ҚР Президенттігіне үміткерлердің республикалық штабы ашылып, ел ішінде үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Қасым-Жомарт Тоқаев, Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев, Салтанат Тұрсынбекова, Мейрам Қажыкен, Қарақат Әбден сынды 6 үміткер сайлау науқанындағы нақты қадамдарын талқылады. Сонымен қатар, үміткерлер кампания алдында тұрған мақсат-міндеттерді белгіледі. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады.
21 қазан сағат 18.00-де ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат науқанына кірісті. Халықтық коалицияның белсенділері еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат баспа өнімдерін тарату және ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерге жариялауды бастады.
Ертең Республикалық қоғамдық штабтың алғашқы отырысы өтеді. Сонымен қатар, келесі аптадан бастап РҚШ мүшелері сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға барады.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
«Менің сайлауалды бағдарламам біздің басты ұлттық артықшылықтарымыз – дала демократиясы қағидаттарын; жоғары рухани-адами мәдениетті; күшті аграрлық саланы және мықты өңірлерді барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған», – деді кандидат Жигули Дайрабаев.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды штабын ашу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жиыны өтті. Сайлауалды штабтың жетекшісі қызметіне ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов сайланды.
«Өкінішке қарай, аумақтың сайлау комиссиялары жиналған қолдың бір бөлігін түрлі сылтаумен кері қайтарды. Бұған қарамастан біз заңнамада белгіленген көлемді артығымен жинадық», – деп хабарлады Сайлауалды штаб жетекшісі Асхат Рахымжанов.
ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова өз штабымен бірге статус-квоны, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарларды талқылады.
Салтанат Тұрсынбекова күштерді әділдік пен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге, балаларды, әйелдерді, қарттарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау мен қолдаудың тиімді және нақты тетігін құруға бағыттамақ. Құжатта үш негізгі бағыт анықталған: отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды дамыту.
Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкеннің өзінің сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары туралы айтып берді. Бағдарламаның басты фокусы – жасы, жынысы, ұлты, діні мен әлеуметтік мәртебесіне тәуелсіз Адам болып cаналады.
"Азаматтық қоғамның дамуына, оның ішінде кәсіподақ мүдделерін көрсететін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы диалог ықпал етеді. Біз заңнамалық деңгейде тараптар диалогын қолдану аясын кеңейтуге, сол арқылы әлеуметтік әріптестік институтын жетілдіруге ниеттіміз", - деді М.Қажыкен.
20 20 қазан күні ҚР Президенттігіне кандидат Қ. Әбден штабының бірінші отырысы өтті. Онда өңірлердегі үгіт-насихат науқанының бағдарламасы, іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ, қатысушылар әр аймаққа саяхат жоспарын, кандидат бағдарламасын егжей-тегжейлі талқылады.
"Адырна" ұлттық порталы