Ресейліктерге пәтерін заңсыз жалға берген қазақстандықтар жауапқа тартылмақ

4233
Adyrna.kz Telegram
Орал қаласында ресейліктерге пәтерін заңсыз жалға беріп, салық төлемеген 70 қазақстандық анықталды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 
Тәртіп бұзушыларды полиция рейд жүргізу барысында анықтады. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәлімдеуінше,  мұндай фактілер көбіне аноним хабарламалар арқылы ашылып жатады.

Естеріңізге  сала кетейік, Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Орал өңіріне 70 мың шетелдік келді. Тұрғын үйді жалға алу және жолаушылар тасымалдау екі есе қымбаттады. Сырттан келгендердлен ақша тауып, салық төлемеген 70 қазақстандық анықталды. Бес адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, олар 45 мың теңгеден айыппұл төледі.

"Салықтан жалтарған осы адамдар бойынша әкімшілік материалдар жинастырылып, сотқа жолданды. Сондай-ақ, осы бұзушылықтар Әкімшілік кодекстің 463-бабына сәйкес 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғатынын хабарлағымыз келеді", - деді БҚО бойынша деді БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Абылай Малаев.

Қазіргі уақытта Оралда шамамен 2,5 мыңға жуық ресейлік тұрып жатыр. Шекарадағы жағдай әлдеқашан тұрақталып, тұрғын үй жалдау ақысы төмендеді. Пәтерді ай сайын жалға алу құны – 50-ден 100 мың теңге аралығын құрайды. Осыған қарамастан, баспананы заңсыз жалға беру мен заңсыз тасымалдау фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер