Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы шаруа қожалығының басшысы мен 36 жастағы ер адам арасындағы жанжалдың өршіп, салдарынан округ әкімінің ажал құшқанын анықтады.
"Жанжал барысында фермер жәбірленушінің ішіне пышақ жарақатын салған. Оқиға салдарынан 36 жастағы ер адам қайтыс болды", - деп хабарлады Polisia.kz
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (Кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, күдікті қамауға алынды.
Қарабұлақ ауылы әкімдігі оқиғаны растағанымен, мән-жайын ашып айтпай отыр. БАҚ өкілдеріне:
"Сізге ақпарат беретін адам жоқ. Мұнда екі-ақ адам жұмыс істейді. Бірі әкім, екіншісі маман. Әкімге қатысты ақпаратты естіп отырмыз. Оқиғаның мән-жайын нақты білмеймін. Жалпы ауылда негізі 500 адам тұрады", - деп жауап берген Қарабұлақ ауылы әкімдігінің өкілі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әкім пышақ жарақатынан көп қан жоғалтқан. Аудандық ауруханаға жеткізген кезде оның көз жұмғанына көз жеткізілген. Егжей-тегжейлі тергеу ісі жүріп жатыр.
"Адырна" ұлттық порталы