“Джинсы киіп келген”: Шымкентте мұғалім оқушының қолына қаламсап тығып алған

3491
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Шымкенттегі №69 орта мектепте жанжал шықты. Мектепке джинсы шалбармен келген оқушының қолына мұғалім қаламсап тығып алған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы өңірлік Otyrar басылымына сілтеп. 

Ақпарат бойынша, ұстаздың бұл әрекетінен 10 жастағы оқушының қолында көгерген із қалған.

Зардап шеккен оқушының ата-анасы баланың физикалық ғана емес, психологиялық жарақат алғанын айтты. Оқиға бүкіл сыныптың көзінше болған. Жолбарыс реніш пен қолының ауырғанынан мұғалімге жауап беруден қорқып, партаға жатып қалған.

Сынып жетекшісінің мұндай дөрекі әрекетіне баланың сабаққа көк түсті джинсы шалбармен келуі себеп болған. Алайда мектеп меңгерушісінің өзі ауа райының салқындауына байланысты балаларды жылы киіндіруді, бірақ шалбар немесе джинсы мектеп формасымен бірдей түсте болуын ескерткен.

"Енді біз балаларды мектепке жіберуге қорқамыз. Бұл не сұмдық? Бұл мұғалім бізге жақында келді. Ол сынып жетекшісі болды. Байғұс бала қолы қатты ауырғанын, партаға жатып, бетін қолымен жауып, ауырғаны басылғанша үнсіз шыдағанын айтты. Тіпті мұғалімнің көзінше жылауға да қорыққан", - дейді оқушының анасы.

Ол үйге келгенде бастапқыда баланың оқиға туралы тіс жармағанын айтты.

"Жеңінен қан дағын көрдім, содан кейін қаламсап ізін көрдім. Сонда ғана ол оқиға туралы айтып берді. Ол бала ғой. Оның не кінәсі бар? Ол үйде берген киімді киіп барды", - деді жәбірленушінің анасы.

Оқиға 30 қарашада болған. Белгілі болғандай, №69 мектеп директоры денсаулығына байланысты демалыста. Шымкент қаласының білім басқармасындағылар бұл оқиға туралы хабардар. Жәбірленушінің анасымен және меңгерушімен келіссөз жүргізіліп, жағдай бақылауда тұр.

Әзірге ведомстводағылар ресми түсініктеме беруден бас тартты. Еске салсақ, қыркүйек айының басында ата-аналар спорттық аяқ киімге тыйым салуына байланысты бірнеше орта мектеп директорына шағымданған болатын. Балалардан тек классикалық аяқ киім кию талап етілді. Бұдан кейін білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мектеп формасына қойылатын талаптарды нақты түсіндірді.

"Кеше мен барлық директорға балалардың кез келген аяқ киімді, кроссовка немесе мокасин киюге құқығы бар екені туралы тағы ескерттім. Балалар тек классикалық аяқ киім кию керектігі туралы талап жоқ. Ал мектеп формасына қатысты төменгі жағына көк түсті, үстіне ақ түсті жейде, поло футболка кисе де болады. Аяқ киімге қатысты қандай да бір талап қарастырылмаған", - деді Жанат Тәжиева.

Пікірлер