Өңірлерде «AMANAT» партиясы филиалдарының жаңа төрағалары сайлануда

3258
Adyrna.kz Telegram

Ел аумағында «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары жалғасып жатыр. Бүгін «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІХ конференциясы өтті.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы, аймақтағы саяси кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов аманаттықтардың алдында демократиялық қағидаттарға негізделген Әділетті Қазақстанды құру міндеттері тұрғанын атап өтті.

«AMANAT» партиясы – Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі. Оның басты міндеті – Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын іске асыруға қолдау көрсету үшін азаматтарды біріктіру. Бұған біздің күш-қуатымыз жететініне сенімдімін. «AMANAT» партиясының мүшелері – тұғырда тұрған тұрақтылықты сақтауды, әділдікті қолдауды, әр отбасының әл-ауқатын арттыруды көздейтін белсенді адамдар», – деді ол.

Асхат Оралов аманаттықтар әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған партиялық жобаларды іске асыру жұмысын күшейтуі тиіс екенін атап өтті.

Қарағанды облыстық мәслихатындағы «AMANAT»-тың депутаттары атқарған жұмыс туралы партияның депутаттық фракциясының басшысы Қадиша Оспанова баяндады. Мәселен, халық қалаулылары балаларға арналған шипажайларды қаржыландыру тәсілін қайта қарап, өңірде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша бірқатар бастама көтерді. Сондай-ақ, аманаттық депутаттардың қолдауымен Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі және онкологиялық аурулары бар балаларға арналған паллиативтік орталық ашылды.

«Биыл депутаттық корпус 11 сессия өткізіп, онда партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген мәселелер көтерілді. Қабылданған 125 шешімнің 22-сі – нормативтік құқықтық актілер. Депутаттардың негізгі жұмысы бағыты – сайлаушылармен кері байланыс орнату. Сайлаушылармен бас-аяғы 500-ге жуық кездесу ұйымдастырылды. Партия алаңдарында азаматтарды жеке қабылдау үнемі өткізіледі», – деді ол.

Конференция барысында Бекзат Алтынбеков ашық дауыс беру арқылы партия филиалының төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін филиалдың атқарушы хатшысы қызметін атқарған болатын. Өз сөзінде ол партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысына тоқталды.

«Мысалы, биыл өңірде 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл шамамен 3600 пәтерді құрайды. Қарағанды және Теміртау қалаларындағы 2 мыңнан астам тұрғын үйге газ тарату желілері тартылды. Облыс аумағындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 2 мың орын ашылды. Қарағанды қаласында 28 балалар спорт алаңы орнатылып, 600 оқушыға арналған мектеп салынды. Шахтинск қаласында аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталығы ашылды», – деп атап өтті Бекзат Алтынбеков.

Қарағанды облысында партия қатарында өңірдің 34 мыңнан астам тұрғыны бар, 271 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.

Сондай-ақ, осы аптада еліміздің бірқатар өңірінде партиялық конференциялар өтіп, онда «AMANAT»-тың облыстық филиалдарының жаңа төрағалары сайланды. Мәселен, Ақмола облысында – Айна Мысырәлімова, Павлодар облысында – Илья Теренченко, Абай облысында – Қуаныш Сүлейменов болды. СҚО-да – Әсем Рахметова, ШҚО-да Сайрангүл Жұмаділова облыстық филиалдың төрағасы болып сайланды.

Пікірлер