Home » Дәстүр мен дін » Қазақ дәстүрлерінің саяси және тарихи мәні

Қазақ дәстүрлерінің саяси және тарихи мәні

Адам пайда болғалы бері аман қалу, тамақ табу, ұрпақ жалғастыру мақсатымен  өміріне лайықты, қажет, пайдалы құралдар мен амалдарды ойлап тауып, қолданып, жетілдіріп, салт дәстүрге айналдырып  отырған. Солардың ішіндегі ең үздіктері талай мың жыл бойы сабақтастық арқасында сақталып, қолданып келген. Бізге жеткен құндылықтардың көбінің мәні түсініксіз сияқты болғандықтан қажетсіз болып көрінеді. Олардан бас тарту оңай сияқты. Жәй ырымдар, жәй әдет деп айналып кетуге болатын сияқты. Бірақ, адамзат даму жолында құндылығын жоғалтып, қажетсіз болып қалған амалдардан ғана бас тартатын. Сол себептен біз алдымен бізге жеткен ұлттық құндылықтарды сұрыптап, солардың мәнін, маңыздылығын түсініп, сосын ғана  ұлықтауға, не жоюға рұқсат алуымызға болады.

Мысалы, «қанға қан» деген «кек қайтару» салты әлі күнге дейін біраз елде сақталған. Бұл салт  бір жағынан адамға қиянат жасаудан бас тартуға мәжбүрлесе, екінші жағынан кей бір кезде тоқтамайтын соғыстарға себеп болып, талай елді жойып жіберген. Қазақта бұл салтты билер соты арқылы  «құнын қайтару» салтымен ауыстырған. Содан әлі күнге дейін «әкеңнің көз құны қалып пе еді?» – деген сөз тіркесі бар, оны созылып не шиеленісіп кеткен дауда айтады көбіне.

Археологтар мезолит б.д.д. 12-15 мың жылдар, неолит б.д.д. 6-5 мың жылдарының ізін Қазақстан жерінен тауып айқындап жатыр [http://tak-to-ent.net/publ/9-1-0-192]. Материалдық емес ізді олар таба алмайды, бірақ, сабақтастық арқылы өткеннің рухани ізін біздің дәстүрлерден көруге болады. Жалғыз өскен ағашқа мата жолағын байлау дәстүрі неолит кезеңінен бүгінге дейін жеткен екен. Ол туралы әлемге әйгілі  румын, америкалық ғалым, дін танушы, философ Мирча Элиаде  (Mircea Eliade) (1907-1986) «История веры и религиозных идей. Том 1. От каменного века до элевсинских мистерий» ғылыми еңбегінде жазады.  Неолит кезінде «Мировое дерево» – «Қасиетті ағаш»  деген түсінік болыпты. Сол ағаш үш (өлгендер, тірілер, құдай) әлемдерін байланыстырады. Сол арқылы осы дүниеде өмір сүрген адамдар өлгендер әлеміне, құдай әлеміне барып келе алады екен. «Ер Төстік» ертегінде сол ағашты «Байтерек» деп атайды. Бұл дәстүр басқа да елдерде сақталған. Оларды Мирча Элиаде «наследники религиозных представлений неолита» – деп атайды. Тарихта болған барлық соғыстар бір елді жаулап, бір елді жауалаушы етті. Сонда жаулаушы ел жауланған елдің діни наным сенімдерін жоюға тырысқан. Құдайларына салған ғибадатханаларын қиратып, өздерінің наным сенімдерін мойындатқан. Соншама көне дәстүр бүгінге дейін сақталып келгені бұл елді ешкім жаулай алмағанын айқындайды. Сол дәстүрлер арқылы біздің балаларымыз еркін, жауынгер, батыр елі болғанын біле аламыз. Астанада орнатқан «Байтерек» монументі қазақ елінің тамыры терең, еркін, батыр ел болғанының көрсеткіші.

Қазақ тілі мен қазақ дәстүрлері көне заманнан бізге бұйырған рухани құндылықтар. Олар түркі елінің ұрпақтары деп көптеген  туыс елдерді байланыстырып, тамырымыз бір екенін бүгінгі ұрпаққа мойындатып келеді. Бұлғар, татар, ноғай, өзбек, тағы да басқа түркі елдерінде біз сияқты «Бет ашар», «Тұсау кесу», «Шашу», «Құда түсу», тағы да басқа дәстүрлер сәл өзгертіліп орындалады. Тілдеріміз тәржімені қажет етпейді. Географиялық картаға қарап, түркі елдерінің мекендеген жерлерін біріктірсе алып аймақ, көне империя болғанын көре аламыз. Бұл жерлерді «Тартария» – деп атаған. Бұл ел әлемді билеген, барлық Батыс, Қытай елдері оларға салық төлеп, бағынышты болған. Жер бетіндегі елді бір бірімен қарым қатынас  сауда жасау үшін құрылған «Жібек жолы» – біздің бабаларымыздың жетістігі болған. Сауда мен бизнес қауыпсыздықты талап етеді. Алып жерлерге жету үшін қонақ үйлер, базарлар, ат алмастыратын орындар қажет. Оларды қамтамас ету үшін мемлекетте бұлжымайтын рет, заң басымдығы орын алу керек. Ол тек қарқын дамыған елде ғана мүмкін.

«Жібек жолы» тарихта болғаны бабаларымыздың  дәулет құру амалдарын жетік игергенінің айғағы.  Батыс миссионерлері Тартария елімен сауда қатынастарды орнату үшін сол елдің тілін үйрететін Кодекс Куманикус (лат.Codex Cumanicus) —  деген сөздік жасайды. Оның жалғыз экземпляры бүгін Венецияда Святой Марк соборында сақталған. Манускрипт 20х14 см көлеміндегі 82 қағаз парақтарынан тұрады. Сол құрал арқылы қыпшақ  (татар) тілін италиялық, латын, неміс тіліне аударып қолданатын. Бірінші парағында 11 июль 1303 жылы деп жазылған.

Империя –  әртүрлі елдерді бір елге біріктіретін жүйе. Түркі елдері бабаларымыз ұсынған мемлекет құру құралдарын сабақтастық арқылы бүгінгі күнге дейін сақтап қолданып келген. Мысалы, «қазақ» деген ру, не тайпа жоқ. Қазақ – ол әр түрлі елдерді бір елге біріктіретін мемлекеттік ұстаным. Сол сияқты «өзбек», «ұйғыр»  деген тайпалар жоқ. Олар да әр түрлі елдерді бір елге біріктіретін  империялық жүйені қолданған. Шоқан Уалиханов қазақ елінің тамырын, сақталған этнографиялық мұраларды жинап, зерттеп құнды ғылыми шығармалар жазып кетті. Сонда бір сөзінде, қазақтар алып жерде  көшіп қонып, бір бірлерін айлап, жылдап көрмей жүрсе де, барлығы бір тілде сөйлеп, бір дәстүрлерді ұстанатынына таң қалады.  Бұл да елдің көне дәстүрлерден ажырамай, тұтас бір ел, мемлекет болуды көздегенін көрсетеді. Содан Құлтегіннің 8-ші ғасырда тасқа қашап жазып кеткен өсиеттерін ұрпақтары орындап сақтап жүргенін көреміз.

Тарихта әйгілі басқа да империялар болған. Олар барлық елдерді күшпен біріктірсе де тілдері мен мәдениеттерін бір келкі ете алған жоқ. Содан Көшпенді елдің Тартария империясының басымдығын анықтауға болады.

Түркі елдері тарихта қаншама алып, билеуші ел болса да, бұл елді жауламаса да,  ел ішіне іріткі салып, бір біріне айдап салып әлсіреткен. Қытай мен Ресей елдері үшін біздің балаларымыз қауып төндіретін. Екі түркі бауырлас қазақ  пен ойрат елін бір біріне айдап салып, соғыс отын жағып, көршілес елдер өздеріне  еркін бейбіт өмірін қамтамас еткен. Түркілер болса 200 жыл бойы бір бірінің асыл батырларын өлтіріп, қырысып, әлсірей берген. Содан қазақтар Ресейдің бодандығына түсіп қалады. Қазақтың батыр жауынгер елі екенін білген Ресей патшасы қазақтарға қару берудің қауіптенетін. Бірінші әлем  соғысында қазақтарды соғысқа алады, бірақ қару бермей, тек окоп қазуға қолданады. Кеңес заманында қазақтың рухын одан ары құлдырату үшін бұл елдің тарихы болмаған деп оқулықтар жазады. Елдің жадысын ғана өшірмей, өзін де ашаршылық арқылы жер бетінен кетіру мақсаты да қазақтардың рухы оянып, көтеріліп кете ме деген сестен болғандай.

Юваль Ной Харари Иерусалимдегі Еврей университетінің  тарих профессоры «Краткая история Человечества»  еңбегінде адамдардың топтасу амалдарын қарастырады. Адамдар өз еркімен біріксе көп болса тек 150 адам болады екен. Одан көп адамдарды бір ұйымға біріктіру үшін оларға ортақ түсінікті бәрі бірге мойындайтын құнды идеялар қажет екен. Мысалы, футбол фанаттары бір команданы қолдаушылары болып топтасады. Кәсіби бірлестіктер сол кәсіптің ұстанымдарын қолдап топтасады. Одан да үлкен ұйымдастық құру үшін алып идея қажет. Сол алып идеялар ежелде құдайға деген нанымдары болған. Сонда бір топ тек өз құдайын қолдап басқа топпен соғысып, солардың  дінін құлдыратуға тырысқан. Әр ел өзінің құдайына салған ғибадатхана төңірегінде топтасады. Көшпенді елге отырықшы елдің құдайлары ыңғайсыз болған. Оларға салған ғибадатханаларын өзімен бірге көшіріп алып жүре алмайды. Бірақ, Шыңғыс хан ұрпақтары бір кезде ислам дінін қабылдап, елін мұсылман еткісі келді. Шағатай жазуын білген бітікшілерді жойып, арап жазуын енгізеді.  Л.Н.Гумилев «Древне монгольская религия»  мақаласында: «Древнемонгольская религия исчезла потому, что ее носители – монгольская знать – приняли на западе ислам, а на востоке буддизм…» – дейді.  Сонда хандар саяси мақсаттары үшін исламды қабылдаса да, қарапайым ел өзінің көне дінін ислам деп атап, дәстүрлерін сақтап келген. Кейін исламды саяси мақсатымен Ресей патшасы Екатерина -2ші татар молдалары арқылы күшейткісі келеді. Шоқан Уалиханов «Мусульманство в степи» мақаласында татар молдалары қазақтардың абыз, емші, дәруіштерін қудалағандары туралы жазады. Татар молдалары адамды Алла молдалар арқылы ғана емдейді деп, талай қазақты апиын беріп өлтіріп алды дейді. Сонда да қазақтар өздерінің дәстүрлерін сақтап келген. Кеңес заманы діндерге қарсы қаншама амалдарды қолданса да, қазақтар өздерінің ұлттық дәстүрлерінен ажыраған жоқ. Сол арқылы 90-шы жылдардағы қайта құрылыстың қиын кезендерінде де бір тұтас қазақ елі болып мәдениетін  сақтап қалды.

Жүздеген жылдар бойы құл болып, өзінің ұлттық тамырынан ажыраған АҚШ қара нәсілді азаматтары еркіндік алған соң Детройт қаласына шоғырланады. Бұл қала барлық тұрғынына тегін үй, жұмыс береді. Бірақ, бизнес көзі құлдыраған соң кешегі құлдар қылмыскер, нашақор болып кеткен. Оларды ел қылып, тоқшылық пен жоқшылықта да әдеп ғұрыпты сақтауға мәжбүр ететін ұлттық дәстүрлері болмады. Құлдар тамырларын жалғай алмады, ал жаңадан дәстүр құру үшін қайтадан  еркіндікте талай ғасырлар бойы бірге өмір сүру керек.
Бүгін елдер мемлекеттерге бөлінеді. Әр мемлекет өзінің мемлекеттік нышандарын жасап, еліне азаматтықты береді. Барлық елдерді бір адамзат әлеміне тоғыстыру жаһандану мақсаты. Бірақ, ол үшін барлық экономикалық ресурстар барлық адамға бірдей қол жетімді болу керек. Бүгін ол мүмкін емес. Сондықтан адамдар мемлекеттерге бөлініп, тек өзінің елінің мүддесін қорғауға тырысады. Ислам, Христианство, Буддизм адамдарды шекарасыз дін негізінде біріктіргісі келеді, бірақ, еш бір діннің мемлекет сияқты адамның құқын қорғау, қажетін қамтамас ету мүмкіндігі жоқ. Сондықтан діндер бүгінгі күнде тек жеке бастың ісі болып қала береді. Бірақ, деструктивті ұйымдар діндерді шекараға қарамай әр түрлі әрекеттерге тарту үшін қолданады. Сол себептермен олар бірінші мемлекеттік ұстанымдарға қарсы шығады. Құндылықтардың приоритеттерін түсінбеген адамдар солардың құрықтарына түсіп қалып жатыр.

Адамзат тарихы соғыстар тарихы. Соғыстардың ең ұтымды, ең тиымды амалы психологиялық соғыс деп,  Қытай философ әскери қолбасшы Сунь Цзы басқа елді атусыз жаулау амалдарын өзінің «Соғыс өнері» трактатында  б.д.д. VI  ғасырда жазады.  Сонда психологиялық соғыстың амалдары мынадай дейді Сунь Цзы:
«1. Жау елінде бар жақсылықты іріту.

  1. Әйгілі адамдарын қылмыс істерге тарту.
  2. Жау елінің басшысының абыройын төгу, мүмкін болған кезде оны ел алдында масқаралау.
    4. Сол мақсаттарды іске асыру үшін елдің ең пасық, ең арам адамдарымен жақындасып, сыбайластыққа тарту.
    5. Жау елінің азаматтарын әр түрлі амалдармен әр түрлі топтарға жіктеп, араларында қайшылық туғызып, от жағу.
    6. Жастарды қарттарға қарсы айтақтау.
    7. Мемлекеттің жұмысына барлық амалдармен бөгет жасау.
    8. Әскерлерін жабдықтау жұмыстарына бөгет жасау, әскер ішінде  тәртіпті бұзуға барлық амалдарды қолдану.
    9. Жау елін ән мен бимен айналдырып, жігерін кісендеу.
    10. Барлық амалды қолданып, жау елінің дәстүрлерін құнсыздандырып, өздерінің құдайларына сенімін әлсірету.
    11. Бұзылған зинақор әйелдерді қолданып, елді ыдырату істерін күшейту.
    12. Сыбайластарды және қажет ақпаратты сатып алу үшін әр түрлі ұсыныстар мен сый ақысын молынан қолдану.
    13. Үәде, қаржыны үнемдемеңдер, үйткені олар керемет нәтиже береді.»

Бүгін біздің елде әр түрлі діни ағымдардың дәстүрлерімізді құнсыздандыру,  тіл төңірегінде әр түрлі топтардың дау шығару амалдары сол психологиялық соғыстың көрсеткіштері. Қазақ елін іріту, бағындыру кімге керек? – деген сауал орынды. Қандай да күштер психологиялық соғыстарды біздің елге қарсы қаржыландырса олардың көздейтіні еліміз нығайып, дамып кетпесе дегені. Әлсіз елге әмірін жүргізу, жер қойнауындағы байлығын арзан иелену, білімді мамандарды елге қажетсіз қалдырып, басқа елге тартып, арзан қолдану жаһанданудың мақсаттары. Олардың көздейтіні пайда табу. Мысалы, Юваль Ной Харари жоғарыда аталған еңбегінде 1840-1842 жылдары  Англия мен Қытай арасында орын алған алғашқы апиындық соғыс туралы жазады. Британиялық Ост-Индиялық компания Қытайға апиын сатып, байиды. Миллиондаған қытайлықтар нашақорға айналады.   Қытай басшылары апиын сатуға тиым салады да апиынды тасымалдайтын көліктерді қиратады. Наркодиллерлердің акцияларын сатып алған парламент және мемлекет мүшелері  Англияны Қытайға соғыс ашуына итермелейді. Қытай оларға қарсы тұра алмай, апиын сатуға қарсы жасаған әрекеттерін жояды. Сол жағдайды қолданып Англия Гонконгты 1997 жылға дейін өзіне меншік етеді.

Көптеген дамыған елдер жаһандану сауда ережелерінің өз елдеріне келтірген қауыптерінен қорғау амалдарын іздеп тауып жатыр.  АҚШ елі болса тіпті сол жаһандану  келісімдерін бұзудан бас тартпайды. АҚШ-қа қарсы ешкім тұра алмайды, бірақ біздің елдің сондай мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан біздің елдің ішкі нарығын, елдің еркіндігін қорғау тек елдің өзіне жүктеледі. Билік халықаралық келісімдерге қарсы келе алмайды. Бірақ, қазақ елі тек өздерінің тауарларын тұтынып, қазақ дәстүрлеріне берік болып, ауызбіршіліктерін сақтап,  қазақша сөйлеп, елді қорғай алады. Елімізді бүгін қорғай алатын ең басты құндылықтар – қазақ дәстүріне негізделген мәдениетіміз бен мемлекеттік тіл! Солардың құндылықтарын бағалай алсақ, олар біздің елдігімізді қорғай алады. Бай қуатты болайық! Мәңгі ел болайық!

Айгүл Қоқай

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Көне аспаптардың зерттелуі мен насихатталуының өзекті мәселелері

Қазақ халқының ең көне аспаптары қобыз бен домбыра қатар аталатын болса, солармен қоса өмір сүріп ...