қауым Сенат пен Мәжіліске Қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттарды мандатынан айыруды талап етіп Ашық хат жазды.
"Қазақ үні" жариялаған "Қара тізімді" барлық басылымдар (ол кезде сайттар жоқ өкінішке орай) көшіріп басып жатты!

Дәл сол кезде Қырғыздағы елшілік қызметі аяқталған әлемге әйгілі ақиық ақын Мұхтар Шаханов елге келіп жатқан еді. Ол “Мемлекеттік тілді қорғау” қоғамдық қозғалысын құрып, барлық ұлт зиялылары осында топтасты. Мен кейін 2014 жылы 8 ақпанда интернет пайда болып, сайттар шыға бастағанын пайдаланып, осы парламенттегі масқара болған оқиғаның 10 жылдығына орай осы “Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылсын!" атты атышулы мақаламды “Қазақ үні” ұлттық порталында қайта жарияладым. Енді газеттер емес, сайттар мен әлеуметтік желілер бұл мақаланы жарысып басып, қазақ тіліне қарсы болған депутаттарды “Ұлт сатқындары” деген атаумен суреттерімен қоса жариялап, таратып жіберді… Яғни, “Қазақ үні” сайтынан қазақ тіліне қарсы шыққандардың қара тізімін бүгін де, ертең де, өмір бойы тауып ала беруге болады….

Иә, сол кездегі осы дүбірлі оқиғадан бастап, Амангелді ағамыз екеуміздің байланысымыз тығыз бола бастады. Ал кейін Амангелді ағамыз “Ақ жол” партиясына келгенде екеуміз қатты араласып кеттік. Амангелді аға қай кезде де әділін айта білді. Атасын сөздің өлтірмей, атына бір сөз келтірмей, қарағайдай қасқайып өтті өмірден. Бойы қандай биік болса, ойы да сондай заңғар еді.

Жоғарыдағы айтқан парламенттің қазақ тіліне қарсы шыққан оқиғасына байланысты Мәжілістің заңнама бөлімі меңгерушісі Иса Момбаев былай деп жазады:
“Осыдан он бес жыл бұрынғы Парламент Мәжілісі жалпы отырыстарының хаттамаларынан депутат Амангелді Айталының халық игілігі жолында қоғамды алаңдататын мәселелерді тар жерде тайсалмай қозғағанын көруге болады. Заң шығару қызметін жүзеге асыру барысында қазақ тілінің мәртебесін көтеруді басты назарда ұстаған.
Сол кезде Мәжілісте «Сайлау туралы» заң жобасын талқылағанда Амангелді Айталы бар, бір топ депутаттар сайлауға түскісі келетін ұлты қазақ үміткер мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде сайлау комиссиясына анықтама құжат тапсыруы қажет деген ұсыныс жасап, әріптестерінің басым көпшілігі ана тілімізге қарсы шығып, ол ұсыныс өтпей қалғанда, Амангелді ағамыз залды тастап шығып кеткен. «Қазақ халқының жүрегіне тағы бір оқ атылды. Ол оқ Парламенттен атылды. Біздің депутаттар әлі де қазақ ұлтын, тілін сыйламайды. Бүгін тағы сол пиғыл көрінді. Тілге шабуыл–мемлекеттігімізге шабуыл» деп мәлімдеген болатын”.-дейді.

Амангелді ағамыздың парламенттегі мемлекеттік тілдің мүддесін қорғауы жүйелі түрде жалғаса берді. 2007 жылы Мәжіліс депутаттары, айбарлы ақын Мұхтар Шаханов пен айдарлы ғалым Амангелді Айталы бастаған бір топ депутаттың: "Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей болып табыла ма?" деген сұрағына Конституциялық Кеңес: " Атазаңның 7- бабы 2-тармағы бойынша "Орыс тілі мемлекеттік тілмен ресми түрде қатар қолданылады"-деген сөз - орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей статус бермейді."-деп, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысымен жауап берген.

2016 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Орысшаға қазақ тілінде жауап бергендер жұмыстан қуылады” деп, өзі қол қойған заңдарға қарсы сөйлеген кезде біз осы Мұқаң мен Амангелді ағалар бастаған депутаттардың талабымен қабылданған Конституциялық кеңес қаулысына сүйеніп, “ҚАЙ ТІЛГЕ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ!”-деген мақаламен жауап бергенбіз.

Ол мақаламызда: “Орыс тілінің статусы мемлекеттік тілмен бірдей" -деген сөз ойдан шығарылған, орыс тілінің құқын асыра пайдаланған орыс тілділер жасап алған жалған "статус". Сондықтан,
«Орысша жауап бермеді, қазақша жауап берді немесе қазақша сөйледі» деген шағымданудың барлығы - ЗАҢСЫЗ!”-деп жазған едік 2016 жылы 25 ақпанда.

Осы мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы Конституциялық кеңестің қаулысы айқындап берген анықтама-тұжырымды осы уақытқа дейін біз әлі парламенттегі көптеген депутаттарға, тіпті, мамандығы заңгер депутаттарға түсіндіре алмай келеміз…

“Біздің елде Мемлекеттік тіл екеу”, “Орыс тілі - ресми тіл, мемлекеттік тілдің орнына жүре береді” деген заңға қайшы сөзді сауда орындарындағы сауатсыз сатушы айтса, мейлі, сақалы ағарған саясаткер, биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктер айтып жатқанда, таңғаласың!
Біздің Қазақстанда мемлекеттік тілге қарсы осындай заңсыз саясат отыз жылдан астам уақыттан бері үстемдік етіп келеді.

2007 жылы Әлихан Бәйменовтың бастамасымен “Ақ жол” партиясы Ұлттық концепция қабылдағанда, құрамында бізбен бірге біраз ұлт зиялылары болған жұмыс тобына Амангелді Айталы аға жетекшілік жасады. Бұл - Қазақстандағы саяси партиялардың ішіндегі тұңғыш және бүгінге дейін жалғыз Ұлттық концепция болды. Бұл Ұлттық тұжырым бүгінде “Ақ жол” партиясының Алаш ұлттық бағдарламасына жалғасты.

1999-2007 жылдары Парламент Мәжілісінің екінші, үшінші шақырылымында депутат болған Амангелді аға кейін Ақтөбеде жоғары оқу орнында ұлағатты ұстаздық қызмет етті.
Еліміздегі әрбір қоғамдық-саяси оқиғаларға үн қатып, өзінің өткір пікірін айқын білдіріп отырды. Ол кісінің мақалаларын біз республикалық “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталында жиі жариялап тұрдық. Кешеге дейін ұлттық мүддені қорғауға байланысты мәселелерде ағамыздың ой-пікірін тыңдап келдік. Иә, Амангелді Айталы ағаны көргенде нағыз ұлт зиялысын, кешегі бір ғасыр бұрынғы ел тәуелсіздігі жолында саналы түрде құрбан болған Алаш арыстарының заңды жалғасын көргендей болатынбыз.

Алла үкіміне амал жоқ! Жүрекке күрделі ота жасатып, емделіп жатқандықтан, асыл ағамыздың жаназасында тұрып, қоштаса алмағанымыз, топырақ сала алмағанымыз өкінішті… Пейіште рухы шалқи бергей! Отбасы мен туған-туыстарына, жалпы қазақ халқына көңіл айтамыз. Айтарын айтып өткен Амангелді Айталы ағамыздың асқақ тұлғасын Алаш ұмытпайды! Ұлттың мүддесін қорғап өткен нағыз ұлт қайраткері ұлтымен бірге жасай береді! Иманы саламат болсын! Бақұл болыңыз, Қазақтың нар тұлғасы Амангелді аға!

Қазыбек ИСА

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket