Ел еңсесін көтеру процесі жалғасын табуда

2232
Adyrna.kz Telegram
Фото: zhasalash.kz
Фото: zhasalash.kz

Тәуелсіздік алған 31 жыл ішінде біздің мемлекет әлеуметтік дамудың күрделі де қиын  жолын басынан  өткерді. Алғашқы жылдарда бұл жол кедейлік пен жұмыссыздық мәселелерінің шиеленісуімен тарихта қалды. Мемлекеттік ресурстардың әлсіреуінен әлеуметтік қорғауға жұмсалатын қаражат жетіспеді. Әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар мөлшері азайды. Алайда, ауыр жағдай бола тұра халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеу және оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бойынша бірқатар үкімет тарапынан шара қабылданды. 

Еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру 2001 жылы «ҚР халқын әлеуметтік қорғау тұжырымдамасында» бекітілді, онда: мемлекеттік жәрдемақылар, міндетті әлеуметтік сақтандыру, жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік көмек секілді бағыттарды дамыту жолдары қарастырылды.

«2017 жылғы 1 шілдеден бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін; бала тууына байланысты жәрдемақылардың мөлшерін 20 пайызға; жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін қабылданатын табыстың ең жоғары мөлшерін 41-ден 46 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру» жөніндегі түзетулер қабылданған болатын . Негізінде халықты әлеуметтік қорғау моделі -  ел  азаматтарының лайықты өмір сүру жағдайлары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осы бағыттардың бәрі  Қ.Токаевтың сайлауалды бағдарламаларында айқын көрсетілген.

Бүгінгі күнгі  өмір сүру деңгейіне оп-оңай жете қоймадық. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағының құрамына  кіретін елдер тәуелсіздік алып, өз алдарына бөлініп кеткеннен кейін жаңа құрылған мемлекеттерге аштық қаупі төнді. Оның басты себебі - бұрын экономикасы бір-бірімен байланыса тамырланып қалғандығы. Мысалы, Қазақстанда жабылған өндіріс орындары өнімдерінің бір бөлшегі Ресейден, енді бірі Украинадан  және тағы басқа жақтардан әкелінетін болған.Әр мемлекет бөлінген соң өз күйін күйттеп, жан-жаққа бытырады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі үш жыл посткеңестік елдерге аса қиын соқты. Экономика дамыған жоқ. Халықтың әл-ауқаты нашарлап кетті, ең ауыр қиындықтарға тап болды. Жарық көзі –энергия жоқ, бүкіл қала қараңғылық құшағында қалды. Негізгі қиындық  халықтың тұрмысы мен көңіл-күйіне  тікелей әсері бар экономика саласында туды. Ел халықтың тарихи санасында болмаған нарықтық жолға түсті. Экономиканы ырықтандыру, қоғамдық мүлікті жекешелендіру, колхоздар мен совхоздарды тарату процесі басталды. Бағаға шек қойылмай, хаосты жағдайға жетті.Нәтижесінде бұрынғы қалыптасқан шаруашылық жүйесінің 40 пайызына дейін жоғалып кетті.Ауылда да, қалада да халықтың тұрмысы күрт төмендеді, жұмыссыздық жайлады. Әрбір заттың бағасы он-жүз еселеп өсті. Жұмыссыздықтың аяғы қылмыстық әрекеттерге апарды. Өз ішімізде, басқа да елдермен қалыптасқан экономикалық байланыс үзілді, көптеген кәсіпорындар  жұмысын тоқтатты немесе жартылай ғана жұмыс істеуге мәжбүр болды. «Мұндай күйге қазақстандықтар неге түсті?»  деген сұрақ туады.

Одақ тарау барысында кеңестік идеология құлаған соң, сол идеологияға негізделген экономика да құлаудың алдында тұрды. Өйткені, Қазақстанда шығатын заттың әр бөлшегі әр жақтан әкелінетін, өнімді шығару үшін бірі болса бірі болмай қалатын жағдайда тұрдық.Экономика саласында жалғыз бізге ғана емес, басқаларға да күйреу қаупі туды.Оған қоса нарық экономикасы бізге жат құбылыс болатын.Оның қыр-сырын білетін мамандар да жоқ еді.Халық қоғамдағы өзгерістерге қорқа қарады.Және де басымыздан өтіп жатқан тарихи формация да қолайлы болмады.Әлем тарихында капитализмнен социализмге өткен елдердің тәжірибесі бар, ал кері қайтқан, социализмнен капитализмге түскен  ел болған жоқ, енді ол жағдайды бастан кешкен осы егемендік алған 28 мемлекет еді. Оған әлемдік тәжірибе куә. Бұрында «феодализмнен бірден, капитализмді аттап, социализмге өткен елміз» деп біздерді кеңес мектебінде оқытатын еді. Енді не істеу керек? Халықты ашықтырмай бұл жағдайдан  қалай алып шығу керек?

Осы тұста Қазақстан президенті болған  Н. Назарбаев  1994 жылы Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінде оқытушылар құрамы алдында сөйлеген сөзінде Еуразиялық Одақ құру бастамасын көтерді. Алғашында бұл мүлде орындалмайтын көрінген. Бірақ бұл ұсыныстың өміршеңдігі барған сайын айқын бола бастады. Нақтылай айтқанда, Назарбаев ұсынған еуразиялық интеграция идеясы – көршілес мемлекеттердің экономикалық ықпалдастығын белсенді түрде нығайту және оны одан ары дамыту екені бірден байқалды. Дербес өмір сүруді қалаған елдер басшыларын Н.Назарбаев 1991 жылдың 16 желтоқсанында Алматыға жинады. Сөйтіп, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болғандар сол кездегі  ел астанасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрды. Ол шараға 9 мемлекеттің басшылары қатысып, келісімге қол қойды, кейіннен қалғандары қосылды. Одан кейінгі идея – Еуразиялық Одақ құру болатын. Оның мақсаты– ең алдымен үзіліп қалған экономикалық байланыстарды қалпына келтіру еді.

Осылайша, қысқа тарихи мерзімде Қазақстан әлемдегі аса қарқынды дамушы елдер қатарына қосылып отыр. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың да белсенді мүшесіне айналды. Қазіргі қоғамда мемлекетаралық ықпалдастық, әріптестік, достық жағдайлар сипат ала бастады. Осы тұста қоғамдық интеграцияны жүзеге асырудың, ынтымақтастықтың маңызы күн санап артуда. Бұрынғы Кеңес одағы тұсында Қазақстан интеграциялық үрдістерден тыс қалды.Өйткені , жабық жүргізілген саясат республикадан тыс болып жатқан ақпараттарға жол ашпады. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген бір ғана идеологияның әсерінен мемлекет жан-жақты дамудан шет қалды. Кейіннен Кеңес одағы ыдырап, мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң барып қана басқа дамыған мемлекеттер өміріне көз тігіп, халқының әлеуметтік жағдайы жоғары болып отырған елдерге зер сала бастадық.

Осылайша, нарық жолына түсуге бет бұрған елдерге халықаралық ұйымдардың жәрдемі көп көмек көрсетті.Халықаралық валюта қорының, Бүкіләлемдік банктің миссионерлік рөлі ерекше болған еді.Олар Қазақстанның болашағына сеніммен қарады.Ал Қазақстан болса  халықаралық қауымдастыққа өзінің бейбітсүйгіш ел екенін, басқа елдермен ашық әрі өзара  тиімді саяси, экономикалық қатынастарға дайын екендігін, өз елінде ұлтаралық келісім мен ішкі ұлттық бірлігін сақтай білетіндігін, демократиялық даму жолының туын берік ұстаған, әлем қорындағы парасат пен құндылықтарды жоғары бағалап қана қоймай, оларды дамытуға ат салысатын ел екендігін көрсете білді.Әсіресе, Қазақстан ашық демократиялық  қоғам құрып жатқан мемлекет  бола білгендігіне шет мемлекеттердің көзін жеткізе алды.Соның арқасында тәуелсіздік жылдарында елімізге 120 млрд.доллардан астам инвестиция келген екен.ТМД елдері бойынша бұл ең үлкен көрсеткіш екендігін бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Халықтар бірлігінің арқасында 170 тен астам мемлекеттермен экономикалық, мәдени, рухани, экологиялық байланыстар орнаған. 

Әрине, мемлекет жүргізіп отырған саясаттың кемшілік тұстары да айтарлықтай болды. Алайда, сол артқа тартқан жағдайлармен күрес кезеңін бастан өткере отырып, ел еңсесін көтеру процессі  жалғасын табуда. Сондықтан, үкіметтің жүргізіп отырған саясатын қолдап, алдағы сайлауға дауыс беру баршамыздың міндетіміз екендігін естен шығармайық.

                              Клара Қабылғазина, 

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің ассистент профессоры

Пікірлер