Елордада "Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін" атты шығармашылық сайыс өтті

985

2022 жылдың 2 қарашасында Астана қаласы А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейде «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің ұйымдастыруымен, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орай елорда мектеп оқушылары арасында "Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін" атты шығармашылық сайысы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тағылымды іс-шараны белгілі журналист, алаштанушы, phD докторы Алма Сайлауқызы жүргізді.

Алаш идеясын жаңғыртқан игі іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп құттықтау сөзбен ашып берді.

«Біз ұлы тұлғаларымызды әрқашан да ұлықтауымыз керек. Олардың өмір жолдарынан  тағылым алып, жас ұрпақтың бойына дарытып, насихаттай беруіміз керек. Ұлт ұстазы Ахмет  Байтұрсынұлы өзінің саналы ғұмырында заманның қиындығына қарамастан тұтас ғылыми институттар, академиялар жасайтын дүниені жалғыз өзі жасап кетті. Тіл білімінің негізін қалады, әліпбиімізді жасады, қаламгерлігі, ғалымдылығымен қатар қайраткерлігі де ұлт тарихынан ойып орын алды. Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде тұтас адамзаттық құндылықтарды бәрінен жоғары қойды. Сондықтан да ол өміршең, ешқашан өлмейді. Биыл Ұлт ұстазының мерейтойы халықаралық деңгейде тойланды. Қаламызда көшеге, мектептерге Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліп, ескерткіштер орнатылып жатыр. Биылғы жылдың соңында Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен Анкара қаласында да Алаш арысына арнап ескерткіш бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Әрине мұндай істер құптарлық, дегенмен ең бастысы Ұлт ұстазының бізге аманаттап кеткен өсиеттерін орындауымыз қажет-ақ. Бүгінде елорда мектептері арасында өтіп жатқан өнегелі шарамыз да осы ұлы мақсатты алға қойып, өскелең ұрпақтың бойында Алаш рухын оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеп жатқаны қуантарлық жағдай. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқып, мысалдарын айтумен қатар оны осындай театрландырылған қойылым арқылы көрсету балаларға ерекше әсер қалдырып, өнеге берері сөзсіз. Бүгінгі тағылымы мол шараға сәттілік тілеймін. Қатысушылар өнерлеріңіз өрге жүзсін! Шара жоғары деңгейде өтеді деп сенемін», - деді Сәкен Есіркеп.

Жас ұрпақтың бойына рух сыйлаған шараға келген жұртқа «Шабыт» өнер университетінің 1 курс студенті, дәстүрлі әнші Айзия Өтебалы «Сәлем, Қазақстан» термесімен жыр шашты. Елорда билер кеңесінің мүшесі, батагөй қария Өтеген Айшуақұлы 100-ге жуық таланттар жиналған сайыс қатысушыларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек» демекші, сайыста М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті, Teaching professor, тарих ғылымдарының кандидаты Изатхан Медешова, Елорда билер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз, тарихшы  Қажымұрат Нәсиұлы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Айгерім Молдабаева,  Астана қалалық Білім басқармасының әдіскері Әлия Жаңабаева және «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы сынды өз саласының білгір мамандары, асыл ұстаздары мен ұлт жанашырлары әділ-қазылық етіп, Алаш аманатын арқалаған жас дарындарға әділ бағасын берді.

Келесі сөз кезегі «Білімге баулудың белсенді әдісі – ойын-саяхат, ойын-қойылым» деп бірнеше жыл бойы тарих пәнін жастардың санасына тың әдіспен тиімді сіңіріп келе жатқан бүгінгі бас төреші Изатхан Белқожақызына берілді.

«Ұлтқа жаны ашыған ұстазымыздың мерейтойына өзіндік үлес қосуға келіп отырған баршаңызға рақмет. Осындай іс-шараның бастамашысы болған «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебіне өте ризамын. Өз тәжірибемде студенттерге тарихты қойылым арқылы танытуды 2013 жылдан бастап едім. Мысалы, жылда 1-курс студенттерін тарихи орындарға апарамын, ғылыми, әдеби еңбектерді оқытамын, осының нәтижесінде зерттеу жүргіземіз. Яғни тарихи дерекке сүйеніп түрлі тақырыпта театрландырылған қойылымдар қоямыз. Бүгін міне «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру ұжымы мұрындық болып, елорда мектептері арасында осындай шығармашылық сайыстың болайын деп жатқанына қуанып отырмын. Екінші жағынан қобалжыдым... Өйткені, тарихи қойылым көрсету оңай емес. Қатысушылардың барлығы мектеп оқушылары. Олардың актерлік қабілеттері шыңдалмаған. Десе де, ең бастысы олар да жүрек бар. Егер де тарихи мәліметтерді балалар жүрегінен өткізіп, бойларына сіңірсе, оларда жасандылық болмайды.  Тарихты сахналық қойылым арқылы жеткізу өте нәтижелі дүние. Біз студенттеріміздің мемлекеттік емтиханда эссе жазған кезде байқаймыз. Оқушы өзінің алған мәліметін ертегі емес, әңгіме емес, аргумент арқылы жинайды. Яғни теориялық аргументация фактілік аргументациямен жалғасын табады. Бүгінгі жастарды аудиторияға тығып алып, ұзын-сонар лекциялар оқудың еш қажеті жоқ. Олар өткен тарихты көзбен көріп, қолымен ұстап, тануы керек», - деп Изатхан Белқожақызы өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.      

 

Айта кетейік, аталмыш шығармашылық сайыстың басты ерекшелігі - елорданың 100-ге тарта талантты мектеп оқушылары Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығынан театрландырылған қойылым көрсетті. Сайысқа  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей, Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия, Қадыр Мырза Әлі атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі, №60 мектеп-лицей, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия, Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицей, №88 мектеп-лицей, Жұмекен Нәжімеденов атындағы №93 мектеп-лицей, Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы, №24 орта мектеп, Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі қатысты. Осылайша  Ахмет бабамыздың өсиетіне адалдық танытып, Алаш мұрасын іздеуші 12 білім ордасынан келген дарынды оқушылар бүгінгі шығармашылық бәсекеде бақ сынасты.

«Бүгін еңселі елордамыздың мектептері арасында ерекше бір сайыс өткелі отыр. Бұл сайыстың басты мақсаты - ұлы ұстаз,  ұлтты рухани көтеруге көп күш жұмсаған Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық бағыттағы мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ана тілін, ұлттық құндылығын құрметтеуге тәрбиелеу. Айта кетерлігі, Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық болмысын ашуда мұндай сахналық қойылымдарға негізделген шығармашылық сайыстар жоғымызды түгендеп, жас ұрпаққа өткенімізді танытары сөзсіз», - деп атап өтті шара ұйымдастырушысы, «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Сәттарқызы.

Сайысқа оқушыларын қуана-қуана қатыстыруға ниет білдірген жаңашыл ұстаздар «Қаламызда бұрын-соңды мұндай шығармашылық сайыс өткізілмегенін алға тартып, ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын білдірді.

Аталмыш сайыс 2 бөлімді қамтыды.

1-бөлім: «Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет» атты сахналық қойылым деп аталды. 100-ге жуық таланттар жиналып, бақ сынасқан шығармашылық сайыста барлық мектептен жиналған оқушылар А.Байтұрсынұлының шығармаларынан (мысал (аударма), мақала, публицистік туынды, өлең) өздеріне ұнаған туындыны таңдап, қойылым қойды. Қойылым А.Байтұрсынұлының өмірлік мақсатын, ұстанымын, көзқарасын, сіңірген еңбегін ашып көрсетуге бағытталды. Қазылар алқасы тақырыптың өзектілігі, актерлік шеберлігі, сахналық образ, дикция, т.с.с. критерийлер бойынша жас таланттарды бағалап, әділ төрешілік етті.

2-бөлім: «Ұлт ұстазына хат» деп аталды. Сайысқа қатысушы оқушылар 1-бөлімдегі көтерілген жайттың маңызы мен бүгінгі замандағы көрінісі туралы монолог оқып, Ұлт ұстазына толғанысқа толы хат жолдады. Хатта қазіргі қоғамды алаңдатқан мәселелерді көтеріп, тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағы ретінде болашаққа қатысты өз ұсыныстары мен мақсаттарын жеткізді. Қазылар алқасы монологты креатив, алдыңғы қойылыммен байланыстылығы, ұсыныстың өзектілігі, т.с.с. критерийлер бойынша бағалады.

Тағылымды да тартысты өткен сайыста қазылар алқасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жеңімпаздарды анықтап, жүлдегерлерді белгілі суретші Гүлназым Өмірзақтың ұлттық нақыштағы картиналарымен және ағаш шеберлеріне арнайы жасатқан қазақи кубоктармен, дипломдармен және алғысхаттармен марапаттады.

Бас жүлдені Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы қанжығасына байлады.

I орынды Жұмекен Нәжімеденов атындағы №93 мектеп-лицейі иеленді.

II орын Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейге бұйырды.

Ал III орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі алды.

Көрермендердің жүрегінен орын тапқан Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясы «Көрермен көзайымы» арнаулы номинациясымен марапатталды.

Сонымен қатар шығармашылық сайысқа қатысқан 100-ге оқушылардың барлығына алғыс хаттар табысталып, командаларына кітаптар салынған «Қазақша сөйлейік» экошоперлері тарту етілді.

Сондай-ақ ұрпаққа Алаш идеясын насихаттап, осындай өнегелі шараға дайындаған ұстаздар да марапаттан тыс қалмады. «Үздік ұстаз» номинациясын №24 орта мектептің мұғалімі Жанел Тынымбайқызы Калманова марапатталды.

Қалған ұстаздардың барлығы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының арнаулы алғыс хаттарына ие болды.

Шара соңында қатысушылар шығармашылық сайыстың әділ әрі ашық өткенін атап өтіп,  ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді және алдағы уақытта мұндай игі бастамалар жалғасын тапса деген тілектерін жеткізді.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket