Қарақат Әбден отбасы және демография министрлігін құруды ұсынды

2339
Adyrna.kz Telegram

Президенттікке кандидат Қарақат Әбден отбасы және демография министрлігін құруды ұсынды. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен сайлауалды кездесуде белгілі болды. 

Кандидат атап өткендей, қоғамдағы көп мәселелердің түп-тамыры отбасыдан тарайды. Балалардың үлгерімі, тұлға ретінде қалыптасуы, суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылық, аналар мен қарияларға қатысты проблемалардың барлығы отбасындағы тәрбиеге барып тіреледі. Қазір отбасы мәселесі түрлі ведомстволардың арасында шашырап жүр. Оның айтуынша, отбасы мәселелерімен әлеуметтік қорғау, ағарту, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктері, әкімдіктер мен өзге де органдар айналысады. 

«Отбасы және демография мәселелерімен айналысып жүрген құзыретті ведомстволардың арасында өзара байланыс жоқ. Отбасы институтын бұлайша қолдау мүмкін емес. Отбасы мен отбасы мүшелері бұл министрліктер үшін - индикатор ғана. Мысалы, жұптардың ажырасуы еш трагедия емес, базадағы жазбаның өзгеруі ғана. Меморгандардың ешқайсысы азаматтарға "отбасы", "отбасы мүшесі" деген тұтас ұғыммен қарамайды, жекелеген адам ретінде ғана қарайды. Ал бізге ең алдымен отбасы маңызды. Оның тұтастығы, бақытты болуы маңызды», - деді үндеуінде кандидат.

Өз сөзінде Қ.Әбден халық санының өсуі мен берік отбасы – кез келген дамыған елдің ұмтылатын басты мақсаты екендігін жеткізіп, отбасын қолдау және нығайту — елдің табысты дамуының кепілі бола алатынын айтты.

Бұдан бөлек, кездесу барысында сайлаушылармен өзге де өзекті әлеуметтік-қоғамдық сұрақтар талқыланды.

Еске салсақ, елімізде 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Кандидат Қ.Әбден ел аймақтарын аралап, 9 облыста 30-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта ол Жамбыл облысы сайлаушыларымен жүздеседі.

Тапсырыс беруші: Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қ.Ж.Әбденнің сенімді өкілі А.С.Уразгулов.
Мақала ақысы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қ.Ж.Әбденнің сайлау қорының қаржысынан төленді.

 

 

Пікірлер