Қаңтар оқиғасына қатысқан қызылордалық 17 жылға сотталды

1241
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда облысында қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан ер адам сотталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, әскери қызметшінің өміріне қол сұғып, лаңкестік әрекет жасады деп айыпталған Қазыбек Құдайбергенов есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 5 қаңтарда сотталушы қаладағы сауда үйлерінің бірінің алдында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысу кезінде әскери қызметшіге қарсы күш қолданып, «КамАЗ»  әскери көлігіне отырып алған. Көлікке отырғаннан кейін газ педалін соңына дейін басып, оны кірпішпен тіреп, артынша көлікті шегініп бара жатқан әскери қызметшілер сапына қарай бұрып, өзі көліктен секіріп түскен.

Соның салдарынан жүк көлігі бір әскери қызметшіні басып кеткен. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарына тіркелген бейнежазбалармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен дәлелденді.

Сот жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, Құдайбергеновты 17 жылға бас бостандығынан айыру, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарды.

Құдайбергеновтың өзі айыбын мойындаған жоқ. Азаттық оның сот үкімінен есеңгеріп қалғанын және көз жасын тыя алмағанын жазады.

34 жастағы Қазыбек Құдайбергеновтың жақтастары алты айға созылған сотта оның адвокаттары дәлелдер келтіргенімен сот бірде-бірін ескермегенін айтады. 

Азаттықтың жазуынша, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket