Төлеген Бүкіровтің 70 жасқа толуына орай «ҚҰРЫШ ТҰЛҒА» кітабының тұсаукесері өтті

1046
Adyrna.kz Telegram

29 қараша күні Жезқазғанда Қазақстанның Құрметті металлургі, техника ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облысы және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің және «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіровтің 70 жасқа толуына орай жарық көрген  «ҚҰРЫШ ТҰЛҒА» кітабының тұсаукесері өтті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Іс-шара барысында жас ақын Мәди Олжабай Төлеген Бүкіровке арнап шығарған өз туындыларын оқып, "Ақын арнауын" паш етті. Одан әрі қарай Төлеген Нұрмағанбетұлының өмірі мен еңбек жолын, азаматтық ұстанымынан  хабар беретін «Жан серігі – әділдік пен адалдық» атты бейнебаян көрсетілді. Әнші Ғалым Мұханбедин  «Балқадиша» әнін орындады.

Төлеген Бүкіровтың еңбек жолындағы жетістіктері мен қоғамдық жұмыстарда қол жеткізген табыстарын, адами болмыс-бітімі мен азаматтық бейнесін айшықтайтын сан алуан жүрекжарды жазбалар «Құрыш тұлға» кітабына жинақталған. Жүрекжарды жазбалар 2022 жылы «Кәусар» баспасынан жарық көрді.  «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейітов өзінің құттықтау сөзін арнап, жылы лебізін білдірді.

№10 орта мектептің оқушылары да Төлеген Бүкіровтың құрметіне өздерінің құттықтауларын айтып,

"Бізге де аңыз – құрыш тұлға тұғыры,

Ерлікпенен жазылған тек ғұмыры.

Қадірлі аға, басылған жоқ әлі де

70 жасқа толған тойдың дүбірі.

 

80 жасқа талмай қадам басыңыз,

Бақыт сыйлар бел-белестен асыңыз.

Жеңіс пенен табыс шыңы сияқты

Қадірлі аға, сіздің 70 жасыңыз", - сынды өлең жолдарын арнады.

 

Төлеген Нұрмағанбетұлы  еңбек жолын Совет Армиясы қатарындағы борышын атқарып келісімен 1973 жылы мыс зауытында пештер мен газ жүретін құбырларды тазалаушы болып бастап, балқытушы, ауысым шебері, бөлімше бастығы, цех бастығы, директордың орынбасары, одан кейін «Жезқазғансирекмет» кәсіпорнының Бас директоры,«Қазақмыс» корпорациясының бөлім бастығы, бас металлургі, өндіріс жөніндегі директор орынбасары, жобалау тобында инженер-металлург болған сіздің еңбек жолыңыз – металлургтер үшін тәлімі мол өнеге. Осы тұста, келесі сөз кезегін мыс балқыту зауытының металлургі Доспанов Әбдірашит алып, өзінің толғанысқа толы ойларымен бөлісті.

Азаматын ардақтай білген қалың қауымның, соның ішінде кешегі еңбек майданында ел ағасынан тәлім алып шыңдалған ізетті іні-ізбасарлар мен шәкірттердің Төлеген Нұрмағанбетұлына деген қалтқысыз құрметінің айқын бір айғағы саналатын «Құрыш тұлға» кітабының тұсау кесу рәсімі өтіп, кітап лентасын қию құрметі кеш иесі Бүкіров Төлеген Нұрмағанбетұлы мен зиялы қауым өкілдеріне берілді. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket