Павлодар педагогикалық университетінде Хакатон "IT Junıor" сайысы өтті

3568
Adyrna.kz Telegram

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті «IT Junior» хакатонның финалдық кезеңін аяқтады.

Хакатонның бірінші кезеңіне облыстың барлық аймағынан 54 команда (167 қатысушы) қатысты. Финалға өткен 23 команда – 56 қатысушы өз жобаларын ұсынып, аймақтағы ең үздік бағдарламашылардың бірі болу құқығын сарапқа салды.

Зияткерлік сайыстардың демеушілері IT-кәсіпкерлер, табысты халықаралық IT-жобалардың негізін салушылар, Павлодар қаласының №8 лицейінің түлектері Евгений Фоменко мен Максим Писегов болды.

Іс-iараға қатысушылар мен көрермендерге арналған құттықтау сөзінде хакатон меценаты Евгений Фоменко:

«Құрметті Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарының түлектері! Сіздердің көпшілігіңіз табысты кәсіпкер болдыңыздар. Қарбалас кестеңізде уақыт тауып, біз сияқты өз мектептеріңіз бен университеттеріңізге келіп, хакатондарыңызды өткізіп, өскелең ұрпаққа өз білімдеріңізбен бөліссеңіздер жақсы болар еді! Елді және әлемді бірге көркейтуге атсалысайық! Мұндай іс-шаралар Қазақстан халқы үшін игі дәстүрге айналып, бүкіл әлемге үлгі болсын!»

Тәжірибелі сарапшылардың бағалау нәтижелері бойынша келесі командалар жүлделі орындарға ие болды:
1 орын – 1 000 000 теңге жүлдемен “Koz timesin” командасы (Назарбаев Зияткерлік мектебі).
2 орын – 300 000 теңге жүлдемен “COS/underwood” командасы (Торайғыров университеті).
3 орын – 200 000 теңге жүлдемен “FastAsFBoys” (Дарынды балаларға арналған №3 гимназия).

-Біз осы байқауға футбол жаттығуына қатысты жоба жасадық. Бұл негізінен жаттықтырушылар жетіспейтін алыс ауылда тұратын оқушыларға қажет. Біздің жобаны «Play market» қосымшасынан кез-келген смартфонға жүктеп алуға болады. Мұнда қолданушылардың мотивациясын арттырып, футбол алаңындағы шеберлігін шыңдауға бағытталған түрлі дағдылар қарастырылған, - дейді команда капитаны Шахназар Сайлаухан.

Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің оқытушысы, PhD докторы, ППУ доценті Дария Әбікенованың айтуынша, байқау барысында оқушылар мен студенттер өз идеяларымен, әзірлемелерімен қазылар алқасын таң қалдырды.

- Үздік хакатон жобасы жас футболшыларға марапаттау және геймификация жүйесі жетілдірілген футбол шеберлігін арттыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымша болды. Екінші және үшінші орындарды кептелістерді шешу жолдарын ұсынған жас бағдарламашылар иеленді. «Ақылды бағдаршамның арқасында командалар қиылыстардың өткізу қабілетін 2,5 есеге дейін арттыра алды. Сондай-ақ орташа жол жүру уақытын 20%-ға дейін қысқартты!», – дейді Дария Болатқызы.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларды хакатондағы сәтті өнерімен құттықтаймыз. Жастар мен ел болашағы үшін осындай маңызды шараны ұйымдастырып, қолдау көрсеткен демеушілерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер