Фейсбук қолданушысы Күлайна Оразбекқызы есімді азамат қалың көпшілікке таңсық көрінетін, алайда ата-бабадан жеткен айрықша ем-домды еске салды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Автор түйенің шудасын қайнатып, оның дәрі-дермекке бергісіз әсерін жазады. Шуданың буын ауруларына орасан зор пайдасы жайында дерек келтіреді.
- Тұзды суда түйенің шудасы қайнап жатыр. Сәл суыған соң екі тобыққа орап байланады. Таң атқанға дейін. Аяқтағы жел, сары су, анау-мынаудың бәрін сорып алады екен ғой. Осы емнің арқасында аяққа тұрдым. Қазақы емге ешнәрсе жетпейді екен. Ешқандай медициналық ем-дом, дәрі-дәрмек көмектеспеді. Айтпақшы, күндіз траксевазин жағып қоюға болады, - деп кеңес берді автор.
Орайы келгенде айта кетейік, қазақ түйе жүнінің түбітін, шудасын қол-аяқтың буыны қайырылып ісінгенде, тұзға немесе сірке суына шылап, таңып қояды. Шуда шала туылған баланың жүйке талшықтарының оянуына, тірек-қимыл аппаратында ауытқу болған науқастың дұрыс қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ буын, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады.
"Адырна" ұлттық порталы