Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің 70 жылдығына арналған «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру және реконструкциялау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда Мәдениет және спорт министрі Д.А.Абаевтың, әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы–ректоры Ж.Қ.Түймебаевтың құттықтау хаттары оқылды. Сонымен қатар Қырым Алтынбековке университеттің «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Конференция барысында Қазақстан Суретшілер академиясының президенті Амандос Ақанаев, Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғар және Орталық мемлекеттік музейдің, «Таңбалы» қорық-музейінің, «Есік» музейінің, «Берел» музейінің директорлары және т.б. ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.
Бүдан кейін Қырым Алтынбеков реставрация жасаған тарихи-мәдени дүниелердің арнаулы көрмесі ашылды. Онда еліміздің ежелгі және ортағасырлық тарихын паш ететін бірегей археологиялық материалдар ұсынылды.
Автордың тылсым бояуға толы, әдемілік пен шеберлік біте қайнасқан туындылары көптің көзін сүйінтті.
Бірегей көркем-тарихи, тың туындылардың арасында жарқырап көзге түсетін «Үржар сәуегейі» мен «Тақсай ханшайымы» реконструкциялары көрмеге келген жұрттың қызығушылығын арттырды. Себебі, бұл туындыларға көз жүгіртсеңіз, сол замандағы арулардың нәзіктік пен қайсарлығын нағыз көркем-шеберлікпен жасап шығарған. Бір қарағаннан-ақ, бар сұлуға тән жайдары мінезімен бірге жүрегінде өр рухы, қайсарлығы бар екенін байқаймыз.
Тарихи тағылымы мол көрмені барша көрермен ҚазҰУ музейінен бір ай бойы тамашалай алады.
Гүлмира Сабденова,
тарих ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті доценті
"Адырна" ұлттық порталы