«Біз қылмыскер емеспіз»: экс-министр Біртанов сотта қорытынды сөз сөйледі

2870
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот тергеуі аяқталып, олар қорытынды сөз сөйледі, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталған процесс «Zoom» платформасында онлайн режимде өтті. Онда алғаш болып сөз алған экс-денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өзіне тағылған айыптардың дәйексіз екенін алға тартып, толық ақтауды сұрады.

«Құрметті сот және аталған процеске қатысушылар! Мен бұрын айтқанымдай, өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Мені ата-анам әрқашан заңға бағынуға үйретті. Бұл менің отбасымның негізгі тәрбие өзегі болды.

Тергеу барысында барлық сұрақтарға нақты әрі анық жауап бере білдім. Маған тағылған айыптар ойдан шығарылған, дәлелсіз және олар Қаржылық мониторинг агенттігінің қиялынан туған. Біздің прокурорлар да шындыққа келгенде соқыр, саңырау. Айыптаушы жақтың ІТ технологиялардан хабары жоқ. Прокуратура іс қозғалып отырған электронды платформаның қалай жұмыс істейтінін де білмейді.

Мен өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеу үшін соңына дейін барамын және мені толық ақтауды сұраймын», – деді Олжас Әбішев.

Келесі болып қорытынды сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы Елжан Біртанов бұған дейінгі сот отырыстарында өзінің кінәсіздігін айғақтайтын нақты дәлелдер ұсынғанын атап өтті.

«Сот тергеуі күрделі әрі күйзеліс жағдайында өткенімен, біз бұл істің ақтық кезеңіне жетіп отырмыз. Осы кезге дейін барлық дәлелдерді ұсындық, куәгерлерді тыңдадық, айыптау актісін де естідік. Оның нәтижесінде мемлекеттік айыптаушы орган маған және Олжас Әбішевке тағылған кінәні дәлелдей алмағанын көрдік. Біздің жалғыз қылмысымыз – жақсы мемлекеттік қызметкер болуға талпынған ниетіміз деп білемін.

Электронды платформаның бар екені, ақшаның қайда жұмсалғаны анық. Жағдайдың қалай өрбігені де баршаға айқын. Санитарлық авиация бойынша да солай. Мен ойымша, жеткілікті дәлелдер келтірдім және бұл істе мен ешқандай жеке бастың пайдасын көздемедім.

Құрметті сот, кеңесу бөлмесінде сіз біздің тарап ұсынған барлық дәлелдерді саралап, мемлекеттік айыптаушы тарап таққан заңсыз дәйектерді объективті түрде бағалап, мені және Олжас Әбішевті кінәсіз деп танисыз деп үміттенемін. Біз қылмыскер емеспіз, заңды бұзған жоқпыз», – деп сөзін түйіндеді Елжан Біртанов.

Судьяның айтуынша, сот үкімі шығатын уақыт алдын ала белгіленіп, оған айыпталушылар мен айыптаушы орган тарапынан 8 адам шақырылады. Ол процесс офлайн режимде өтетін болады.

Еске сала кетсек, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке «Ericsson Nicola Tesla» компаниясының қызметін қолдану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылған.

Пікірлер