(Бес жастағы бүлдіршіннің өміріне қиянат жасалып отыр.)
Маған бір ата-ана жылап, амалдары құрығаннан көмек сұрап келді. Ол өзінің басындағы жағдаймен таныстырып, болған оқиғаның барлығын айтып берді. Аты жөні Ербол Әбдіров. Жалпы жағдай былай болған:
Осыдан бірнеше уақыт бұрын оның бес жасар ұлы Нұрисламды өзінің үйінің тұсында мемлекеттік номері «Рено» 521 NXA01 автокөлігі қағып кетеді. Оқиға орнында баланың бір аяғы мен қол тұсындағы бұғана сүйегі сынған. «Рено» автокөлігінің иесі Ш.Т. Несіпбай оқиға болған жерде баланы жолдың шетіне шығарып тастап, өзі ізін суытады. Баланы кейіннен өзінің ата-анасы көріп қалып, жанұшыра Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханаға жеткізеді. Абырой болғанда бала аман қалып, ауруханада баланың аяғы мен қолына медициналық жедел жәрдем жасалады. Бала ауруханада біраз уақыт жатып, емделіп шығады. Бірақ баланың бұғана сүйегі қисық салынып, сол бойы бітіп кеткен. Қазір баланың қол сүйегі қисық. Басына ауыр соққы келіп, миының шайқалу белгілері (сотрясение) бар. Ақыл есі орнында. Бес жасар бала қазір ата анасының қолында. Оқиға орнында болған жағдайдың барлығы сол жердегі дүкеннің бейнекамерасына түсіп қалады. Мен бейнекамерада оқиғаның қалай болғанын салып отырмын. Төменде бейнекамерадан өз көзіңізбен көріңіз.
Мен баланың ата-анасымен кездесіп, хал-жағдайларының барлығына көз жеткіздім. Баланың жағдайын өз көзіммен барып көріп, жағдайын біліп, аяғы мен қолын да қарап көрдім. Отбасының әлеуметтік хал-ахуалына келер болсақ, әлеуметтік жағынан жағдайы төмен, қаражат жағынан әбден қысылған жас отбасы екен. Астанада Лермонтов көшесінің бойында №39 үйде пәтер жалдап тұратын ауылдың қара қазағы. Нұрисламның әкесі Ерболдың денсаулығы нашар, ер-азамат жасайтын жұмыстың ешбіріне жарамайтын болып шықты. Ал анасы Раушан болса көлік жуатын орында (автомойкада) әуріпімдеп жұмыс жасап, жан бағып, балаларын асырап отыр екен. Мынау жағдайдан есін жинай алмаған жас отбасында отағасы жұмыс таба алмай, күнін әрең көріп жатыр. Біз де қолдан келгенше таныс азаматтарға айтып, қаражат жағынан көмек көрсеттік. Оқыс жағдай бұл отбасының ауыртпалығының үстіне салмақ салып, еңселерін басып отыр. Не ары, не бері емес, тіршіліктерін жасай алмай жатқан отбасы.
Мен енді одан кейін жағдайдың қалай өрбігенін түсіндірейін. Осы оқиғадан кейін баланың ата-анасы істі тексерту бойынша Астана қалалық, Байқоңыр ішкі істер басқармасына арызданады. Құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, баланы көлікпен қағып, ізін суытқан Ш.Т. Несіпбайды қолға түсіреді. Істің жай жапсарын өздерінше тексереді. Олар істі қарап жүргенде арада үш ай уақыт өтіп кетеді. Істің аяқталмауы жас отбасыны әуре-сарсаңға салып қояды. Баланың ата анасы осы істің соңында жүгірумен күнін өткізеді. Ата ана бұл істі жарты жолда қалдырмай, ақырына дейін жеткізіп, әділдікті талап етеді. Сөйтіп оқиға орын алған орында техникалық тексеру жасатады. Оқиғаға байланысты арнайы тексеру мен сот-эспертизалық сараптама жасалады. Арнайы мамандар мен техникалық эксперттердің араласуымен оқиға болған орында оқиғаның орын алғаны бойынша схемалар жасалады. Нәтижесінде әділдік күткен ата-ана үшін іс 180 градусқа өзгерген. Құзырлы органдардың қызметкерлері бес жасар Нұрисламды қағып, жолдың шетіне тастап кетіп, өміріне аса ауыр зақым келтірсе де, сот-экспертизалық сараптама бойынша да әлгі Ш.Т. Несіпбайды кінәсіз етіп ақтап шығады. Құзырлы органдардың тарапынан жас отбасыға көмек болмайды. Істің барлығы соңына дейін осылай бітеді.
Жағдайдан толық хабардан болғаннан соң мен Нұрислманың әкесі Ерболмен бірге Астана қалалық, Байқоңыр ішкі істер бөліміне барып, болған жағдайдың қалай орын алғанын көзбен көрмек болып тергеушімен жұмыс орнында арнайы кездестім. Тергеуші маған жол апатының қандай жолмен өрбігені бойынша оқиға схемасын жайып түсіндірді. Сондағы айтқаны, көлік жүргізушісінің айтуы бойынша көліктің жылдымдығы 20км/сағат болғаны анықталыпты. Бұл жылдамдық нормадан ешқандай да артық болып саналмапты. Бұл жерде ешқандай да қылмыстың нышаны жоқ екен-мыс. Осы жылдамдықпен келген көлік баланың аяғы мен қолын сындырып кеткен. Басына зақым келтірген. Бірақ жасөспірім баланың кәмелетке толмағанын ескермей, көлікпен қағып, аяғы мен қолын сындырған көлік жүргізушісінің жасаған қылмысын ескерген жоқ. Мен іс қағаздарының керектілерін фотоға түсіріп алып, ешқандай конфликтіге келмей, әңгімені аяқтап шығып кеттім. Арнайы жасалған тексеріс пен сот-экспертизалық сараптаманың қорытындысының фотокөшірмелері, протоколдар, рапорттардың фотокөшірмелері менің қолымда бар.
Бір «әттең-ай» дейтіні, баланың ата анасы орыс тілін түсінбейтін болып шықты. Ол қазақша талап етсе де іс қағаздарының барлығы орысша жасалыпты. Бұл жерде құзырлы органдар тарапынан тағы да қателік кетіп отыр. Осы шешімнен кейін баланың ата анасы ары бері жүгіріп, әділдік таппай үміттерін үзеді. Сондағы бір масқарасы, әлгі баланы қағып, жолдың шетіне тастап кеткен оның ата анасына келіп кешірім де сұрамаған, тым болмаса азырақ көмегім болсын деп қаражат жағынан да көмек бермей, қайта өздеріне келіп «Менің ешқандай кінәм жоқ, мен тазамын» деп кеткен. Жас отбасы мынау жағдайдың осылай жалғасқанына күйініп, шара жасау қолдарынан келмей отыр. Бұл оқиғаның орын алғанына үш айдың жүзі болыпты. Бірақ әділет іздеген ата ана шындықты ақтап ала алмай, шып-пыр болып отыр. Істің оңынан шешімін табарынан олардың үміті мүлдем үзілген.
Мен мынау оқиғаны Нұрисламның әкесі Ерболдың өтініші бойынша әділ шешімін табуы үшін көпшіліктің ортасына шығаруға бел будым. Қоғамның хабардар болып, әділет іздеген ата ананың зарын көпшілікке білсін. Жанашыр азаматтар табылып жатса заң аясында көмегін берсін деген ой. Мені таң қалдырып отырғаны, кәмелетке толмаған жасөспірімнің өміріне ауыр жағдайда қиянат жасалып отырса да құзырлы органдар неге баланы көлікпен қағып, аяқ қолын сындырып, жолдың шетіне тастап ізін суытып кеткен адамды ақтап шығып отырғаны. Ең ауыр тиіп отырғаны да осы. Біздің елде адам өмірі түкке тұрғысыз болып бара жатқаны бәріңізге де белгілі. Біз енді осылай сабыр сақтап, әрекетсіз отыра береміз бе? Біз адам өмірі мен адам құқын сақтамай, қалай дамыған елдердің қатарына қосыламыз? Шарасы қалмаған жас отбасыға аз да болсын көмек болсын деген мақсатта орын алған жағдайды, әлеуметтік жағынан ақсап отырған жас отбасының жанайқайын ортаға салып отырмыз. Біздің ортамызда белгілі заңгерлер, азаматтар, жанашыр адамдар бар. Белсенді азаматтардан осы отбасыға заң бойынша көмек болып жатса, бұл істің қайта қаралып, аяғына дейін дұрыс шешілуіне азаматтық үлесін қосатын азаматтар табылса, еліміздегі бір қазақ отбасына жеңілдік болатын еді. Қолдан келгенше көмек берейік, ағайын!
Бекболат Қаржан
[playlist type="video" ids="14068"]