Орыс тілі сабағы

13887
Adyrna.kz Telegram

("Қошқармен қоштасу" топтамасынан)

Бұлдыр да бұлдыр 1967 жыл менің өмірімде екі бірдей маңызды уақиғамен айшықталды: біріншісі, сол жылы жаңадан шыққан "Конек-Горбунок" дейтін бүршік кәмпитті сүйсіне жалап-жұқтадым, екіншісі, біздің үй қара күзде Қосшағылдан Қошқарға көшті.

"Е-е, байымыз пыркорол болып тұрғанда біз қай жерде болмадық – Сағызбен, Қошқармен, Нармонданақпен айналдық қой!" – деп күпсуші еді бір апамыз марқұм шешемнен "от ала келіп" отырып. Сондағы Сағызы, Қошқары, Нармонданағы – көшсе түйе қолтығы терлемейтін ауылдар.

Өрістен қайтқан қойдай боп жуас аққан Жемнің жағасын тастап шығып, атының өзі ешкім көрмеген Лох-Несс көлінің құбыжығындай зәрені алатын Қошқарды біз де көрдік-ау. Жер жетпегендей, екі сордың аралығындағы, жер тістеген мық бұйырғынның қалыңында қайраңның құмтіліндей созылған ұзынша дефилеге орналасқан екі көшелі шағын мұнайшы поселкесі екен.1944 жылы мұнай бұрқағы атқанда Қарабаудың беріші мен есентемірі, хайтармамен келген шешендер салыпты. Ол кездегі промсылдардың бір ерекшелігі – қырдағы ауылдар жеркепенің жер еденіне қарақағаз төсеп отырса, мұнда электр шамының отты селі жарқырап, толқып тұрады. Жалғыз "әттеген-ай" – орыс мектебі жоқ. Дәлірегі бар, бірақ өз алдына ерат емес, қазақ мектебінің жанынан ашылған бастауыш төрт класс. Одан әрі аудан орталығы Доссорға кетіп, сондағы мектеп-интернатта жатып оқисың.

Қосшағылда алтыпәтерліктегі көршіміз Мещеряковтың нәсіл-нәсібі бізбен ойнап жүріп қазақша тіл сындыратын, ал біз керісінше Лермонтов мектебінің партасында отырып, "намаздығымызды" орысша ашқанбыз. Марат екі жылды, мен бірінші сыныпты сонда тауысқанбыз. Енді екеуміз "Беліме буынғаным кемер белдік, дариға-ай сол арадан неге келдік" күйге түстік. Рухани субстанциямыз бастап тән алған сөздерімізді іздеді. Бірақ амал қанша, қоғалы көлдер қабыршақтанып, жаңа оқу жылы бастала әлгі ерат мектебіміздің табалдырығын аттауымызға тура келді. Жағырапия – тағдырың, дейді ғой. Осы тұстан менің саналы ғұмырым өз санағын бастайды. Және біртүрлі қызық бастады.

Кейінірек білдік қой, сонау елуінші жылдары қалада да, далада да әртүрлі класс бір орында қатар отырып оқитын мектептер болғанын. Қалалы жерлерде коммуналдық пәтерлерге үш класты бір мезгілде үйіп-төксе, шалғай дала қостары мен бұрғышылардың вахталық қоныстарында төрт бірдей класс бір бөлмеге шүпірлеген. Қошқардың бастауыш орысшасы осы соңғы әдістің сірге жияр соңы болып шықты, айырмасы, алғашқы екі класс түске дейін бір бөлмеде қатар отырып, білім бұлағына бас қояды, 3-4 сынып түстен кейін келіп сусындайды. Біздің ауысымда апай әуелі бірінші кластың бақа-шаяндарына сабақ түсіндіріп, тапсырма беріп болып "Теперь сидите тише" дейді де, одан әрі указка таяғын екінші қатарда отырған бізге шұқшитады. Біз сабақ өтіп жатқанда 1А тапсырманы орындаудың орнына ауыздары ашылып, бізбен бірге" жарқын болашаққа" саяхаттап кетеді, ал Любовь Константиновнаның сырғауыл таяғы бірінші қатарға оралып келген шақта біз былтыр өтіп кеткен букварымызбен шұрқырасып қайта табысып жатамыз. Лықа толы класс күніге осылай абыр-дабыр, ың-зың...

Сірә, бала есін жеті-сегіз жастан дұрыстап біле бастайтын болуы керек. Неге десеңіз, Қосшағылда алғаш қолыма қалам ұстатқан мұғалімді еміс-еміс білемін – "шотландка" дейтін шақпақ жейделі орта жастағы ер адам екені ғана есімде, есесіне Қошқардағы Любовь Константиновна апайым жадымда біршама сақталған. Валентин Распутиннің "Уроки французского" дейтін белгілі повесінің бас кейіпкері – француз тілі мұғалимасы Лидия Михайловна соғыс кезінде Байкал өңіріне эвакуацияланған байырғы мәскеулік қыз, Иркутск шет тілдер институтын бітіргесін жолдамамен Усть-Удеге келіп, болашақ жазушы оқып жүрген село мектебінде сабақ берген ғой. Кейін фамилиясы Молокова екені анықталып, жазушы онымен хат жазысып тұрған. Ал мен үшін Любовь Константиновнаның Қошқарға қандай жағдайда тап болғаны мәлімсіз, фамилиясын да анықтай алмадым. Институт бітіріп жолдамамен келген дейін десем, жас шамасы ересектеу көрінетін. Есімде көбірек қалғаны, қаздаңдаған түп-түзу аяғы... Сосын, сыптай боп таза киінетін. Сұңғақ, сымбатты, жиегіне алтын шайған көзілдірігінің арғы жағынан тотияйындай көкпеңбек көзі өңменіңнен өтіп кетердей. Сөзі аптық, көзі тіп-тік дейтіннің дәл өзі, қысқасы.

Любовь апай кәсібіне аса жауапкершілікпен қарайды. Ертелі-кеш мектептен шықпай, тек оқытумен шұғылданатын жампоздың өзі. Оның сыртында төрт бірдей класқа жетекшілік жасау деген бар ғой. Соған қарағанда ішкі жақтан білім тиянақтап келген болуы, әйтеуір педагогикасы мен әдістемесі осал емес-ті. Ол кезде тегершік автоқалам атымен жоқ, кедір-бұдыр партаға шынтақтап мініп алып, қарасауыттағы көк сияға онбірінші қаламұшты малып қойып, кең жол дәптерге әріптерді ірі-ірі әрі көркемдеп жазып мықшыңдап жатқаның. Ол үшін қаламның темір ұшына ерекше әдіспен салмақ түсіре отырып, көлбей, еңістеп жазбақ керек. Урок чистописания дейміз. Арасында орнымыздан тұрып, саусақтарымызды ашып-жұмып, "Мы писали, мы писали, наши пальчики устали, дадим им отдохнуть" деп шулаймыз. Химиялық қарындашпен жазатын, содан бет-ауыздары сатпақ-сатпақ 1А біздің Ярославль металл бұйымдары зауыты шығарған қаламұшымыздың шиқылын ұзақ аңдап, терең барлап, сілтедей тұнады.

Осы бір күнделікті дағдының әсері ма екен, мектепте көркем жазу сабағынан шылғи "бес" алатынмын.

Десе де, бір жазушы жазғандай, "омырау сүтінің қажеттілігін одан әрі өтеген сол бір рационда", яғни мектеп беретін білім-білікте бір нәрсе – Көкбөрінің ашқылтым саумал сүті жетіспейтін. Бүгінде аралас мектептердегі қаракөздеріміз бір мезгілде екі түрлі түс көреді екен ғой, осыған ұқсас жағдай біздің басымызда да болды. Класта: "Вор – вол", сыртқа шықсаң: "Ұры – ұлы". Мында: "Ты сидера бы, морчара, будто деро не твоё", ал жардың аржағы: "Шеше кеше сынды неше кесе". Бүгінгі аралас мектептерде қазақша оқитын балалар үзіліске шыға сап орысша шүлдірлесе, тоқсан сегіз пайызы қазақша мектепте орысша оқитын біз кластан шыға бере айналайын ана тілімізге көшіп аламыз.

Қошқар – жан саны бес жүзден шамалы асатын шағын ауыл. Толық промсыл емес, мұнай-газ өндіретін цех, соңыра мұнай өндіретін учаске болды. ЦДНГ, УДН дейді. Шылғи қазақ тұрады, әгәраки Жоғарғы көшедегі Гаркало әулеті мен шет Пожарный ауылдағы Петроны есепке алмасақ. Мишка Гаркало бізден екі сынып жоғары, Мараттармен оқиды. Орысша оқығаны бар болсын, балалар үй сыртынан "Мишка, шық, ойнаймыз!" деп айқай салса, ол соғылған "Ұйықтап жатырмын!" деп қарсы айқайлайды. Орысшасынан қазақшасы ілгері. Ал енді Қошқардың аборигендері орысшаңды омыртқа бұтарлағандай бұтарлайды-ау. Бірде Ленинградтан ССО-мен келген орыс бикештер моншаға түсіп жатқанда суқұбыр жарылып кетіпті. Дереу қолының көзі бар Түсеш слесарь шақыртылады көмекке. Сондағы Түсекеңнің кіріп келіп, Хауа анамыздың кәстөмімен тұрған питерлік сұлуларға шашқан жарлығы: "Аварыный положение! Не могу терпет! Задом повернис!". Монша азан-қазан...

Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының жазуынша, Асыдағы мектеп-интернатта орыс тілінен сабақ берген Михаил Васильевич Львов балаларды "Сколько часов? – Который час?", "Когда ты родил? – Когда ты родился?" секілді сөйлемдердің қатесін тауып, дұрысын қолдануға үйретеді екен. Бірде жақсы оқиды деп жүрген Пірәлі қара басып шатасып, жанындағы Марусяға "Когда ты родил, Маруся?" деп қойып қалады. Кластан атылып шыққан Маруся сол күйі Жуалының асуынан асып жоғалған екен дейді...

Жадым таңдамалы-талдамалы ғой менің, яғни өзіме керектіні ғана ұстап қаламын. Балабақшадағы балалардың кейбірінің аты-жөні әлі күнге есімде, айталық Райхан дейтін қуыршақтай қыз баланың, тіпті Сүйербаева екенін де білем, сөйте тұра Қошқардың орысшасындағы кластастарымның бірде- біреуінің атын білмейді екем. Әйтеуір солардың біреуі бір күні сабақ айтып тұрып сасқалақтап, Люблю Константиновна деп салды. Любовь апай күлейін десе күле алмайды...

Жатырын жатырқаған он бес жарымес су сапырған тентек. Олар ғана емес, жалпы мектеп бір-бірлерінен еді. Жабайы десем артықтау болар, бірақ ажайыб екені анық. Сабақ та, үзіліс те өзінше балахана-балаған. Үлкен үзіліс "бір төбенің тозаңын бір төбеге қосады". Сол кезде сәнге асқан ленталы пиротехникалық ойыншық – пистон атылады. Иісі әлемет, петардадан да жаман.

Сонымен, не керек, алыстағы Қошқарға білім ұрығын себемін деп, асқаралы арманмен келген Любовь Константиновнаның тай жегендей талабын біздің төрт "хулигански" класс тізеге салып сындырды-ау ақыры. Мен үшіншіге көшкен жылы "классная дамамыздың", ауылдың қатындарынша айтқанда "сабаншаш албасты әйелдің" орнын сипап қалдық. Оның кетуімен болар-болмас мектептің толар-толмас орыс кластары да жабылып тынды. Орыс бойындағы ақ адамдық комплекстерден қазақ жерін жерсінбейді деген пікір бар ғой, солай да шығар, ал менің білетінім - Қошқар және Любовь апай дейтін ұғымдар о бастан бөлек жаралған ұғымдар-тын. Распутиннің Лидия Михайловнасы Удеде бір инженерге тұрмыстанып, Үркітте қалып қойған, ал біздің Қошқарда Любовь апайға жіп тағарлық ондай орыс азаматы болмады.

Хош, қағынан жеріген отыз дүбәраның алдынан енді "Боламыз ба, бордай тозамыз ба?" деген гамлеттік сұрақ көлденеңдеді.

Шешем адайдың қызы, басы қаттылау кісі, сол "генерал" айтты:"Алысқа, интернатқа бармайсыңдар, өліп қаласыңдар" деп. Сондағы алысы – отыз шақырым Доссор. Сөйтіп үшіншіні Қошқардың қазақ класынан бастадым.

Ғалымдардың айтуынша, адам инсульттан соң кейін келе қылған тілінде емес, өзінен-өзі ана тілінде сөйлеп кетеді екен. Және де қай тілде ойласаң, сол сенің туған тілің. Менде ондай проблем болған жоқ – қайткенде де шикі ауылда, түйенің арасында, қазақы қарапайым инженер мұнайшының отбасында өстім ғой. Сонда-дағы жаңа ортаға жалтақсыз араласып кеттім десем өтірік болады. Оған ең басты кедергі – көзімді ашып көрген әліппемнің Букварь болуы. Онда қазақ әліпбиіндегі басы имек қайырылатын "І" сияқты әріптер жоқ, ал мен оның орнына кіші "і"-ні үлкен қылып жазамын. Класс ду күледі. Жіңішкелік белгісін "мягкий знак", қысқа "и"-ді "и краткий" деп және қатырамын (әлі де солай). Санаққали Құлжығаров пен Ашықауыз Нұрландар зоопарк көргендей мәз. Көрші кластағы Мараттың да оңып тұрғаны шамалы - апай аққудың сүгіретін көрсетсе, "Лебедь! Лебедь!" деп атып тұрады. Ең қиыны, "қанағаттандырылмағандықтарыңыздан" деп аш ішектей шұбатылып келетін сөздерді айту. Ғажап, бір сөзде  – 32 әріп! Орыс тілінің флективті, қазақ тілінің жалғамалы екенін ол кезде бізге кім түсіндіріпті.

Қысқасы, қазақ тілі мен үшін "Абылай аспас сары белге" айналды. Жазғанда қате жібермеймін-ау, бірақ заңдылықтарын басым алмай қойды. Соның кесірінен таңдаған мамандығымның негізгі құрылыс материалы – қазақ тілінен ылғи үш алып, жарты балл жетпей, университетке қатарынан екі жыл түсе алмадым. Осында бастауышта қазақ тілін аттап кетуімнің әсері бар болуы керек. Қошқар не орыс емес, не қазақ емес пгт-лар – Доссор мен Мақатқа қарағанда қазақы дедім ғой ілгеріде. Дегенмен ол да шөре-шөрелеу еді. Үйдегі бес сомның кішкентай радиосы ұзақ күнді қылдай етіп екіге бөліп, екі тілде сайрайды. Көшеде бағанға ілінген қауға радионың түбіне отырып алып тыңдайтын футбол репортаждары боса-болмаса да орысша. Ара-тұра ішкергі қалалардан келіп, Мұнайшылар клубында ойын қойып кететін әртістер жайында тіпті әңгіме жоқ. Қылаяғы дүкенде дөреген азық-түлігіңді де орысша атын айтып сұрайсың: елу бес тиынның сгущенное молокосын, сегіз тиынның коржигін, төрт тиынның ливер беляшиін, он тиынның сухой компотын, жиырма екі тиынның дюшес лимонадын, отыз үш тиынның кильки в томате-сін бер деп қылқылдап тұрғаның. Әсіресе клубтан "Дефо"киностудиясы түсірген "Лимонадное Джо" фильмін көрген соң "Дюшестен" дәмді сусын жоқтай болып көрінеді (шыны да сол).

Бір қызығы, жоғарыдағылар Қошқардың ішкі жағдайын жақсы білетін болуы керек, әйтеуір орысшаны қазақшамен шалаптап отыратын. Мысалы, фильмдер екі тілде келеді. Үндістер теңбіл атпен қақақулап шауып жүретін "Джо"-ны орыс тіліндегі нұсқасында көрдік, ал "Қалқан мен семсер", "Аспаннан түскен бесеу"сияқты шытырман оқиғалы военный кино, балаларға арналған "Шақшақай" ("трясогузка"), "Шақшақай қайта ұрысқа шықты", "Жамантай" ("Мальчишка-Плохишка"), "Ташкент – тоқ қала" қатарлы киноөнімдерді қазақша дубляж нұсқасында тамашалайтынбыз. Маған әсіресе "Қалқан мен семсер" естен кетпестей әсер қалдырды. Сеанс сайын "Сохранять до конца сеанса" деп міндетті ескертпе жазылып, қатар-орны көрсетілген билет-контрамаркамен кіріп, кірпік қақпай қараймын. Әнеу бір жылы Бакуде өткен бір форум кезінде Станислав Любшинмен танысып, ол ойнаған кеңес барлаушысы Иоган Вайс бейнесі өзіме қалай әсер еткенін айтып едім, қартың: "Скорее моя самая лучшая роль в "Не стреляйте белых лебедей" деп басқа қиырдан табылды...

Төртіншіге көшкен жазда сөзден ұшынып ауырдым – өзімнен өзім кітапқа аңсарым ауды. Екі-үш жылда мектеп және поселкелік кітапханалардың кітап қорын ада қылдым. Тегінде жазушы адамға тілдік стихия бала кезінде даритын болу керек және бұл кереметті өзге ештеңемен, тіпті әдеби тілмен түзету мүмкін еместей. Бірақ тағы да бізге кітапты жүйелеп оқуды үйреткен, бет нұсқаған кім бар дейсің – қолға түскен-түскенінше қылғытамыз. Кеңес одағы өз заманы үшін кітапқұмары ең көп елдің бірі болды делінеді ғой, кім білген, анығы, зытымдағы құйттай ауылда екі бірдей кітапхана болды және олардың қоры арзан қағазға басылған, бірақ таралымы мол кітаппен ұдайы толығып отыратын. Және де әлемдік әдебиеттің таңдаулы үздіктері қазақ тіліне аударылып келеді, аударылмағанын орыс тілінде оқимыз. Осылайша төртінші сыныптан бастап Хамза Есенжановтың "Ақ Жайық" трилогиясынан құлатып біраз төл дүниелерді, аудармадан Луи Буссенардың "Қаһарман капитанын", Григорий Адамовтың "Екі мұхиттың сыры", авторы есімде қалмаған француздық "Тірі жетімді", тіпті балаға арналмаған Джек Лондонның Бекболат Омаров тамаша тәржімалаған "Мартин Иденін", Садриддин Айнидің Асқар Тоқмағамбетов қазақшалаған "Құлдарын", Ги де Мопассанның Әбіш Кекілбаев өзімізше төгілткен "Өмірін" бір жазда саудыратып оқып тастадым. Оның сыртында "Цусима", "Порт-Артур", "Граф Монте-Кристо", "Три мушкетера"... бұлар орысша кетті. Осы кітапты екі тілде кезектестіріп оқу маған кітаптың жақсысы да, жасығы да қай тілде жазылғанына қарамай ортақ бір үлгіде, бір сөздік қорында қалыпқа салынып қатырылатынын, олардағы айырма сөздердің өзара сәуле түсіре алуында, темп-интонация-акцент қатарлармен келе алуында екенін ұқтырды. Осы арада қалың кітаптарға бірден түскендіктен жалпы әдебиет ауылына әкелетін жолдың басы – ертек кітаптарды аттап өтіппін, бұл бір жағынан кейіпкерлері өліп қала беретін сербтің "Қағанақбас, қылкеңірдек және шибұт" секілді ертектерінен, қатыгездеу орыс балалар әдебиетінен мені сақтап қалумен қатар өзіміздің балалар әдебиетін де орағытып өткен екенмін. Оқуды орысша бастауымның кері ықпалы осыдан көрінді. Әрине, ол мүлтіктің орнын кейін "Батырлар жыры", "Рүстем-дастандар" толтырғандай болды, десе де сол кертіктің зардабын әліге дейін тартып келемін...

Бесіншіге көшкен жылы, екі тілдің арасында шөре-шөре қалпымда қаламға қараппын. Сол жасында әйәй апайына құмарлық өлеңін арнап жіберген Айтбай Сәулебек сияқты мен де егер орысша оқуыммен бесіншіге жеткенімде алғашқы өлең шатпағымды Любовь Константиновнаға арнап жіберер ме едім, қайтер едім, бірақ мен үшін тарих доңғалағының басқаша айналуы жалпы жазу өнерімді орысша бастаудан сақтап қалыпты. Сондағы бір қалың дәптерге толтыра жазылған поэзиямның жылан қарағы жалғыз шумақ-тұғын, өзімнің ойымша. Суат басында аңшының мылтық қарауылына ілігетін елік жайлы ғой... "Көгілдір бояу төгіліп қалған қиялым,/ Үрікпей жетті және де маған жыр-ағын./ Мылтықтың басын қайырып қалар шағымда,/ Арда емген елік талақ қып тастад қияңын..." деп келеді. Есімде қалған осы шумақты кейін біршама танылған ақын таныстарыма оқып бергенімде олар бір ауыздан алғашқы жолымды ұнатты. Оны Қадыр Мырзалиевтен жымқырғанымды әлгілерге айтпадым бірақ. Негізі ыңғайсыздау болды, дегенмен сол жалғыз жолды өзімдікі санайтынмын: біле-білгенге дүбәра баланың әдебиет ауылына басқа емес өз тілінде қадам басуына септескен дәл сол "көгілдір бояу төгіліп қалған қиялы" еді ғой. Ал сегізінші класта жүргенімде Дүкенбай Досжановтың "Жібек жолы" романының сұрапыл әсерімен қалың дәптердің екі жақ бетін толтыра жазылып қалған тарихи "романымның" 1-ші бөлімі ендігі жерде бөтен тілдің бөгенайына ауаланбай, дәл өзіміздің тілде тарта беретінімді баршаға – соның ішінде өзіме – паш етуімен құнды болды. Мен енді қазақша жазуға алаңсыз ден қойдым.

Сонымен қатар ішімде "Қодардың үшкір тұмсық қанжарындай жүректі егіз екіге бөліп", әлдебір өзгерістер жүріп жатқанын сезбеппін де.

Жоғарыда қазақ мектебіне ауысқаныммен, орыс тілімен арақатынасымыз шарт үзіліп қалмады деп едім ғой. Мұның сыртында орыс тілі ұлттық мектептерде міндетті пән. Одан бізге Гурьев пединститутын орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп келген ағайлар мен апайлар береді. Мысалы, 3-4 сыныпта Досан ағай. Етжеңді сары кісі, көзілдірік тағады. Сабақ үйреткенінен газет оқыған боп отырып көз шырымын алуы көбірек (мектеп директоры еді, шаршайтын болуы керек). Марқұм арасында селк етіп оянып кетеді де, көзі түскенін саусағымен іліп: "Болван, бері кел!" деп тақтаға шығарады. "Саған единица, келесі жолы семіртіп әкел" дейді. Одан кейін Айман апайдың эрасы... "Чито?" деп шақылдайды. "Что" дегені ғой...

Кейін орысша іс қағаздарын жаза бастағанымда орысшамда ойсыраған олқылық бары анықталды: окончание-ден қате жібереді екем. Осы және басқа да тіл заңдылықтары кейінгі сыныптарда үйретілуі тиіс еді, ал мен ол кластарға жетпей кеткенмін. Олар, әрине, қазақ мектебінде орыс тілін оқыту бағдарламасында да қарастырылған, бірақ жоғарыда айтылған " адам факторы"...

Дегенмен, менің орысша сөздік қорым басқалармен салыстырғанда едәуір мол болыпты – кейін Мақаттағы апайым Роза Нұрсейітованың айтуынша. Қошқарда жүргенде басқалар кластың сұлуы Алтын Әлімгерееваны Әлчка деп жатқанда мен ласкательно-уменшительныйдың заңдылығы бойынша (өзімді үйреткендей) Аллочка деп еркелетемін.

"Орыс тілі темір шеңберлермен құрсаулап тұрмаса ағаш бөшкенің тілікқабырғасы қазақ тілі шашылып қалар еді" – Олжас ақынның бұл сөзі тарихи шындыққа қиғаш, әрине. Десе де, орысшаға ерте жастан бастандырылған адам кейінірек ана тілінің шүйгінімен табысқан күнде де әлгі алғаш әліппе ашқан тілімен арада бияз қабықтай бір байланыстың сақталып қалатыны өмірдің шындығы. Ұйыған қатықтай дірілдеп әйтеуір бір сағым шақырады да тұрады. Әсіресе жазатын адамды. Қалам ұстаған жан үшін алғаш Сөз дейтін сиқырлы әлемнің бақшасына қай тілмен келіп кіргенің маңызды екен. Осы қасиет бойыңда алғаш нышан тастаған күні ақ қағазға түсірген ең бірінші сөзіңді кім қай тілде құлақ түбінен сыбырлап тұрғаны маңызды екен. Белгілі мұнайшы Нәсіпқали Марабаев жайлы кітап жазған Әбілқайыр Спан ағамыз мынадай бір дерек келтіріпті.

Гурьевтегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатта Нәсекеңдерге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Мәскеу университеті филология факультетінің түлегі Бронислава Яковлевна Гофман диктантта бес қате жібергенге "екі" қояды екен. Әсіресе дауысты дыбыстарды қатесіз жазуды қатаң талап етіпті. Нәсекең орыс тілінен де жақсы болған, тіпті Гофман диктантқа дауыстап оқып тұрғанда басқа балаларға қимылмен көрсетіп отырады екен: қаламсабымен ауада имек белгі сызса, үтір дегені, қаламсабын сиясауытқа бір рет малса – нүкте, екі рет батырса – қос нүкте, мұрнын шуылдата күрсінсе – леп белгісі. Сөйткен Нәсекең орыс тілі мен әдебиетінен төртке шығып, алтын медаль ала алмай қалған. Бронислава Гофманның өз пәнінің бәсін қаншалықты жоғары бағалағанын осыдан-ақ аңғарасың. Ерте көзі ашылған мәдени халық, классикалық адами құндылықтарды ұлық тұтқан ел ғой, қанша дегенмен. Ал солардың барлығының басына өздерінің айшықты әдеби тілдерін қоятындарын айтсайшы. Үлкен халықтар несімен үлкен? Ең алдымен тілімен, тіл арқылы орнайтын жора-тәртібімен ұлы. Мынаны қараңыз: балабақшадағы екі, бастауыштағы екі, жамиғы төрт жыл бойы миыма ұдайы түрде орысша қилы сөздер құйылып отырыпты, солар бала көкірегімде жазулы хаттай жазылып қалыпты, күнді айға, айларды жылға жалғап, сәт сайын ойсанамды нәзік те әсем тетіктермен бұрай отырып, әлі буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған жас баланы өзі үшін таңсық, сонысымен де қызықты соны өріске жетектеп әкеп, жаңадан адам қалыптаудың шарасы атқарылып жатыпты. Мәдени қоректендіріпті, бүткіл алдағы өміріңе, – соның ішінде әдебиетке қарай жаңа қадам басқан ынтызар көңіліңе, – бет нұсқап, тіпті бағыттап отыратын, бөтенге тәбия берік іргетас қалап үлгеріпті. "Несі бар, мен енді екі тілді қазақпын ғой – кәсіби қажеттілікпен бір мезгілде қазақша да, орысша да ойлай аламын ғой", – деп тоқмейілсітіпті. Бетеге кетеді, бел қалады. Су кетеді, тас қалады. Сүрме кетеді, қас қалады. Оның себебі, тіл – ең бастапқы модель қалыптаушы жүйе. Өзге модельдеуші жүйелер – мәдениет пен өнер екінші орында. Ресейлік мәдениеттанушы Юрий Лотманның семиотика ілімі бойынша солай. Яғни тілің қай тілде шықса, сол тіл өзегіңе біржола құрт боп байланады. Сол себепті жапондар бастауышта баланы өз тілінде ғана оқытады. Бастауышқа ең үздік мұғалімдерін жібереді. Жабропа да баланы он жасқа дейін өзге тілде оқытпайды. Мектепте алғаш кітаптың бетін қай тілде ашқаны, қолына алғаш кім қалам ұстатқаны, кімнің сөзін тән алғаны, қысқасы, томағасы қалай сыпырылғаны айрықша маңызды деп біледі. Мұны қазақ жәдидтері де жақсы білген. Өздері де орысша оқыған Ахаңдардың "Бала жаны ақ қағаздай тап-таза болып тұрғанында бастауыш білімді ана тілінде алсын, білім мен тәрбиенің негізі бастауышта" деп шыр-пыр болатыны содан. Олай болмаса адам өзін танымай қалады.  "Бұлар – американдар – кетер-ау, бірақ сонан соң біз өзімізді өзіміз танымай қаламыз ғой", – дейді француздар түсірген "Қара алтын" фильмінде Сауд Арабиясының негізін салушы ханзада Аудидің әкесі Омар сұлтан. Осыны естігенімде есіме бала кезімізде Қошқарда айтатын санамақ түсті. "На крыльце сидели – царь, царевич, король, королевич, сапожник, портной, кто ты будешь такой?" дейтін біз бір-бірімізді саусақпен кеудеден шұқып.

Бәсе, мен кіммін осы?

Ұлттық арамшөп болмаспын, "төртінші жүзге" де ауыл-үй қатар қона бермеймін, сонда да біртүрлі бір жайсыздық бар. Ең жеңілі, бір түйір қызымды жанымнан жақсы көруімнің өзі үйде еркек баланы ұлық тұтатын ата дәстүрімізге шалыс та, қыз баланың қолына барып тұратын орыс отбасыларына келіңкірейді. "Осы мен орысқол емеспін бе?!" деп қоямын өзіме өзім. Ол да ештеңе емес екен, елуді еңсере қараптан қарап орысша жаза бастағанымды айтсай. Мақала, эсселер. Мұрат ағам (Әуезов): "Орысшаңда чешендердегідей артық-ауыс сөз болмайды екен", – дегесін, еліккенге желігіп, "екінші планнан" шықтым – енді орыс тілінде ми ашытатын үлкендеу кітаптар жазып тастадым. Шіркеу-приход мектебіндегі үш айлық орысшасымен Лермонтовты оның өзінен асыра жаздап аударған Абай бүйтсе, бақандай төрт жыл "ұлы тілмен" ауызданған мен қайтып қарсы тұрармын бұл ықпалға!? Қазақ тілі етек-жеңі кең шапан, ал орыс тілі бұлшық еті бұлт-бұлт ойнаған атлет, соңғысымен ойды ықшамдап, дәлірек жеткізуге болады. Қазақ тілі табиғи қалпынан аумағандықтан, ал орыс тілі бір кезде қажеттілікпен қолдан жасалғаннан да шығар. Өз ойым ғой. Орыс тілінің біз үшін әлі күнге бүкіл ғылым мен мәдениеттің кеніші ретінде тұғырынан таймай отырғаны да осы қолтума қолбалалығынан шығар. Бірақ бөтен тілдің аты – бөтен тіл. Өзім туып-өскен атыраптан мысал алсам, Мақатта орыс мектебін бітірген Берқайыр Аманшин таза қазақша жазып кеткен, ал дәл сол Гайдар атындағы мектепті түгескен Сәтімжан Санбаев шығармаларын тек қана орыс тілінде жазды. Сөйтсе-дағы Мақаттағы екінші қазақ ауылда өскен Сәтекең түс қазақтың өзі еді, кездескенде "Айғырлар сөйтеді" деп, маңдайымнан иіскейтін. "Желдеп жайылған қойдың етінде холестерин аз болады" деп, қазақы қарақойдың етін ғана жер еді. Жазғандарының тілі орысша болғанымен, бүкіл рухынан қазақы діл, қазақы семантика есіп тұрар еді. Сондайда Сәтекеңе орыс тілі тарлық қылатындай сезілуші еді.

Кейін, орысша жазуға ден қойғанымда әлгіндей жартыкеш екіұдайылықты өзім де бастан кешіргендей болдым. Құдауанда, қанша жерден орысша сымға тартқандай етіп әдемі, өрнекті, шебер жазуға тырысқаныңмен, бәрібір Распутиннің деңгейіне жете алмайтыныңды іштей сезіп отырасың. Әйтеуір қалам әлде бірдеңе жетпегендей жұтынып, теткиді. Ал қазақшаға көшкеніңде көстеңдеп ала жөнеледі. Рахат бір тіл шүйгініне енесің. Бұл жағдайды Бауыржан Момышұлы жазып кетіпті. Түпнұсқаша жіберсек: "Говорить на родном – это значит выражать свои мысли с той непосредственностью, искренностью, полнотой, которые невозможны для нашего поколения на других языках... Мы и на русском языке выражаем свои мысли по-казахски..."

Осы айтылғанды жазушылық кәсіпке аударсақ, қаламгер үшін өзге тіл жұмыс тілі ретінде туған тіл екен де, – мейлі оны қанша жетік игерсе де, – ал өзінің ана тілі нағыз шығармашылық тілі болып қала береді екен. Бастауышта өткізген екі жыл мені қаққа жарғандай еді. Бұл мерзім мені орыс әлеміне жақындатып үлгерген екен. Бірақ бұдан кейінгі қазақша екі класс тамырымнан біржола үзілуіме мүмкіндік бермей, табиғи ортаммен қайыра табыстырыпты. Алдыңғы екі жылда құлағымды басқа тілге аша тұра, ол тіл бала қиялымды ұштап үлгермеген екен де, ой-қиял кейінірек ана тілімде ұшталған. Мен солай ойлаймын. Қалай болғанда да, қатерлі өткелге жетпей бұрылып кетуім мені толық дүбәралықтан құтқарып қалса керек, машалла...

Қошқарға араға қырық төрт жыл салып, Санаққалидың сеп болуымен бардым. Алдымен Қошқар атаның басында болып, бет сипап, сосын ауылға келдік. Дәлірегі, ойран жұртында болдық. Әнебір жылдары тұтас ауылдар "перспективасыздар" тізіміне ілігіп, Ай мен Күннің аманында тері сүйреткендей азып-тозып, ат арығандай қаусап қалды емес пе. Қарамайы түгесіліп, енді капитализмнің тамағына көлденең сүйек болып тұра қалған Қошқар да солардың аяғын құшыпты. Ел Атыраудың басына, одан да әрмен, Сарайшық жаққа зорлап көшірілген. Қошқар десе жанары дымданып сала беретін Санақ, – баяғы Досан ағайдың "болваны", бүгінде қай проектіңді де көзін жұмып алып оқи беретін маман құрылысшы, – біз оқыған мектептің жұртын бірден тапты. Бір қабатты, сорға жақын, геолог Екпін ағамыздың үйінің қасында еді. Қадым заманның қала жұрты құсап қорымданбай, жаңадан көшкен елдей, тақтай-тастары айра-жайра боп жатыр екен.

Мен Қошқардың ойран жұртын ұзақ араладым. Ел жоқ, үй жоқ, аты картадан өшірілген, алайда былғары бас шенеуніктік ойлау жүйесін жоққа шығарып, Қошқар дейтін сөз көкіректерге жазулы хаттай жазылған. Айналып та кетейін Аққошқарым, мұздай бесік таянған, жыласам шошып оянған, құндақтап жерден жай берген, аялы қолда талпынтқан, су сұрасам сүт берген, құйрық шайнап, май берген, көбелектей айналып, пәруана болған басымнан ғазиз анамның омырау сүтімен келген ана тілім барда, оның ырғағы мен ырғаңы, бұрмасы мен бұраңы, шүйгіні мен шұраты тұнығы лайланбай аман тұрғанда мен де бармын, сен де барсың, қазақ та бар. Күндердің күні мұқым қазақ бір-бірін қазақ болуымен құттықтап жатқанда сен де, Аққошқарым, еңсеңді тіктеп, қарақорым жұртыңнан күлден қайта жаралған Феникстей болып түрегелерсің. Түрегелерсің де, ауылдар болып ғасырлар алға көшер. Мың алғыс саған, Қошқарым, сен болмағанда тамырынан ажырап, күретамырын жоғалтқан мен мұндар бүгінде шүлдірлеп, қай қиырда, қандай жағдайда жүрер едім?!

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ

Пікірлер