"Атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейді": Премьер-Министр әкімдерді сынады

2883
Adyrna.kz Telegram

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар және облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен жиын өткізді. Жиында үкімет басшысы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары бағасының шарықтауын сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "https://primeminister.kz"-ге сілтеме көрсетіп. 

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев соңғы 10 айда азық-түлік инфляциясының  20,5%-ға жеткенін хабарлады. Өткен айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 0,8%-ды көрсетті. Атап айтқанда, жұмыртқа 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға қымбаттады. Сонымен қатар бір апта ішінде сәбіз (0,8%), картоп (0,6%), қант және қырыққабат (0,1%) құны төмендеген.

Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында астықты, жемшөп және күнбағыс майын арзандату мәселесі жоспарда бар. Дегенмен, оның айтуынша, жұмыртқа, өсімдік майы, күріш секілді тауар сататындар бұл жоспарды жүйелі орындауға ырық бермей отырғаны байқалады.

«Абай облысына барған кезде Семейден 200 шақырым жерде орналасқан құс фабрикалары жұмыртқаны ондығына 360-380 теңгеден сатқан, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгені анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілердің алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мәлімдемелері жариялануда. Бұл ретте тиісті түрде әрекет ету қажет», — деді Арман Шаққалиев.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызанақ, қияр және жұмыртқа бағасының өсу себептерін айтты. Тауар бағасын тұрақтандыру жөніндегі ықтимал шаралар туралы баяндады. Ол кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын атап өтті.

«Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Облыс әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін Ә. Смаилов:

«Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар, қаржы құралдары, бақылау функциялары бар, бірақ бағаның өсу қарқынын тоқтата алмай отырмыз», — деді.

Үкімет басшысы Алматы, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстары басшылықтары ісіндегі шикілікті сынға алды.

«Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі", - деді Ә. Смаилов.

Сонымен қатар Премьер-Министр Сауда және интеграция министрлігіне осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізуді міндеттеді. Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырды. Жиынға қатысқандарға әлеуметтік маңызы ие азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді қадап айтты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер