Алматының аса маңызды басымдығы қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын тұрақты арттыру болып табылады, оған жол-көлік жүйесінің тиімділігі көп жағынан әсер етеді. Көп сағаттық кептелістегі уақыттың нәтижесіз жоғалуы азаматтардың әл-ауқаты мен денсаулығына теріс әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар қаланың экономикасы мен экологиясына айтарлықтай зиян келтіреді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы мегаполисте жол – көлік кешенінн құру маңызды екенін атады. Бұл өз кезегінде "адамдар үшін қала"қағидатын іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік бермек.
«Күн сайын Алматы жолдарында транзиттік жүк көлігін қоса алғанда, 700 мыңнан астам автомашина бар. Бұл ағын жыл сайын артып келеді. Сондықтан әкімдік трафикті оңтайландыру туралы үнемі ойлануы, заманауи цифрлық технологиялар мен үлкен деректерді пайдалануы, жол қозғалысын басқарудың Зияткерлік жүйелерін енгізуі қажет», -деді өз сөзінде Тоқаев.
Қаладағы өмір сапасының маңызды құрамдас бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігі болып табылады. Оң тенденцияларға қарамастан, жол-көлік оқиғалары әлі де жиі кездеседі. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл осы маңызды мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін алға тартып, адамдар-біздің басты байлығымыз екенін естен шығармау керектігін жеткізді.
«Полиция жүргізуші және жаяу жүргіншілер мәдениетінің деңгейін арттыру үшін азаматтық қоғамның әлеуетін толық пайдалануы қажет. Біз көшелеріміз бен тротуарларымыздағы қайғылы оқиғалардың санын түбегейлі азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бүгінде Алматыда жолаушылар ағынының негізгі үлесі автобустар мен троллейбустарға тиесілі. Бұл ретте маршруттық желі жеткілікті тиімді ұйымдастырылмаған», - деді Мемлекет басшысы.
Президент келтірген аргументтерге сүйенсек, қалалық маршруттардың көпшілігі өте ұзын, қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктер бір-бірімен тығыз байланысты, тасымалдауға ыңғайлы көлік тораптары жоқ. Осы себепті, Тоқаев «жағдайды шұғыл түрде өзгерту үшін жеке көліктерді пайдалануды азайтуды ынталандыра отырып, қоғамдық көліктің тартымдылығын дәйекті түрде арттыру мақсатында Метрополитен желісін кеңейтуді жалғастыру қажет»,-деген пайымды пікірін айтты.
«Ескірген және экологиялық емес көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауы тиіс-оның орнына газ және электр тартқыш құрамдар жүретін болады. Транзиттік жүк тасымалының көп бөлігін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына ауыстыру да қалаға оң әсерін тигізеді. Ол үшін 6 радиалды және 4 ішкі магистральдық көше салу қажет. Үкімет әкімдікпен бірлесіп осы жобаларды қаржыландыру мәселелерін пысықтауы керек. Сондай-ақ, қалаға кіре берістегі негізгі жолдарды қайта құруды жеделдету қажет. Бұл маңызды жұмыс Алматы агломерациясы шеңберінде синхрондалуы тиіс»,- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Баршаға аян, Алматы мен Алматы облысы - бір-бірімен тығыз байланысты. Маятниктік көші-қон Алматының жол-көлік желісіне үлкен жүктеме туғызады. Сондықтан қала маңындағы қоғамдық көлікті дамытуға ерекше назар аударған абзал.
Сондықтанда алдағы уақытта 50 елді мекенді қосымша қамтумен жаңа автобус маршруттарын іске қосылуы мүмкін.
«Жақында Алматы мен Қонаев қалалары арасындағы электр пойызының бағыты жаңартылды.Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Алматы және Алматы облысының әкімдігі қала маңындағы теміржол қатынасын одан әрі ынталандыру жоспарын әзірлеуі қажет. Алматы агломерациясын дамытудың бірыңғай көліктік моделін құру туралы ойлану қажет»,-деп түйіндеді Президент.