Сенат Төрағасы: "Әділетті Қазақстан құрамыз, депутаттық корпус сапалық тұрғыдан өзгереді"

3876
Adyrna.kz Telegram

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі туралы өз пікірін білдірді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Мемлекет басшысы өзінің жеті жылдық қызметіне ресми түрде кірісті. Бұл еліміздің саяси өміріндегі айтулы оқиға екені сөзсіз. Өткен сайлауда азаматтарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына зор сенім білдіріп, әділеттілікке табан тірейтін мемлекет, экономика және қоғам құру бағдарламасын қызу қолдағаны белгілі. Президентіміз ұлтымыздың осы үмітін ақтау өзінің алдағы басты міндеті болатынын жариялады. Сонымен қатар, сайлау алдында берілген уәделерді іске асыруға жол ашатын бастапқы әрі нақты жұмыс бағдарларын айқындап көрсетті. Президентіміз өз сөзінде заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты екенін қадап айтты. Осы жолда елден заңсыз шығарылған барлық активті елге қайтару маңызды міндетке айналуда", - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Бұл үшін заңсыз шетел асқан капиталды қайтаруға қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасы әзірленетінін жеткізді.

"Сондай-ақ Президентіміз өңірлерді, оның ішінде ауылдарымызды өркендетуге айрықша көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы ауылды дамыту мәселесін шешуге арналды. Сонымен бірге ауқымды индустрияландыру, инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту ісі де тың серпінмен қолға алынады. Мемлекет басшысы өз сөзінде Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылатынын айтты. Осыған сәйкес алдағы жылдың 14 қаңтарында Сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл біздің депутаттық корпустың сапалық тұрғыдан өзгеріп, өз жұмысын жаңа міндеттер аясында лайықты жалғастыруына мүмкіндік береді. Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы және алда жарияланатын басқа да бастамалар мен міндеттерді заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету Сенаттың алдындағы басты міндеті болып қала береді",- деді Сенат Төрағасы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket