АҚБЕРЕН ЕЛГЕЗЕК: Өзгеден бірдеңе талап ету үшін әуелі өзімізден бастайықшы

5562
Adyrna.kz Telegram
Фото: Malim.kz
Фото: Malim.kz

Марқұм шешем “сенің тілің орысша шыққан” дейтін. Заман сондай болды ғой. Әке-шешем сол кездегі астана - Алматыда тұрды. Мен балабақшада болдым, үйге орысша шүлдірлеп келем деген сияқты. Анам кейін мені орыс мектебіне берді. Қазіргі Абай облысына қарасты Үржарда орыс, неміс, грек сияқты орыстілді ұлттың өкілдері тым көп болатын. Мен солардың арасында өстім. Көп дүниені орыс тілінде оқыдым, рас, қазір де әлем әдебиетін, ғалам жаңалықтарын, ғылыми-танымдық басқа да күрделі мәтіндерді мен орыс тілінде оқимын. Себебі көп дүние қазақ тіліне аударылып үлгірмей жатыр. Былайша айтқанда кез келген орыстілді адаммен сағаттап пікірлесіп, полемика жүргізуге қауқарым бар.

Бірақ! Мен орыс тілін білгенімді ешқашан ешкімге мынау “менің артықшылығым, керемет дамып кеткендігім” деп көрсетпеймін. Бұл мен үшін бар болғаны адамзат білімінен сусындауға мүмкіндік беретін құрал ғана. Мен әлі бұйыртса, ағылшын тілін де меңгерермін, ғұмыр берсе басқа да тілдерде де сөйлермін. Оның бәрі тек мүмкіндік болады мен үшін.

Ал менің Баба тілім - Қазақ тілі секілді көркем, құнарлы, астарлы, данышпан тілді мен іздесем таппаспын. Мен мұны пафоспен айтып тұрғам жоқ. Салқынқанды, бір нәрсені білетін, өз сөзіне сенімді адам ретінде айтып тұрмын. Өйткені мен үшін бұл кәдімгі заңды факт. Ал біздің кейбір ағайын орыс тілін дұрыс меңгермей жатып, оның заңдылықтарын толық білмей тұрып, ауызы қисайып, тілін бұрап әрең сөйлеп тұрады? Қате сөйлейді көбісі. Ол адамның қазақы ортада өніп, қазақ тілінің барлық шырынынан сусындап өскені біліп-сезіп тұрасың. Ал ол орысша және қате-қате сөйлей бастағанда өзің қарадай қысыласың. Не сән бұл?! Он қазақ отырған жерде қандай қажеттілік туып тұр бұлай сайқымазақтануына оған?! Ұқпаймын осыны. Өз анасын ертіп кеп, бұл сенің анаң десе, жоқ менің анам тетя Валя деп тұрған сияқты тура. Оңтүстікше айтқанда осындай “тәлпіштікті” қою керек қой. Қажеттілік болмаса, өзіңді несіне қинайды дейсің?!

Демек орысша сөйлесем білімді, заманға сай озық көрінем дейді-ау.  Санаңда, жүйке-жұлыныңда, әрбір жасушаңда сұлу да ғаламат қазақ тілі төгіліп, ағылып жатқанда, басқаның қаңсығынан қандай ләззат алуға болады?!  Өзгеден бірдеңе талап ету үшін әуелі өзімізден бастайықшы.

Ақберен Елгезек,

Facebook парақшасынан

Пікірлер