«Әлихан Бөкейхан - ұлт азаттық күрескері» атты танымдық-деректі фильмі көрерменге жол тартты

891
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды қаласында Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімінің берілгеніне бір жыл толуына орай «Әлихан Бөкейхан - ұлт азаттық күрескері» атты танымдық-деректі фильмінің тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартты.

Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан жайлы құнды деректерді келтіріп, халықтың жоғары бағасына ие болып үлгерген кинотуындыға Әлиханның шырақшысы атанған белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның ұзақ жылдар бойғы Әлихан Бөкейхан рухын ұлықтаудағы талпыныстары мен 1992 жылдан 2022 жылға дейінгі Арқа төрінде Алаш тақырыбына қатысты өткізілген рухани маңызы зор шаралар арқау болған. Екі бөлімнен тұратын танымдық-деректі фильмді әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан немересі Медеу Әбеузармен бірге құрастырып шығарған.

 

Тұңғышбай МҰҚАН, фильмнің сценарий авторы, өлкетанушы:

 

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЕСІМІНІҢ БЕРІЛУІ АРҚА ӨҢІРІНДЕ АЛАШТЫҢ АЙБЫНДЫ АҚОРДАСЫНЫҢ ТІГІЛГЕНІНДЕЙ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

 

«2021 жылдың 9 желтоқсан күні Қарағанды қаласының Октябрь ауданы деген көнерген атауының аттан түсіріліп, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның даңқты есімінің берілуі Арқа өңірінде Алаштың айбынды Ақордасының тігілгеніндей қуаныш сыйлады. Республика бойынша тарихи маңыздылығымен бұқаралық сипат алған бұл шешім, сонау аласапыран кезеңдегі жанкештілік күреспен құрылып, тұңғыш төраға болып Әлиханның өзі сайланған Алаш-Орда автономиясының замана тасқынынан талықсып жеткен азаттық жаңғырығындай болып сезілді. Алаш арысына арналып болашақта орнатылатын зәулім ескерткіштің орны белгіленді. Алайда Кеңестік дәуірдің тарпаң идеологиясы әбден санаға сіңіріп, ауызға алуға үрей туғызып келген «бұлар халық жауы» деген жалған жаланың зардабынан әлі толық арыла қоймаған жұртшылықтың өз орнын дәл тапқан бұл жаңа атауға ықыластарының бірден ауа қоймағандығын түсіністікпен қабылдауымызға тура келді. Десекте салғырттық сабырды сарғайтып, тағатымызды тауыспас үшін талпыныс жасауды зымыран уақыттың өзі ұсынды»,- дейді Тұңғышбай Мұқан.

 

ҚОЛДА БАР АЗДЫ-КӨПТІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДАН ТАНЫМДЫҚ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ҚҰРАСТЫРЫП ШЫҒАРДЫҚ

 

«1992 жылдан бергі өткен 30 жылда Алаш көсемі Әлиханның туған жері Жекежал қыстауы мен ата-бабалары жерленген «Талдыбейіт» атақорымында толассыз өткізілген рухани шаралардың танымдық құндылығы күн өткен сайын жарқырап көрінер жол іздеп, ойға оралып, сұранып тұрды. Алаш қайраткерінің атақонысы «Желтау» өңірінің отыз жыл бойы республиканың тарихшы ғалымдарының аспан астындағы далалық аудиториясына айналғандығын, ұлы рухтан тағлым іздеген саяхатшылар мен «Төретаммен» танысуды мұрат тұтқан сапарлаушылардың атақорымға құлшылық жасап, құран бағыштайтын киелі мекені болғандығын ұлт тұлғасының есімі берілген аудан жұртшылығына, жастар мен жас түлектерге таныстырудың сәті келіп жеткендігін пайдаланып, немерем Шапай баласы Медеуіме жинап терген қолда бар азды-көпті құндылықтардан танымдық деректі фильм құрастырып шығаруды аманаттап тапсырдым. 2019 жылы Медеу екеуміздің «Ата мен немере» болып бірлесіп, туған жердің қасиетін экранда көрсетуді мақсат тұтып түсірген «Ақтоғай тарихтың тас сандығы» деген деректі фильмдегі азды-көпті дағдыға сүйенуге тура келді. Еліміз өз тәуелсіздігін алғалы Алаш қозғалысын, Алашорда Автономиясын, Алаш қайраткерлерінің қаһармандық еңбектерін құпия архивтерден теріп, зерттеп зерделеу талантты тарихшы ғалымдарымыздың басты тақырыбына айналып, ұлттық құндылықтарымыздың қатарын толассыз толықтыра түскендігі баршаға аян», - дейді өлкетанушы.

 

ӘЛИХАНТАНУДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІ ӘЛІППЕСІНІҢ БЕТАШАРЫНДАЙ БОЛСА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫСТАН ШЫҚҚАН ҚАРАПАЙЫМ ҚОЛТАҢБА

 

«Ал, өткен заман мен жаңа қоғам дейтіндей екі ұдай көзқарас пен екі деңгейлі талғамдағы немерем екеуміздің зордың күшімен тіл табысқан талпынысымыз ғылыми ізденіс те, арнайы қаржылық тапсырыс та, коммерсиялық жоба да емес. Әлихантанудың қолжетімді Әліппесінің беташарындай болса деген ұмтылыстан шыққан қарапайым қолтаңба жасау болатын. «Әлихан Бөкейхан- ұлт азаттық күрескері» деген бастамашылдықтың жемісін көрермендерге көрсетуде алғашқыда қиындықтардың да кезіккендігін жалпы алаштықтардың тағдыр жолдарының тауқыметті болғандығының салдарына жатқыздық. Шешімі табылып, фильмді көрсетуге бірнеше жерден ұсыныс түскеніне қарамастан қалалық мәслихат хатшысы тумысынан ұлтжанды Құдайберген Бексұлтанұлының ең алғашқы тұсаукесер көрсетілімін міндетті түрде Әлихан Бөкейхан есімі берілген ауданның Мәдениет үйінде бастау керек деген табанды шешімінің арқасында тарихи шараға тура бір жыл толған күні танымдық фильм экранға шығарылды. Қаранөпір болған көрерменнің біразының тапжылмай түрегеліп тұрып тамашалағандығынан Алаш қайраткері Әлихан есіміне деген жұртшылықтың шексіз құрметі аңғарылғандай болды. Қытымыр қыстың қақаған аязына қарамастан халықтың Мәдениет үйіне ағылып келуі, ұлт көсемі Әлиханның есімінің Республика бойынша ең алғашқы болып Қарағанды қаласының іргелі ауданына берілгендігін ел-жұрттың шексіз қолдағандығын аңғартты», - дейді Тұңғышбай Мұқан.

 

«ӘЛИХАНЫМЫЗ ОРТАМЫЗҒА ҚАЙТЫП ОРАЛҒАНДАЙ БОЛДЫҚ»

 

«Облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы мен қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанұлының бұл туындыны барлық аудандарда, мектептерде көрсету керек деген ұсыныстарының «Ақжол» партиясының төрағасы Ермек Төлеуұлы мен «Аманат» партиясының төрағасы Бекзат Қомарұлының құттықтауларымен жалғасуы танымдық фильмнің еленер кәдеге жарап, қажетті дүниелердің қатарына іліккендігін айғақтап тұрғандай сезілді. Сол сәттерде Ақтоғай ауданы әкімі Салтанат Мірасылқызы мен Қарқаралы ауданы әкімі Ерлан Бейсембайұлының бұл туындыны өз аудандарында көрсетуге арнап шақырту жасауы Әлихан Нұрмұхамедұлының рухын ұлықтауға деген халықтың қалауын жеткізгендей болды. 14-ші желтоқсан күні Алаш арыстарына арналған рухани шаралардың үзілмейтін, қайнаған ордасындай болған Ақтоғай көрермендерінің көзайым бағасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкітай Шошымбекұлы «Әлиханымыз ортамызға қайтып оралғандай болдық» деген толғанысымен жеткізді. Қарағанды облысының әлеуметтік мәдени саласының өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген қоғам қайраткері Рымбала Кенжебалақызының бұл фильмді өзі басқаратын Сарыжайлау кинотеатрында 15-ші желтоқсан күні көрермендер назарына көрсеттіруі, сондай-ақ әрбір ауылдық округтерде жылжымалы киноқондырғының қуатымен таныстырылымын жасаттыру туралы ұсынысы қарапайым қолтаңбаның бағын ашып бергендей сәттілікпен жалғасты. Алашқа арналған шағын фильмді алдағы уақытта аудан әкімінің сұранысымен Қарқаралы қаласының жұртшылығының асыға күтіп отырғандығы және облыстық Сарыарқа телеарнасының директоры Берік Смағамбетұлының телеарна бағдарламасына енгізіп, облыс телекөрермендерінің назарына ұсыну туралы бағалы бастамасы мен талантты журналист Зарина Әшірбектің әлеуметтік желідегі көрермендер пікірлерін жаршылықпен жариялауы Әлихан есімінің тарихи тұғырын одан бетер биіктете түсіп, ұлттық болмысымызға қуатты серпіліс беріп тұрғандығы ақиқат», - деп түйіндеді сөзін деректі фильмнің сценарий авторы Тұңғышбай Мұқан.

 

Ербол ӘЛІҚҰЛ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:  

 

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН  АУДАНЫНДАҒЫ БАС КӨШЕГЕ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ

 

 «Қарағандымыз береке-бірлікті, адал еңбекті ту еткен қасиетті орда. Тұңғышбай Ағамыз секілді дана ақсақалдарымыз көп болып, Алаш тақырыбына қатысты мұндай ірі шаралардың басы қасында жүрген азаматтардың тың бастамалары үзілмей, жалғасын таба берсін!» деп Тұңғышбай Мұқанға өзінің шынайы алғысын білдіріп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, келер жылы Әлихан Бөкейхан ауданының бас көшесіне (қазіргі Карл Маркс) Ұлт ұстазы, Алаш арысы - Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың есімі берілетінін хабарлап, сүйінші жаңалықпен бөлісті. Бұл жақын арада Әлихан Бөкейхан ауданы Алаштың кіші Отанына айналып, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Әбеуұлы, Жақып Ақбайұлы сынды қазақтың үш бірдей арысын дүниеге әкелген қасиетті атамекен қайта түлеп, жанданып, рухтанады деген сөз!

Алаш мұрасын қайта тірілткен Тұңғышбай Мұқан мыңдаған адамды Әлихан Бөкейхан бабамызбен қауыштырып, өмірлеріне мән жалғады… Солардың бірі - ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин сонау 2011 жылы алғаш рет Әлихан Бөкейханның туған жері Ақтоғайға барып, ата-бабасы жерленген «Талдыбейіт» қорымында құран бағыштатып ерекше толқынысты әсермен Астанаға оралып, Нұр Отан партиясының хатшысы болып тұрған кезінде басын бәйгеге тігіп, сол жылы Әлихан Бөкейханды әлемге таныту мақсатында халықаралық конференция өткізіп, баба рухын ғаламдық деңгейге көтеріп тастаған еді. Міне, тура 11 жылдан кейін тарихи әділдік орнап, Нұр Отан партиясының бастамасын Аманат партиясы жалғастырмақшы.

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

 

БІЗ МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН ҰЛТТЫҢ ҰРПАҒЫ ЕКЕНІМІЗДІ ДӘЛЕЛДЕДІК

 

 “Осы фильм арқылы біз мың өліп, мың тірілген ұлттың ұрпағы екенімізді тағы бір дәлелдедік. Ақсақалдықтан абыздыққа өткен арқа тұтар Тұңғышбай Ағамыздың келешек ұрпаққа қалдырған ұлы мұрасының куәсі болдық”,- деп Тұңғышбай Атамызға өзінің жүрекжарды ыстық лебізін арнап, иығына шапан жауып, көрімдігін табыстады. “Бүгінгі игілікті істің басында жүрген Зарина қарындасым сендей қазақтың қайсар қыздары барда, әлі талай рухы биік адал ұрпақ дүниеге келеді!” деп жастарға жанашырлық танытқан Бекзат Қомарұлы 2023 жылы Арқаның үш арысы - Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Әбеуұлы, Жақып Ақбайұлы атындағы арнайы Үздік ғылыми жобаларға бәйге жариялайтынын хабарлап, Алаш тақырыбына қатысты үлкен жиын өткізгісі келетінін мәлім етті.

 

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ, Қарағанды қалалық Мәслихатының хатшысы:

 

БҰЛ ФИЛЬМ ӨЗГЕ ДЕ ҚАЛА, АУДАН ОРТАЛЫҚТАРЫНДА КӨРСЕТІЛУІ КЕРЕК

 

“Қазақ мемлекетінің республика ретінде құрылуына, Қазақ ғылымының қалыптасуына, қазақ әдебиетінің ұлттық мұрасының насихатталуына тікелей бастамашы болған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туралы өңірімізге белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан жинақтап шығарған керемет туындының ғылыми құндылығы ерекше”,- деп жоғары бағасын беріп, бұл фильм тек қана Майқұдықтағы мәдениет үйінде ғана емес, қаламыздың барлық мәдениет ошақтары мен білім беру ордаларында, сондай-ақ өзге де қала, аудан орталықтарында көрсетілуі керек деген пікір білдірді. Айта кетуіміз қажет, бұл фильмнің тұсаукесерінің еш қиындықсыз өтуіне себепкер болған дәл осы Құдайберген Бексұлтанұлы еді.

 

Қуаныш МАҚСҰТ, айтыскер ақын:

 

БҰЛ ФИЛЬМДІ ЗАМАНАУИ ЦИФРЛЫҚ ФОРМАТТА ШЫҒАРЫП, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУІМІЗ ҚАЖЕТ

 

 "Ә.Бөкейханға арналған көркем-публицистикалық туындылардың қатарына қосылған бұл танымдық фильм құнды мәліметтерге толы туынды. Ақсақалдар мен Жастар Алаш Идеясы төңірегінде біріксе осындай ауқымды жобалар абыроймен жүзеге асатынына көзіміз жетті!”,- деп өзінің алғысын жеткізіп, Тұңғышбай Атамыздың бұл туындысы әуесқойлық деңгейде тоқтап қалмай, әрі қарай толықтырылып, заманауи цифрлық форматта шығарылсын деп облыс әкімінің орынбасарына ұсыныс тастап, Әлихан Бөкейхан рухын Республикалық, Халықаралық деңгейге көтеруіміз қажет деген орамды ойын айтты.

 

Бейбіт ҚҰЛМАҒАМБЕТ, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

 

ӘЛИХАН БАБАМЫЗ ӨТКЕН ЗАМАННАН БІЗГЕ ҚОЛЫН СОЗҒАНДАЙ...

 

“Рухтанып қайттық. Әлихан бабамыз өткен заманнан бізге қолын созып, біз болсақ екі қолымызды ұзатып, сағына сәлемдескендей болдық. Бойымызға шынайылықтың қаны жүрді, елдігімізге деген сенімді күшейтті, жанымызды жадыратты. Тарих пен ұрпақ сабақтастығын сезіне, тәубамызға келдік. Шүкіршілік еттік, Қазақ болып туғанымызға мақтандық. Жаса Қазақ Елі, жаса Әлихан Бөкейхан ауданы! Әлихан Бөкейхан көсеміміз айтқанындай, ата жолын қуатын "мінезді" қазақ жастары өсіп, көбейсін! Зарина, мұндай үлкен жұмыстардың ауыр жағын өзің көтеріп, үлкен істер тындырып жүргеніңді дүйім жұрт болып барлығымыз білеміз. Сіздердің тілекші, тілеулестеріңбіз, қазақ жастары! Ақ жол”,- деп өзінің ағалық ризашылығын білдірді.

 

Болат СЫЗДЫҚ, Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор:

 

 АҚСАҚАЛДАР МЕН ЖАСТАР ЖАРАСА ІСКЕ АСЫРҒАН ҚҰТТЫ ЖОБА

 

 “Тұңғышбай Мұқан ағамыздың еңбегі ерек. Жанына жақындатқан жастары ерен. Ағамыз айғай-шусыз, асығып-аптығусыз ауқымды іс жасапты. Риза болдым. Қоғам мен билік бірлесе, ақсақалдар мен жастар жараса іске асырған құтты жоба. Қоғам белсенділері жақсы жосық, жасампаз жоба ұсына білсе, билік қолдамай қайда барады?! Міне, бүгін соның куәсі болдық. Билік тұтқасын ұстаған азаматтар Тұқаңа құрмет көрсетіп, жастарға жол ашып жатты. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұл Алаш идеясын, арыстарын ардақтау, дәріптеу бағытында атқарылар жұмыстардың бір шетін шығарса, қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанұлы жақсы істердің жалғасты боларына сендірді, Бекзат Алтынбеков те алыстан сермеп, тереңнен тартып, ізгі істерді бірлесе атқаруға шақырды. „Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!“ Ә. Бөкейхан деген көркем жазуды сона-ау шынар биіктен көрудің күні алыс емес-ау деп қиялдап кеттім. Сол жазудың астын ала, биік ғимараттың қабырғаларында Күнге бетін тосып, жүздерінен шуақ шашып Алаш арыстарының портреттері тұрса!”,- деп қаланың орталығындағы көпқабатты үйдің төбесіндегі "Караганде образцовый порядок высокую культуру" жазудың орнына Әлихан бабамыздың рухты сөздері тұруы тиіс деген бастаманы тағы көтеруге ниетті екенін жеткізді.

 

Майра ТӨЛЕУ-БЕГІМҚЫЗЫ, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі:

 

ЫНТЫҒА КЕЛГЕНДЕР РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ТОЙЫП, ІЗДЕГЕНДЕРІН ТАПҚАНДАЙ...

 

 “Ұлттың ақыл ұялары Алаш арыстары екеніне бүгінгі күні күмән жоқ. Жастар осы бағытта Алаш көсемі Әлихан топырағына саяхат жасап, іздегендерін тапты, бұл дұрыс. Жәудіреген жас жанарларды жетімсіретпей өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан ағамыз тарихқа толы қоржынның аузын ашып жастардың қажеттілігін тауып бергендей. Зарина қызым өзі, ортасы ғана рухани қазынаға тойып қоймай, жастар санасына кең көлемде енгізу бағытында билік орындарына талап қоюы да жөн болды. Фильмде 1993 жылы үш арысты ұлықтаған Ақтоғай ауданының Алашын түгендеген шынайы іс шарасын әй-қайдам қазір де қайталай алмас. Айтары бар ағалар шынайы естеліктері айтылған. Қарағандылықтар қызметі зор көлемде сіңсе де ауыздарына ала бермейтін алып тұлға Сұлтан Қаппарұлы мен Қабылсаят Әзімбайұлы ағаларымыз кадрда жүргенде көзіме жас келді. Залға адам лық толды, қосымша орындықтар қойылды, тұрып көргендер де болды. Ешкімді жұмыстан, сабақтан, әскери қызметтен босатып жетектеп, желкелеп әкелген жоқ. Ынтыға келгендер рухани құндылыққа тойған секілді, іздегендерін тапқандай. Фильм біткесін сипақтап фойеде ой алысып біраз тарамағаны соны білдіреді…”,- деп жастар мен аға буын арасындағы тарихи сабақтастықтың қаншалықты қажет екенін айғақтап жеткізіп, Тұңғышбай Атамызға өзінің жүрекжарды лебізін арнады.

 

Төлеужан АХМЕТБЕК, 1997-2001 жж. Ақтоғай ауданының әкімі:

 

САН ҒАЛЫМНЫҢ ІЗДЕНУІНЕ АЗЫҚ БОЛАТЫН ДЕРЕКТЕРДІ ОСЫ ФИЛЬМНЕН ТАБУҒА БОЛАДЫ

 

 “Фильм- ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған өлкесі Ақтоғай халқының өз ұлы боп туып, жетіле келе бүкіл қазақ қоғамының жоқтаушысы деңгейіне «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден»- деп өзі айтқандай қайсар мінезді қайраткерлігін, осы жолда көрген қиындықтары, құжатты түрде, нанымды деректермен көрсеткен. Ер даңқын асыруда, еліміздің бодандық қамытынан босағанына бір жыл толмай жатып Ақтоғай елі, бүкіл республика көлеміне жар салып белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері және елден жырақ жүрген Әлиханның тума-туыстарын жинап, ең алғаш Әлихантанудың жолында қатып қалған сеңді бұзып танымдық конференция өткізуі де айшықтаған. Бұл істің бастауында сол кезеңдегі аудан әкімі – Сағадат ағамыз тұрса, осы жауапты істің өз мәнінде өтуіне сүбелі үлес қосқан осы Тұңғышбай ағамыз еді. Бірақ, фильм авторы Тұңқаң өзі тасада қалып, басқаның еңбегі мен сөзі мен ісін көрсетуде жомарттық танытуын үлкен жүректі азаматтығына және қарапайымдылық қасиетіне дәлел ретінде көзіңіз жетеді. Өзі: «Ғылыми еңбек емес»-деп айтқанымен, сан ғалымның ізденуіне азық болатын деректерді осы фильмнен табуға болады”,- деп осы фильмнің бас кейіпкері Тұңғышбай Атамыздың Алаш мұрасын зерттеудегі талпыныстары мен батыл қадамдарын атап өтіп, өлшеусіз еңбек иесіне ризашылығын білдірді.

Міне, осылайша санамыз сілкініп, еңсеміз тіктеліп, ұлттық рухымыз ғаламат деңгейге көтерілген тарихи күннің куәсі болған ел азаматтарының берген бағасы осындай...

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket