Нұржігітовке Кенесары ханнан күйеу баласы маңызды болып тұр

2983
Adyrna.kz Telegram
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданында Кенесары ханның ескерткішіне қатысты дау 2-3 жылдан бері көтеріліп келеді. Жергілікті тұрғындар өз қаржысына орнатқан ескерткішті жергілікті билік жарамсыз деп тауып, тұрған жерінен алып тастаған болатын. Асқар Мырзахметовтың кезінде басталған дау Сапарбаевтың кезінде де шешімін таппай жаңа әкім Нұржан Нұржігітовтің қарауына өтіп тұр.

Кенесары ханның ескерткіші жыр болғанда облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев жалпы құны 500-600 млн теңгеге «Қазақ еліне мың алғыс» және «Біз біргеміз» деген монументін ашса, Нұржан Нұржігітов Дінмұхамед Қонаевқа еңселі ескерткіші орнатып тастады. Бір қызығы Хан Кенеге келгенде жергілікті билікті тас жүрегі жібімей-ақ қойды. Осындайда «Айбыны асқақ Кенесары ханнан коммунисттік партияның өкілі Дінмұхамед Қонаев артық па?» деген заңды сұрақ туындайды? Жоқ әлде билік әлі күнге дейін «Хан Кененің ескертішін орнатсақ, Ресейді ренжітіп аламыз» деп қорқа ма?

Ал Кенесары ханның ескерткішін салып жатқан халықтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі мүсінді қоюға рұқсат бермей отырған көрінеді. Орталық коммуникациялар алаңында Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітоваға «Хан Кененің ескерткішін қарауды комитет неге созып жіберді? Биылғы Кенесары ханның 220 жылдығына дейін ескерткішті орнатуға рұқсат бересіздер ме?» деп сұрақ қойдық.

«Жаңа ескерткішті орнатудың өзінің ережесі бар. Ол ережеге сәйкес жергілікті атқарушы органның ұсынысы екі кезеңде қаралады. Бірінші кезеңде ескерткіштің идеясын қолдау және министрліктің жанынан құрылған комиссия идея қолдау тапқаннан кейін орнатылатын ескерткішті көркемдік жағынан қарастыру үшін мүсіннің кішкене формасын комиссияның қарауына өткізеді. Комиссия қарағаннан кейін өзінің ескертпелерін беріп немесе ескертпесіз мақұлданған жағдайда ғана орнатуға рұқсат береді. Сондықтан мен бұл мәселені нақты айта алмаймын. Бірақ егер осы процедура дұрыс ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органнан ұсыныс түсіп жатса, биылғы жылы түскен ұсыныстар жылдың аяғына дейін қарастырылып, мақұлданатын болады немесе қолдау таппаған жағдайда оның себебі айтылып, жауабы жолданады», – деді ол.

Сондай-ақ Күміс Сейітоваға «Кенесарының 220 жылдығына орай Мәдениет комитеті неге ауқымды іс-шара ұйымдастырмады?» деген сұрақ қойдық.

«Бізде қолданыстағы Үкіметтің қаулысы бар. Ол қаулығы сәйкес ауқымды республикалық деңгейдегі шара 100 жылдық және әр 25 жыл сайын аталып өтіледі. Сондықтан 225 жылдығы қолданыстағы заңнама аясында аталып өтіледі. Сонымен қатар Кенесары ханымыздың елімізге қосар үлесін ескере отырып әр өңірде осы мәселеге байланысты ауқымды іс-шаралар өткізіліп отыр», – деп жауап берді.

Негізі Хан Кененің ескерткіш орнатуға Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітов пен Меркі ауданы әкімі Жорабек Баубеков мүдделі болуы керек еді. Егер жергілікті билік тарапынан ниет болса, оны Мәдениет министрлігі бірден мақұлдайды. Әйтсе де Нұржан Нұржігітовты Кенесары ханның ескерткішінен гөрі, туған күйеу баласының мәселесі қатты алаңдатып жүрсе керек. Әлеуметтік желі белсенділері облыс әкімінің туған күйеубаласы Сұлтан Мараттың Қордай ауданы әкімдігінің Спорт және денешынықтыру бөліміне басшы болып тағайындалғанын жазып жатыр. Бір сөзбен айтқанда Нұржан Молдиярұлына Кенесары ханның ескерткішінен қарағанда күйеу баласының мәселесі маңызды болып тұр.

Серік Жолдасбай

Пікірлер