Әлтаевтың әрекеті - Президент болатын адамның әрекеті емес! - қоғам белсендісі Майра Төлеу-Бегім

2370
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсендісі Майра Төлеу-Бегім Президенттікке үміткер Нұржан Әлтаевтың "Азаттық радиосы" эфирінде көрсеткен қылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тосын жайтқа тосырқаған қоғам белсендісі бұл туралы:

- Нұржан Әлтаевтың "Азаттықта" әбестік көрсеткеніне қатысты өз пайымымды білдіргім келеді. Білдей бір елдің "өрмелеп барып шыңына - шамшырақ болып жағыламын" дейтін азаматының, сайып келгенде, Президент боламын деген азаматының қойылған сұраққа шыдамай шорт сынуы - дұрыс емес. Бұл әрекеті Президент боламын деген адамға ғана емес, ер-азаматқа тән емес оғаш әрекет. Мен Нұржан Әлтаевтың неден шала бүлінгенін түсініп отырмын. Ол Қазақстан оппозиция коалициясынан келген хат дегеннің болмағанын айтты. Алтыншы қазан күні болған жиынның заңсыз екенін Нұржан жақсы біліп отыр. Себебі, "Мұқалмастың" заңнамасына сәйкес, жиын шақырудың өз реті бар. Ресми жерге дауыс беруге құқықтары бар ма, жоқ па, ол заңнамада көрсетілмеген. Жиынға 16 аймақ өкілдерінің 13-і қарсы болғанын көргенде оның жүйкесі сыр берді. Мемлекеттегі биік лауазымнан үмітті азаматқа мұндай әрекет, тіптен, дұрыс емес. Ол бұған дейін де жоғары лауазымдарды иеленді, көптеген жұмсақ креслоларда отырды. Нұржанның ел алдына шығып сөйлей алмайтындығы, тосыннан қойылған сұраққа жауап бере алмайтындығы белгілі ғой, - деді.

Сонымен қатар, қоғам белсендісі сайлауға түсуші Әлтаевтың жақтастарына ескерту жасап, эфир этикасы, журналист қызметі жайында сөз қозғады.

- Қазір көбісі "Азаттық радиосы" журналисін өзіне икемді сұрақтар қойды деп айыптап жатыр екен. Ел алдына шығатын азаматқа оңай, жүрегіне жылу ұялататын сұрақтар қойылмайды. Өткір сұрақтар қойылады. Арнаның микрофонын лақтырып, қолын сермеп, эфирді тастап кетуі - барып тұрған әбестік. Маған Нұржан Әлтаевты қолдайтын топтар да күмәнді. Мен оның Президенттік сайлауға түсуіне үзілді-кесілді қарсымын! - деп сөзін түйіндеді Майра Төлеу-Бегім.

Естеріңізге сала кетейік, Нұржан Әлтаев тікелей эфир кезінде журналист сауалын ұнатпай микрофонын жұлқа лақтырып,  Азаттық студиясынан шығып кеткен еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер