"Қарағандыдағы 5 шахтердің өлімі": Халықты қыруға қызмет етпей, батыл жұмыс жасайық! - депутат

3793
Adyrna.kz Telegram

"3 қарашада Қарағанды облысындағы шахтада қаралы оқиға болып, 5 шахтер қаза болды. Біз референдумда жер асты байлықтары халықтікі болады деп дауыс беріп, қабылдадық! Енді осы байлық халықты қыруға емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет ету қажет!". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өзінің фейсбук парақшасында қалдырды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Шахтадағы трагедия. 3 қарашада Қарағанды облысындағы шахтада қаралы оқиға болып, 5 шахтер қаза болды. Имандары саламат болсын бауырлардың! Төтенше жағдай министрінің мәліметіне сүйенсек Ленин атындағы шахта 1964 жылы пайдалануға беріліп, бірнеше қазалы оқиғалар орын алған. 1978 жыл – 4 адам қайтыс болған; 1985 жыл – 2 адам қайтыс болған; 1995 жыл – 13 қайтыс болған, 2 жарақат алған; 1998 жыл – 1 адам қайтыс болған; 1999 жыл – 3 адам қайтыс болған, 2 жарақат алған; 2006 жыл – 41 адам қайтыс болған. Жалпы өндірістегі қайғылы жағдайлардың орын алуы не себептен? Өндірісте ескі технологиялардың қолданылуы; Технологиялық ережелердің бұзылуы; Қауіпсіздік ережелердің сақталмауы немесе бұзылуы; Техникалық жабдықтар мен аспаптарды пайдалану ережелерінің бұзылуы және т.б.", - деп жазды ол. 

Депутат Қазақстанға шетел инвесторларын тарту ешқандай нәтиже әкелмегеніне тоқталды.

"Шетел инвесторлары елді көркейтеді, әлеуметтік мәселелерді шешеді, жаңа технологияларды әкеледі, техникалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, мамандарымызды дайындайды деп, әлемде қандай байлар бар, бәрін тарттық Қазақстанға. Енді не болды? «Шеврон» келді, экология салдарынан Сарқамыс ауылын Атырауға көшірдік. Қытай компаниясы «СНПС» келді, стратегиялық ауыз су қоры бар «Көкжиде» кен орнын бүлдірді, мұнай өндіріп жатырған өлкелердің экологиясы одан түзелген жоқ. Қаржыны компанияға салмай үнемдеп өліп бара жатыр және жұмысшылардың еңбек ақыларын төмендетеді. 1995 жылы бизнесмен Миталл келді, Қарағанды облысы қайғылы оқиғалар мен экологиялық проблемалардан көз ашпады. Тізе берсек шетел инвесторларының артында жағымсыз «шлейф» проблемалар жеткілікті", - дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнымен жасақталған келісім-шарт қайта қаралуы тиіс.

"15 шілдеде Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров 2005-2021 жылдар аралығында «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнының шахталарында 100-ге жуық адам қаза тапқанын айтты. 2022 жылдың жазында Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті банкомат кәсіпорындарында барлығы 300-ге жуық бұзушылықты анықтады. Олардың жойылғаны белгісіз. Бұрынғы «Испат Кармет» АҚ қазіргі «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнымен жасақталған келісім-шарт қайта қаралу керек. Өйткені мына жердегі ақпарат бойынша (https://inbusiness.kz/…/kak-prodavalas-stal-24-goda-nazad-m…) оларға 200 млн теңгеден артық айыппұл сала алмайды екенбіз. Одан артып кетсе оны Қазақстан Республикасы төлеу керек, яғни біздің қалтамыздан төленеді! Жалпы жоғарыда келтірген ақпарат көзін оқып қарасаңыз, Миталл КарМетті арзанға сатып алған қаржысын өз қалтасынан төлемей, КарМеттен түскен пайдамен төрт жыл бойы жапқан. Бүкілге жуық әлеуметтік нысандардан құтылған, коммуналдық шығындардан өте жеңілдік алған. Бір қызығы Қазақстаннан тыс жердегі өзінің «АрселорМитталГрупп» компаниясындағы 1 тонна құрыштың (сталь) бағасы 47.08 АҚШ доллары болса, біздегі «АрселорМитталТеміртау» компаниясы құрышты 81.56 АҚШ долларына сатып отыр. Бізден май шелпекті ұруда! Шахталары мен зауытқа ешқандай модернизация жасамай!", - деп тоқталды депутат. 

Сондай-ақ Жаңбыршин Төтенше жағдай және Экология министрліктерінің инвесторлар алдында қауқарсыз екенін баса айтты.

"Біз референдумда жер асты байлықтары халықтікі болады деп дауыс беріп, қабылдадық! Енді осы байлық халықты қыруға емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет ету қажет! Оның уақыты келді. Екінші мәселе Төтенше жағдай және Экология министрліктері тіпті қауқарсыз. Инвесторлардың алдында авторитеттері жоқ сияқты. Әлде министрлердің көздері қайғылы жағдайлар мен лас экологияға әбден үйреніп кеткен бе? Облыс әкімдері өңірлердегі Президенттің басты өкілі ретінде олармен неге батыл жұмыс жасамайды? Парламентке өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті одан сайын қатайтатын заңдарды шығаруымыз керек. 30 жыл мүмкіндік берілді ғой, енді олардың алдында құрақ ұшып жүгіруді қойып, талапты күшейту керек. Болмаса арзан алған нәрселерін мемлекетке қайтарсын! Сонда Президент айтқан Әділетті экономика болады!", - деп жазды депутат.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер