AMANAT ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін жақсарту жұмысын жалғастырады

2547
Adyrna.kz Telegram

Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Өз сөзінде, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жан Шуақ» сыйлығын өткізу ерекше қажеттіліктері бар мыңдаған адам үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

«15 жыл ішінде «Жан Шуақ» шексіз мүмкіндік иелеріне арналған сыйлыққа айналды. Олар сынаққа төзіп, қиын-қыстау жолдан өтті. Ал бүгінде көмекке мұқтаж жандарға өздері қол ұшын созуда. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай жасалуда. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолдау көрсету жұмысы әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Ел Президентінің бастамасымен Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша арнайы жобалар іске қосылып, ерекше қажеттіліктері бар жандардың құқықтарын қорғау үшін омбудсмен институты құрылуда. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша заң қабылданды», – деді Ерлан Қошанов.

Ол «AMANAT» партиясы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту жұмысын одан әрі жалғастыратынын атап өтті. Себебі бұл қадам партияның басты басымдықтарының бірі саналады.

Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Жанат Омарбекованың айтуынша, бұл сыйлықтың басты мақсатының бірі – ерекше қажеттіліктері бар жандардың тұлғалық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектесу, олардың алға жылжуға және қоғамға пайда әкелуге деген ұмтылысын қолдау.

«Осы сыйлық тағайындалғаннан бері еліміздің ғана емес, сондай-ақ АҚШ, Литва, Польша, Эстония және өзге де мемлекеттердің 70-тен астам рухы мықты азаматтары лауреат атанды. Жыл сайын әр номинация бойынша үміткерлер саны артып келеді. Биыл «Жан Шуақ» сыйлығына қатысуға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам өтінім келіп түсті», – деп атап өтті ол.

Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарым-қатынас этикасы және ситуациялық көмек көрсету бойынша оқыту тренингтерін ұйымдастырған Кентау қаласының тұрғыны Ерлан Әбдиев «Күшті жігері және жеңіске талпынысы үшін» сыйлығының иегері атанды.

«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша қарағандылық Асхат Есентұров марапатталды. Ол халықтың әлеуметтік осал тобы және ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыс істейтін кәсіпорын ашты.

Белгілі суретші-зергер, ЮНЕСКО-ның халықаралық сапа белгісінің иегері, шымкенттік Икрамжан Рафиков «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша сыйлық иеленді.

«Мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, павлодарлық Диляра Асайынова марапатталды.

Алматылық Бақтыгүл Әлімбекова «Спорт саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Ол Босфор бұғазын бір жарым сағаттан аз уақыт ішінде жүзіп өтті. Сондай-ақ, параспортшы, скандинавиялық серуендеу нұсқаушысы саналады.

«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясы бойынша астаналық Таңсәуле Серіков марапатқа ие болды. Ол көптеген ғылыми еңбектің авторы, сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасын әзірлеген ғалым саналады. Арнайы сертификатты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады. Ол сондай-ақ қайсар жанмен тілдесіп, жеңісімен құттықтады.

Ал Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Болашақ» мүгедектер бірлестігінің басшысы Амангелді Қапанов болса, «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» сыйлығының лауреаты деп танылды.

Жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Пікірлер