Бір аптада екі мүсін жасаған жауынгер

915

Өскемен гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонының бастығы капитан  Рай Оразбеков қолөнер шебері ретінде қалың жұртқа танымал. Зайсан қаласының тумасы оқушы кезінен суретке бейім еді.  Ол Алматы қаласындағы  Құрлық  әскерлерінің әскери институтының курсанты атанған шағында да бойындағы өнерін жоғалтпады. Керісінше дамытып,  сурет салудан бөлек, мүсін жасауға машықтанды. Алайда, білім ордасында шығыстың шымыры бұл қасиетімен таныла қоймады.

2019 жылы Гвардейск гарнизонының 30212 әскери бөлімінен  Өскемен қаласындағы 27943 әскери бөліміне ауысқан шақта ғана таланты төбе танытады. Өңірлік қолбасшылықтан әрбір әскери бөлімге қалашықта қардан мүсін жасаңдар деген тапсырма беріледі. Қаруластар қатарында өз жұмысын аяқтап болған Райдың туындысын тексеруші топ  бақылайды. Арнайы топ ішінде  27943 әскери бөлімінің командирі полковник  Ержан Мейірманов бар болатын. Ол Райдың қардан жасалған мүсінін көріп аң-таң болады. Райдың айтуынша, осы сәттен бастап әскери бөлімдегілер де оның тұрғызған қарсұлбасына таңырқап, «сен әскери қызметкер емес, нағыз мүсінші болатын адамсың ғой» деген көрінеді.

- Араға күн суытпай әскери бөлім командирі өзіне шақырып, мүсінді қардан емес, басқа да ұзақ сақталатын қатты заттардан жасап көруімді сұрап, ұсыныс білдірді. Әскери бөлім Қасым Қайсенов есімімен аталған соң, маған қазақ батырының бюстін тұрғызу қажет еді. Бұл менің өмірімдегі аса үлкен жауапкершілікке толы сәттердің бірі болды. Себебі қардан жасалған мүсін күн жылығанда еріп кететін, ал ендігі кірісетін туындым еріп кетпейді, әмбе әскери бөлімнің көрікті жеріне қойылмақ.  Бір апта болмай  мен Қасым Қайсеновтің бір емес, екі мүсінін жасап шығардым, – дейді 27943 әскери бөлімі оқу-жаттығу полигонының бастығы капитан Рай Оразбеков.

Командирі шеберханаға келіп,  оның  мүсін жасаудағы шеберлігіне көңілі толып, тағы да біреу керек дейді. Бір мүсінге бір-екі ай  уақыт жұмсалған. Ал әскери қызметте тапсырма жедел әрі  бұлжытпай атқарылуы тиіс. Бір аптада жасалған батырдың екі мүсіні де әскери бөлім төрінен орын тапты. Біреуі  гарнизондағы даңқты жауынгер атындағы музейге қойылса, екіншісі  әскери бөлімнің кіре берісіндегі аллеядан тұрақ тапты. Алайда,  қазақтың маңдайына біткен батырдың қос бюстін тұрғызғаннан кейін де әскери қызметші дамыл таппай, Өскемендегі әскери қалашықта саябақ бой көтерген, демалыс орнына әскери отбасының мүсіні қажет болып, ол бұл ескерткішті бір аптаға жеткізбей сомдап шығады. Ел көңілінен шыққан ескерткішке бүгінде қала тұрғындары ме келген қонақтар барып, тамашалап, суретке түсіп жүр. Алайда Рай Оразбеков болса, қолөнерді жеке хоббиім дейді екен.

27943 әскери бөлімі полигонының бастығы бұдан кейін де бірқатар ілкімді істердің себепшісі атанады. Өткен жылы шахардағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті қабырғасынан әскери кафедра ашылады. Осыған орай, Қабанбай батырдың бюстін жасап шығарады. Капитан бұл туындысын да созбаққа салмайды.  Небары бір апта өтпей дайын болады.

Райдың қолөнерден бөлек, әскери салада атқарған жемісті істері жетерлік. Оқу-жаттығу полигоны бастығы  қазіргі күнде қауырт жұмысының  қызу қарқынында  қолөнермен айналысуды бір шетке ысырып қойған. «Әскери  қызмет мен үшін бірінші орында» дейді ол. Саусағынан бал тамған шебер жайында өңірдегі  қолбасшылықта  жағымды пікірде.

–  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты  төрт полигон болса, ең озығы Рай басқаратын  оқу-жаттығу алаңқайы деп санаймын. Себебі ол былтыр ғана полигон бастығы болып тағайындалды. Әскери қызметші  небары қысқа уақыттың ішінде оқу-жаттығу алаңын адам танымастай өзгертті. Полигонда дөңгелекті техникаға арналған автодром жоқ еді. Таяуда  арнайы автодром іске қосылды. Полигондағы электр бағаналарын  жаңартып, жарық та орнатты. Оқу-жаттығу алаңында орналасқан әскери нысандардың біразын қайта жөндеді.  Тіпті ескі ғимарттардың өзі әдеміленіп, барлығы гүлденген. Абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Әскери нысандар жаңа шатыр жабындысымен жабдықталған. Мен Райдың тапсырманы жедел орындайтындығына таң қалдым. Ол тек мүсін жасауда ғана емес, кез келген  істі жылдам әрі сапалы орындайды, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының аға офицері майор Қанат Капанов.

Алмас қылыш қын түбінде жатпайды дегендей, Рай бойындағы өнері әскери салада да өз арнасын тапты.  Ал, отбасыда  үш баланың ардақты әкесі атанған  азаматтың  ұстанымы адам боп өмірге келген соң, адамгершілікті биік ұстау екен.

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket