Әлеуметтік саясат - басты назарда

751
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС ұжымымен кездесті. Жиындағы күн тәртібі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы болды.

Жиынды «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман ашып, алғысөзді Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің және қалалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевке берді. Бауыржан Ілімшеұлы Президент Жолдауында көтерілген қоғамдағы демократия, жаңа экономикалық саясат, ауыл шаруашылығының жаңа секторларын дамыту, заңнама жүйесін жаңғырту сияқты өзекті тақырыптарға тоқталды.

– Бұл Жолдау Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша биылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумның жалғасы іспетті болды. Ол саяси оқиғаның алдында өте ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Ата Заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде жаңа мемлекеттік басқару моделіне, билік пен қоғамның өзара байланысының жаңа форматына ауысы басталды. Мемлекет басшысының Жолдауында, сонымен қатар, заң мен тәртіп, басқару жүйесін қайта құру, сот жүйесінің реформасы секілді тақырыптар көтерілді. Себебі, ескі жүйенің мерзімі өтті, қазіргі таңдағы қолданысқа сай емес. Сол үшін халық арасында үнемі ақпараттық-насихат жұмысы жүргізілуі керек. Көбісі Жоғары соттан кейін шағымданатын орын жоқ деп санайды. Олай емес, біздің елімізде Конституциялық сот бар, – деді Бауыржан Ілімшеұлы.

Жиында қоғамдық кеңестің мүшелері Абдулла Ахметов, Исмаил Шалабаев, Ербол Жолбарысов және басқа да спикерлер Жолдауда көтерілген тек саяси ғана емес, экономикалық мәселелерге, Президент берген тапсырмаларға тоқталып өтті. Олардың айтуынша, бүгінде мемлекетіміз демократияның даңғыл жолына түсіп, елімізде әлеуметтік салаға да баса назар аударылуда.

Кездесуде жер қатынастары, салық жүйесіндегі жаңашылдықтар да сөз болды. Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, шағын және орта бизнеске салық салуға дифференциялы түрде келу керек. Жақсы жұмыс істеп, ел экономикасына үлес қосып жүрген, табыс тауып, қызметкерлеріне жақсы жалақы төлейтін кәсіпкерлік нысандарына жеңілдік берген дұрыс деп санайды қоғамдық кеңес мүшесі. Спикер тиімді әрі заң талабын мүлтіксіз орындайтын кәсіпкерлерге индустриалды аймақтардағы жер учаскелерінің бір бөлігін жеке меншікке де беруге болады дейді.

– Мемлекетіміздің басты құндылығы – адам және оның өмірі. Дегенмен, өкінішке қарай, бүгінгі таңда денсаулық сақтау қызметі көрсетілмейтін ауылдар да бар. Алдағы 2-3 жылда бізге фельшерлік-акушерлік пункттер құрып, ауылдағы ағайын алысқа сандалмайтындай жағдай жасау керек, – деді Бауыржан Әлтеев.
Жиында еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері де талқыланды. Айтқандай, оның көлемі 2023 жылы 70 мың теңге болады. Және мұнымен тоқтамайды десті. Ал Анарбек Орман шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арта түссе деген ниетін жеткізді.

– Бұлай өте дұрыс болар еді. Мысалы, Анарбек Орман – өз жұмыскерлерінің әлеуметтік құқықтарын үнемі қорғап жүретін жұмыс беруші. Ол басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік қалалық кәсіподақ бірлестігінің құрамына енеді. Және біз қатарымызда осындай мекеме бар екенін мақтан тұтамыз, – деді Бауыржан Әлтеев.

 

Пікірлер