Алдағы сайлаулар таза болып, билік халықпен санассын! - Тұрар Сәттарқызы

3627
Adyrna.kz Telegram

“Халыққа портфелін көмекшісіне арқалатып, есігін біреуге ашқызып, талтаңдап жүретін депутаттар қажет емес. Президентіміздің айтқан Әділетті Қазақстаны болу үшін, “Аманат” партиясына халық сенсін десе, түбегейлі өзгеру керек”. Бұл пікірді ҚР Журналистер одағының мүшесі, “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие орталығының жетекшісі, этнолог-тарихшы Тұрар Сәттарқызы өзінің фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

“Президенттің сайлауынан кейін Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деп жатырмыз. Жаңа Қазақстанға жаңа тұлғалар керек дейміз. Өзгере алады ма, әлде “баяғы жартас, сол жартас” болып қала бере ме? Астана қаласынан Сенатқа сайланған Ақылбек Күрішбаевтың сенаттағы орны босап, ол орынға 3 кісі түсіпті. Болашақ сенаторды қала депутаттары дауыс беріп, қолдауы керек. Айтпақшы, түсіп жатқан бір үміткер 60-тан асқан адам. Өзі қалалық депутат екен. Бірақ сол кісінің халық арасында жүріп, бір шаруа жасап жүргенін көрмеппін. Мәслихат отырыстарынан да көрмейміз. Әлеуметтік желіде үнсіз. Халыққа жақын емес адам өтпейді деп сенгім келеді. 60 -тал түс дейтін дана халқымыз. Сенат, парламент зейнетке шыққандардың демалып отыратын “жұмсақ креслосы” болмаса екен. Тіпті біреуі сенатор, біреуі мәжіліс, біреуі мәслихат депутаттары болған ағайындылар болған. Осындай “шырмауықтай шырмалған” туыстық, рулық, ағайындық тоқтамай, біз көгермейміз.Өйте берсек, Әділетті Қазақстанның ауылы алыс.”,- деп жазды Тұрар Шәкен. 

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанға мемлекеттік тілді еркін меңгерген, халыққа жақын депутаттар қажет. 

“Жаңа Қазақстанға энергиясы түгесілген, халыққа берері жоқ депутат емес, күш-қайраты бар, халыққа жақын, халыққа сөзін өткізе алатын депутаттар керек. Партияға жаңашыл, идеяшыл, бастамашыл тұлғаларды тарту керек. Бұрынғы ескі сүрлеуді тарихқа жіберіп, әділетті сайлау жасау керек! Міндетті түрде мемлекеттік тілде сөйлейтін, харизмасы мықты болса, құба-құп. Әйтпесе, жүректен шықпаған, біреу жазып берген сөздерін мыңқ-мыңқ етіп, қағазға қарап оқитындар енді халыққа өтпейді. Оларға халық енді сенбейді. Халыққа портфелін көмекшісіне арқалатып, есігін біреуге ашқызып, талтаңдап жүретін депутаттар қажет емес. Олардың заманы өтті”,- дейді тарихшы. 

Тұрар Сәттарқызының айтуынша, билік халықтың сенімінен шығамын десе, алдағы сайлаулар әділ өтуі тиіс. 

“Президентіміздің айтқан Әділетті Қазақстаны болу үшін, “Аманат” партиясына халық сенсін десе, түбегейлі өзгеру керек. Егер дауыс беру таза, әділ өтсе ғана, халық сенімінен шыға аласыздар. Ел Президентінің халыққа берген уәдесін орындай аласыздар. Президентке деген адалдықтарыңызды көрсете аласыздар. Екі жол жоқ, жол біреу-ақ! Ол жолдың аты - Халық сенімі! Бұрынғы сенгіш, көнбіс халық жоқ, халық оянды. Жоғалған халық сенімін қайтару, халықтың үддесінен шығу үшін алдағы сайлаулар, тағайындаулар таза болсын. Бұл халықтың ойы. Ал билік халықпен санасуға міндетті”,- деп аяқтады сөзін “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие беру орталығының жетекшісі.

Пікірлер