“Екіжүзділік пе?”: Еділ Жаңбыршиннің Назарбаев туралы жазған екі түрлі посты қызу талқылануда

5704
Adyrna.kz Telegram

Депутат Еділ Жаңбыршиннің әлеуметтік желіге Назарбаев туралы бұрын және таяуда ғана жариялаған посты қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап.

Бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап жазған депутат соңғы постында оны «шалға» теңеген. Журналистер мәжілісменнен осы әрекетінің мәнін сұрап білді. 

2021 жылдың 1 желтоқсанында Еділ Жаңбыршин Назарбаев туралы «оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді» деп пост жазған.

Ал таяуда жазған постында ол бір жыл бұрынғы ойларынан айнып қалғанға ұқсайды.

«Әділдік құру үшін! Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек!» - деп жазды депутат.

Журналистер «бұл екіжүзділік емес пе? Бір жылда не өзгерді?» деген сұрақ қойды депутатқа.

«Бір жылда көп зат өзгерді. Мынаны түсіну керек. Ол (бір жыл бұрынғы – авт) пост – Елбасының жеке басына айтылған пост. Ал кеше жариялаған пост – қалыптасқан жүйені өзгертуге қатысты пост. Сондықтан, қазір үлкен саяси өзгерістер болып, Конституцияға өзгерістер енгізілді. Суперпрезиденттік бұрынғы жүйеден кетуіміз керек. Мықты президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет деген модель бар. Егер Екінші Республиканы іске асырамыз десек, бұрынғы жүйеден кетуіміз керек. Мәселе, соған қатысты. Соңғы жазған постым – адамның жеке басына қатысты пост емес. Осы қалыптасқан жүйені өзгертіп, соған жұмыстануымыз керек дегенді білдіреді», - деп жауап берді ол. 

Сондай-ақ, Еділ Жаңбыршин бұрынғы және бүгінгі посты «екіжүзділіктің белгісі емес» деп жауап берді.

«Бұл жерде екінші пост адамның жеке басына қатысты айтылмаған зат. Қалыптасқан мемлекеттегі жүйе туралы. Сондықтан, контексттен сөзді жұлып алмай, дұрыс оқу керек. Әділ мемлекет құрамыз десек, шалдан қалған жүйені өзгертуіміз керек. Бұл елдің айтып жүрген әңгімесі», - дейді Еділ Жаңбыршин.

Одан бөлек, Жаңбыршин бұл постар “ескі жүйеге” арналғанын айтып тағы бір пост жазды.

“Кешегі пост мемлекетте, экономикада және қоғамда әбден қалыптасып қалған ескі жүйеге арналған. Мағынасына мән беріңіз! Жүйе өзгермей Әділ Қазақстан құру қиын.

Өзгерістер басталып жатыр, бірақ ескі жүйе сахнадан кеткісі келмей арпалысуда. Постымды жеке тұлғаға қатысты жазған пікірлеріме қарай бұрмалап, ақпараттық шабуылдар жасауда соның бір көрінісі! Бұл заңдылық! Билігі мен байлығын кім оңай бере қояды?!

Қолдау білдіріп отырған қазақстандықтарға рахмет! Ауызбіршілікпен, ақылмен, біліммен, сабырлықпен, табандылықпен және мықты рухпен ЕСКІ ЖҮЙЕНІ өзгерте аламыз!  Елде бейбітшілік, басымыз аман болғай!”,- деп жазды ол.

 

Пікірлер