Бір перзентке зар болған жанның қуанышын оқыған қалың қазақтың көзіне жас іркілді

8266
Adyrna.kz Telegram
Фейсбук қолданушысы Сәкен Ділдахмет есімді азамат жол үстінде болған таңғажайып оқиғамен бөлісті. Автордың жылы жазбасын оқыған қалың қазақтың көзіне қуаныштан жас іркіліп, оқиға кейіпкерінің ең жанашыр тілектесі мен ақжолтай ағайынына айналды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  
Қоғам белсендісі Сәкен Ділдахмет қуанышты хабармен бөлісіп, шаңырақ құндылығы мен отбасындағы бал бақытқа қатысты тағлымды оқиғадан сөз етті. "Таксидегі қуаныш" деп аталған оқиға төмендегідей өріледі.
"40 минут бұрын такси шақырдым. Жамбылдық нөмірлі жүргізуші келді. Жолдағы кептелісті қысқарту мақсатында әңгіме дүкен құрдық. Азат есімді жігіт Тараздан 2 ай бұрын астанаға көшіпті. Жерлесім болғандықтан, ананы-мынаны сұрап әңгімелестік. Астанаға жұмыс бабымен қоныс аударыпты. Сол жұмыстан шыға сала, кешкісін осылай такси болып қызмет істейді екен. Қаланы әлі дұрыс білмейді. Жол бойы таныстырып келдім.
10 жыл болыпты отау құрғанына. Бірақ әлі перзент сүймедік, талай емделдік, сол бақытты күтіп жүрміз дейді. Мен оны қайта қолдап, демеп, бәрі жақсы болады дедім.
Үйге жақындай бергенде келіншегі қоңырау шалды. Анау Азат айқайлап, көзінен жас шықты. Суық хабар жеткізді ма деп өзімше ойлап қалдым.
Көлікті жолдың жиегіне тоқтатып, далаға атып шықты. Ұлы Даланы басына көтеріп жүгіріп, секіріп кетті. Не болып қалды деп, мен де шығып жағдайды сұрадым.
Сөйтсек, келіншегі көтеріпті. Бір балаға зар болған қуаныштың қандай болатынын өзім көрдім. Құттықтадым. Ол мені құшақтап, балаша мәз болып кетті. Сол көлікке мінген мен қырықтың бірі болған қыдыр шығармын деп ойладым.
Бақыт деген осындай екен!" - деп тебіренді автор.
Жылылық ескен жазбаны оқығаннан кейін көңілі босамаған жан қалмады. Желі қолданушыларыларының:

"Айдаладағы мен қуанып отырмын", Қандай керемет сезім! Аман-есен дүниеге келсін! Енді сізге “Азат әке болды” деп сүйінші сұрауды жазсын! Ұл болса есімін Сәкен қойса тіпті керемет",

"Қандай керемет жаңалық! Қанша жыл бойы қиналды",
"Осы орайда, адам тағдырында неше түрлі болатынын білмейтіндер, ойланбайтындар, қалай болса солай сөйлеп: неге бала тумайсың; бала тумасаң, бәрі бекер; балаң болмаған соң, ақыл айтпа деген сияқты адамды "кемсіту" әрі жеке шекараны ескермей сөйлей беретіні өкінішті…
Барша адам баласы осылай бақытты болсын",
"Бұрынғы адамдар біледі, жер аудару керек деп айтатын, аузыңыз дуалы болғаны ғой, тек жақсы нәрсе айта беріңіз, Елге, қазаққа қатысты жақсы нәрселерді көп айтыңызшы",
"Досым бар, әйелі Қызылордада көтермей жүрген, Астанаға көшкен соң екі балалы болды. Климат ауыстырған дұрыс",
"Қуанышы ұзағынан сүйіндірсін!" деген ізашар тілектер жанға жылылық ұялатуда.
Қазақтың басы аман, бауыры бүтін болсын! Шаңырағының іші жанға, сырты малға толсын, ағайын!
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер