«Кублей» консерві зауытына қауіп төнді

3831
Adyrna.kz Telegram

БҚО-до орналасқан «Кублей» консерві зауыты Қазақстандағы ең ірі өндіріс орындары сапында. Зауытта үш ауысымда 700-ден астам адам еңбек етеді. «Кублей» тәулігіне 600 мың банка өнім шығарады екен. Бұл Қазақстан нарығындағы консервілердің 65 пайызымен тең. Яғни, аталған өндіріс тұраласа халықтың басым бөлігіне қиын болғалы тұр. Өйткені, зауыттан күнделікті шығатын 600 мың банканың орны ойсырап қалады. Осы мәселені көтерген «Кублей» ЖШС өкілдері дабыл қағып, Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында БАҚ өкілдеріне жиын өткізді.

Даудың басы Орал қаласында орналасқан «Кублей» ЖШС қарасты зауыт жанынан бір жергілікті кәсіпкер жер сатып алғанынан басталған. Алғашында өндірістік бағытқа арналған жер әп сәтте тұрғын үй құрылысына айналып шыға келген. Жер сатып алған кәсіпкер зауыт шекарасынан нәбәрі 50 метр жерден көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастап жіберген. Ертең мұның соңы үлкен дауға, тіпті, зауыттың тоқтап қалуына апаратынын бағамдаған «Кублей» басшылығы «мәселенің алдын алсақ» деп отыр.

«Құқық қорғау орындары жұмыс істемей отыр. Бізде рекреациялық, өндірістік аймақтың дені тұрғын үйге беріліп кеткен. Орал қаласындағы экологтар, активистер шырылдап жатса да оны ешкімнің естігісі келмейді. Бұл мәселеге ең бірінші ҚР Президенті, Үкімет басшысы құлақ аспаса қиын болғалы тұр», – деді жер құқықтары бойынша білікті заңгер Бақытжан Базарбек.

Зауыт өкілдері өндіріс тұраласа, жабылса қаншама адам жұмыссыз қалатынын айтып отыр.

«Бүкіл Қазақстан «Кублейдің» консервісін жейді. Әрине жағдайы бар, бай адамдар консерві тұтынбайды. «Кублейдің» негізгі тұтынушысы жағдайы төмен және орташа отбасылар. Зауыт ауылшаруашылығы саласының дамуына да үлес қосып отыр. 3000 мың фермермен жұмыс істейді, солардан ет алады. Әр фермада 5 адамнан жұмыс істейді десек, зауыт тұраласа 15 мың, зауытта істейтін 700, жалпы, 15 700 адам жұмыссыз қалады. Мұны ойлап отырған кім бар? 15 700 адамның артында бір-бір отбасы тұр оларды кім асырайды? Кім жұмыс тауып береді. «Кублей» нарықтан кетсе ол шығарған өнімнің орнын кім толтырады. Ертең баға шарықтап кетпейтініне кім кепіл?!», – деді тұтынушылар коалициясының өкілі Мұрат Әбенов.

Спикерлер Қаланың бас жоспары бойынша жұмыс жүргізілсе, мәселе оңтайлы шешілетінін айтады. Қандай болған жағдайда да зауыт жанынан тұрғын үй салу, ол жүрде тұру ақылға қонымсыз іспетті. Бір жағы өзі аз өндіріс орындарының жабылуына билік те, халық та жол бере қоймас.

Пікірлер