Түркістанда бірден 3 ауыл мектебінің дәретханасы жаңартылды

3707
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысы Созақ ауданындағы бірден 3 мектептің дәретханасы ішке ауыстырылды. Демеушілердің көмегімен олар толық жаңартылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Тиісті әжетханалар Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Жартытөбе, Аққолтық, Бабата елдімекендерінің Ш. Уәлиханов, Қ. Кемелұлы және М. Мәметова атындағы жалпы орта мектептерінде орналасқан.

Аталған іспен айналысқан «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнәр Ниязова осылайша оқушыларға жасалған жағдайға жергілікті халық, оның ішінде мұғалімдер мен ата-аналар қауымы ризалығын білдіріп жатқанын айтады.

«2010 жылы мектептер жаңартылып, пайдалануға берілгенімен, оқушыларға арналған әжетханалар қолдануға жарамсыз күйде тапсырылған. 2019 жылы білім және ғылым министрі білім беру мекемелеріндегі сыртқы әжетханаларды жойып, мектеп ғимаратының ішінен салуды нұқсағаны аян. Өкінішке орай, бюджеттегі қаражаттың тапшылығына байланысты тапсырма орындалмады», - деп мәселенің мәнін тарқатады ол.

Сарапшының сөзінше, күні бүгінге дейін еліміздің көптеген шалғай елдімекендерінде оқушылар мен мектеп қызметкерлері даладағы әжеетханаларға баруға мәжбүр. Ешқандай санитарлық нормаларға сай келмейтін олардың өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізетіні анық (әсіресе қыс мезгілінде қыз балалардың).

Жоғарыда аталған әлеуметтік жоба биыл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер