Ұлт үміті - әділет

2517
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бес-алты жыл бұрын ұлық мереке тұсында Ақорда алдындағы алаңда әріптестерімді кездестіріп қалдым да:

– Жігіттер, қалайсыңдар, бір-бір орден еншілеп келе жатсыңдар ма? – деп сауал тастағанмын.

Жасы едәуір кіші, тез пайымдап, ширақ қимылдайтын, өзін оппозиция қатарына жатқызатын әріптесім жұлып алғандай, жедел жауап қатты:

– О не дегеніңіз! Құдай сақтасын, Құдай сақтасын! – деді тез-тез сөйлеп.

Көрген-білген, оқыған-тоқығаны көп әріптесім көк туы желбіреген тәуелсіз өз елі – дербес мемлекетінің марапатын алуды абыройға емес, қылмысқа балап тұрса, ол елде әділет толық салтанат құрып еді деп айта аламыз ба?!.

Әділетті қоғам, мінсіз мемлекет құру – қай заманда да адамзаттың асыл арманы. Осы бір ұлы идея біздің халықты да айналып өткен жоқ: ежелгі жыр-аңыздары мен ертегі-әпсаналарында қатталған арман бүгінге дейін жетті сүйретіліп. Қарапайым киім киіп, түнделетіп елін аралайтын әділ патша, қара қылды қақ жаратын әділ би мен қазы, әділетсіз, қара ниет патшаны найза ұшына көтеретін жүрек жұтқан батыр, хан мен байды бір ауыз сөзімен жығатын дүлдүл шешен туралы аңыздардың қалың қатпарында осы әділдікке деген құштарлық жатпаушы ма еді?! Желмаясымен желіп жүріп Асан қайғы іздеген Жерұйық та осы әділдік салтанат құрған мекен емес пе? «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп қазақ молшылыққа малынған елді ғана емес, дау-дамай шықпайтын, ынтымақ пен тыныштық орнаған, әділетке сүйенген қоғамды айтқан ғой.

Фарабтан шыққан Әбунасыр Мұхаммед те үлгі тұтқан ұстаздары – Аристотель мен Платонға ілесіп, осы мәңгілік тақырып – әділетті қоғамды өзінің әйгілі «Қайырымды қала тұрғындары» деп аталатын трактатында жан-жақты талдады. Осы тақырыпты қозғаған «Утопия» кітабының авторы, ағылшынның гуманист-философы Томас Мор трактат жазылған соң жеті ғасырдан кейін ғана дүние есігін ашқан еді. Сол данышпан бабамыз Әбунасыр әл-Фараби «Халықтың бақыты – қайырымды, білімді, мәдениетті басқаруда» деген тұжырымға келген екен. «Мұндай басқару ең әуелі заңға сүйене отырып, игі тәжірибеге жүгінуі тиіс» деген ұлы баба мемлекет басшысына лайық адамның бойынан табылуға тиіс 12 қасиетті де сипаттап береді. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған бабамыздың тұжырымдары өзіне дейінгі және кейінгі ойшылдар – Платонның «Мемлекет», Н.Макиавеллидің «Билеуші», Т.Кампанелланың «Күн қаласы» еңбектеріндегі идеялармен қанаттас келіп жатса, оның мәні ойшылдардың бәрі де әділет орнаған, адамға жайлы да қолайлы мемлекеттің нобайын іздеуінде болса керек.

Саясатты өнер ғана емес, білім мен даналық деп таныған Жүсіп Баласағұн бабамыз мемлекет басқарушы тұлға халықтың бақылауында болуы керек деп білді. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты жайсаң мінезбен сабақтастырған Махмұт Қашқари болса зорлық жүрген жерде әділдікке орын қалмайтынын айтып кеткен. Ал енді оның «Әмір жат елден өзіне арнап сарай соқтырып қойса, бұл – жаман ырым. Бұл түбі басына қиын-қыстау күн туа қалса қашып барып паналаймын дегенді білдіреді. Бұл – халқының алдында жасаған сатқындығы» дегені біздің кейбір лауазымды тұлғалардың Батыс банктерінде құпия есепшоттар ашып, қыруар ақша салып, зәулім ғимараттар сатып алып жатқанын көріпкелдікпен болжағандай әсер қалдырады.

Әз Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» қазақ қоғамында қара қылды қақ жарған әділдік үлгісіне айналды. Бұл өзіне дейінгі «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» сияқты дала заңдарына негізделіп, билердің белсене қатысуымен жасалған ережелер жиынтығы болатын. Әз Тәуке билер мен батырларды ел билеу ісіне қосқан, яғни билік жауапкершілігін бөліскен. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз билігінің ықпалын Үкіметпен, Парламентпен бөлісуі осы оқиғаны еске түсірмей ме? XVIII ғасырда 18 жыл билік құрған Тәуке хан заманы қазақ үшін жаңа тұрпатты айтулы кезең болды. Мұның өзі әділдік үстемдік құрған елде бірлік пен береке қатар орнайтынын көрсеткен тарихи мысал еді. Мұнан кейін Ресей империясының қолтығына кіріп, колониясына айналып, одан әрі қызыл империя құрсауында қалған қазақ елі үшін әділ басшы, әділетті қоғам идеясы емес, жер бетінен жойылып кетпей аман қалу идеясы күн тәртібіне шыққан еді.

«Қазақ орысқа қараған соң бұрынғы жүйрік шешен билерден келе жатқан әз, әділ билік – жорасы жаман қарапайым тұғыр бидің парасына аяқ асты болды. Пара берген ақты – қара, қараны ақ қылатын күн туды» деген еді кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Ресейді алып түрмеге айналдырған зұлым патшаны құлатып, теңдік орнатамыз, әділ қоғам құрамыз деген большевиктердің ақыры немен тынғаны, қазақ қанша қасірет шеккені баршаға белгілі. Қан қызыл империя тұсында «ұлтым» деген ұландар «ұлтшылға» айналып, лезде көзі жойылды. Қазақтың қаймағы репрессияға ұшыраса, халқының үштен бірі аштық пен зорлық-зомбылық зардабын шекті. Жері тозды, тілі тұсалды, ең бастысы жігері жасыды. Атамекен жерінде отырып өз еліне, өз халқына иелік ете алмады.

Шүкір, тәуелсіздік таңы атқалы да отыз жылдан асып барады. Ең бастысы, кең-байтақ еліміздің шекарасын шегендеп алдық. Алдымен экономика, өзге мәселелер кезегімен шешіле жатар деп шештік. Социализмнің «сынық арбасымен» нарыққа, капитализмге қалай жетеміз деп бас қатырдық. Мұндайда тізгінші жалғыз әрі мықты болуы керек, етектен тартып жағаласпай, билікті бір қолға жиып-теріп берейік дедік. Мұның бәрін көп болып қол көтеріп, Ата заңымызға қайта-қайта қаттадық. Кейбір марапатқұмар, мансапқұмар кезекші шешендеріміз «қой үстіне бозторғай ұя салды, бөркімізді аспанға атайық» деп айқайлады көптің алдына шығып. Біз ондаған жылдар бойы солардың сөзіне ұйып, бақыттан басымыз айналып, қол соғып тұрғанда қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалды. Болғаны рас болса, семіз қой да, бозторғай да үркіп кеткені ақиқат...

Біз экономиканы көтереміз, дамыған елу, тіпті отыз елдің қатарына қосыламыз деп ұрандатып, науқандатып жүргенде, мемлекеттің өзегіне айналуға тиіс ең басты қағида – әділдік, әділеттілік, тең мүмкіндік, заң үстемдігі, адал еңбек артықшылығы кейінге ысырылып қала берген екен. Қаңтар – соның көрінісі.

«Алтын сандықтың үстінде неге жалаң бұт отырмыз?» деп Шераға сонау тәуелсіздіктің елең-алаңында күркірей сауал тастаған еді. Еститін мемлекет болмаған соң биліктің құлағына жетпеген екен. Билікке арқа сүйеген аз ғана олигархат есепсіз байлыққа кенелсе, өзгелер қоңыртөбел күн кешуде. Бай мен кедей айырмашылығы – аспан мен жердей. Ауыл әкімінен Үкімет басшысына дейін кісенделсе де, жемқорлық қарқыны бәсеңдер емес. Әділет органдары «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген ұстанымнан жаңылмай отыр. Халықтың үніне билік құлақ түрмеген. Өтірік уәде, жалған есеп. Жұрт қарнының ашқанына ғана емес, қадірінің қашқанына да налыды. Қаңтар – соның көрінісі. Сондықтан да қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала өткізген алқалы жиында Мемлекет басшысы «Теңсіздік мәселесі ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді. Күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек» деп ашығын айтты.

Қоғам ғана емес, Отанның өзі жіктеліп, екіге бөлініп кетіп тұр деп Алаштың біртуар арқалы ақыны Светқали құрдасым сонау жаңа ғасыр басында-ақ ауылында жатып, «Екі Отан» деген жыр-запыранын төгіп, бозторғайдай шырылдаған екен, дабылдатқан екен, құлақ түрген ешкім болмаған.

Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,

Сіздің отан – жармақ толған сейфте.

Біздің Отан – арман бүрген жүректе,

Сіздің отан – жалған күлген кейіпте, – дейді шерлі шайыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталады. Осы Жолдауда Әділетті Қазақстан құру үшін жаңа мандат қажет екендігі де айтылған. «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз» деп бір емес, бірнеше мәрте мәлімдеді. Ал күні кеше референдумнан соң әзірленіп қабылданған маңызды заңдарға жария түрде қол қою рәсімінде Әділдік идеясы мемлекет саясатының өзегі болатынын қадап айтты. Бұл қадам бабаларымыздың «Байлық неге керек, Адалдан жимасаң. Билік неге керек, Әділдік құрмасаң» деген ұстаныммен үндесіп жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Әділ бисіз жұрт – жұрт болмақ емес» деген қағидасын тұмар еткендей.

Әңгіменің басында марапат туралы мысалға қосқан әріптес інім қазір «Жаңа Қазақстанның» жоқшысына айналды. Марапат та, мандат та алды. Ал «Ешқашан да Отан екеу бомайды: қалады әлі жалғыз Отан – шын Отан! Ұлы Отан!..» деп күңіренген Светқали құрдасым биыл елдің ең жоғары марапаты – «Отан» орденін кеудесіне тақты. Үміт оты қайта жанғандай... Ең бастысы біз аңсаған Жаңа Қазақстан – әділетті ту еткен Қазақстан болса екен...

Еркін ҚЫДЫР,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікірлер